Карантиндегі Ұлыбритания
Карантиндегі Ұлыбритания
244
оқылды
27-мамыр күнгі статистикаға қарасақ: Ұлыбританиядағы COVID-19 вирусымен ауырғандардың  жалпы саны 267,240 жетсе, көз жұмғандар  37,460 құрап отыр. Ұлыбритания еліндегі пандемияның басталуына қысқаша тоқтап кетсем. 23-ші наурыз күні Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон: «Бүгін кештен бастап мен  Британ халқына өте қарапайым ғана «Әркім үйде қалуы тиіс», - қағидатты ұсынамын», - деп жариялаған болатын. Дәл сол күннен бастап бұл мемлекетте: “Stay at Home, Protect the NHS, Save Lives”, яғни, “Үйде қал, Ұлттық Денсаулық Қызметін қорға, Өмірлерді сақтап қал”- деген ұранмен өмір сүрді десек болады. Борис Джонсон Карантин жарияланған сәттен бастап алғашқы аптада дамыған мемлекет деген атқа ие Ұлыбританияның өзінде біраз абыр-сабырға түскені рас. Шыны керек, мен әлі күнге дейін неге жұрттың ең алдымен дәретхана қағазын талап алғанын түсіне алар емеспін. Сол алғашқы аптада халық жаппай азық-түлік алуға кірісті. Антисептикалық заттарды қорабымен сатып ала бастады. Сол себепті көптеген супермаркеттерде әрбір заттан ең көп дегенде 4 дана ғана алатын етіп жаңа ереже енгізе бастады. Бірақ ең бастысы азық-түлік бағасына еш өзгеріс енген жоқ.  Сол баяғы бағалар қалпында қалды.  Алайда бұл дақпырт көпке созылған жоқ.  Бір аптадан соң халық тынышталды. Қазір жалпы халықтық көңіл-күйінде ешбір алаңдаушылық пен дақпыртты байқамайсыз. Мен үшін өте қызық бір жайт бар. Осы мемлекетте вирус шыққан алғашқы күннен бастап сақтық шарасына қатаң кірісіп кеткен негізінен мигранттар болды. Көшеде маска киіп жүру, қолға қолғап деген сияқты заттарды көбінесе мигранттар қолдана бастады. Ал көшеде маскамен жүрген шетелдікке жергілікті халық үрке қарап, жандарынан шошып өтіп жүрді.  Мен өзім маскасыз, қолғапсыз жүрген олардан қашыңқырап жүрсем, олар менен қашып жүрген қызықтар болды. Негізінен, күні бүгінге дейін көшеде маскамен жүрген жергілікті халықты аз кездестіресіз. Міне, сол 23-ші наурыздан бастап екі айдан астам уақыт Ұлыбритания халқы өте қажет болмаған жағдайда үйден шығудан тыйылды. Атап айтсақ: тек қажетті заттар үшін дүкенге бару, өзің жалғыз немесе бірге тұратын адамдармен күніне бір рет спортпен шұғылдану, медициналық көмек үшін шығу, үйден жұмыс істеу мүмкін болмаған жағдайда жұмысқа бару. Жалпы, атап өтетін тағы бір жайт бар. Ұлыбритания халқы заң мен ережені өте қатаң сақтайды. Яғни, бір ереже бекітілді ме, қатаң сақтауға бейім келеді десек те болады. Мысалы, жаңағы 23-ші наурыз күні кешке қарай өз басым маркеттен келе жатып таң қалдым. Көшеде күнде зулайтын көліктер жоқ. Тым-тырыс. Бір апта өткен соң Борис ағамыз әрбір үйдің тұрғынына жеке хат жолдады. “Үйден шықпаңыз” деген. Әрине, Ұлыбританияда хат пен пошта жұмысы ең алдыңғы қатарда. Көптеген шаруаның барлығы хат арқылы шешілетінін әлем біледі. Десе де, әрбір үйге келген жоғарыда атап өткен премьер-министрдің хаты да өз әсерін тигізбей қоймады. Сонымен қатар жергілікті әкімдік те толық ақпаратпен қамтамасыз етілген жәнеде жаңа ереже жазылған ақпараттық кітапшаны пошта жәшігіңізге салып кетеді. Міне, осындай жалпы жүйелі жұмыс атқарылды. Ал 10 мамыр күні жоғарыда атап өткен “Үйде қал” ұраны «Абай бол, Вирусты қадағала, Өмірді сақта»” – деген ұрандармен ауысты. үйде бол Бұл дегеніміз карантин режимі біршама жеңілдеді. Осы күннен бастап қалағаныңызша далаға шыға бересіз, қалағаныңызша спортпен айналыса бересіз, басқа үйдің тұрғындарымен де кездесе аласыз, тек қана ара қашықтықты сақтау қажет болды. Әрбір адам екі метрлік ара қашықтықта қарым-қатынас жасауы керек деп белгіленді. Тек қана үйіңе қонақ шақыру әлі де рұқсат етілмеді. Келесі кезең  бірінші маусымнан басталады. Мектептер ашылады деп жоспарлануда. Оның ішінде тек қана дайындық, бірінші және алтыншы сынып оқуды жалғастырады деп отыр. Қалған сыныптар тек қана келесі оқу жылында келеді. Осы жерде жалпы карантин кезінде мектептер не істеді деген сұрақ туындайды. Ұлыбританияның білім жүйесі кез-келген ел қызығатындай ретке қойылып қойғандығы баршаға мәлім. Енді мынадай қиын қыстау кезінде де мектептер еш саспады. Әрбір мектеп өзіндегі ресурстарға қарай оқу жүйесін реттеді. Атап айтсақ, мұнда кейбір мектептер онлайн оқу жүйесіне көшті. Кейбір мектептер тек қана өткен тақырыптарды қайталаумен шектелді. Кейбір мектептер аз балалармен кезектесіп, дәстүрлі оқу жүйесіне көшті. Мұндағы басты мақсат: ата-ана мен оқушыға қиындық түсірмеу. Яғни, онлайн оқуға балалардың түгелдей мүмкіндігі болған жағдайда, мектеп ұстаздарының онлайн оқытуға шамасы келетін жағдайда, онлайн оқыту әдістемелері бар болған жағдайдағы мектептер онлайн оқуын жалғастырды. Ал бірашама мектептер тек қана үйге қайталау тапсырмаларын беріп, оқушылармен электронды пошта арқылы байланыста болды. Сондай-ақ осы жерде айта кететін тағы бір нәрсе бар. Көптеген мектепте, кэй уоркерс, яғни негізгі қызметкерлер: медицина қызметкерлері, полицейлер немесе әкімшіліктегі негізгі қызметкерлердің балалары мектепке баруларын тоқтатқан жоқ. Сақтық шаралары қатаң сақтай отырып, ондай қызметкерлердің балалары мектептегі оқуларын жалғастыра берді. Себебі ата-анасы қызметін ақсата алмайды, ал балаларын қалдыратын жер жоқ. Ал соңғы кезең он бесінші маусымнан кейін көпшілік орындардың көбісі ашылып, халық қалыпты өміріне оралады деген жоспар бар. Әрине, тарихы терең  Ұлыбританияның мұндай күтпеген жағдайларда жұмыс істеу деңгейі де бөлек екені айтпаса да түсінікті. Алайда бұл мемлекетте де барлығы керемет деп айтуға болмайды. Қазіргі таңда миллиондаған жұмыссыздар пайда болды. Шағын бизнес иелері де өз наразылықтарын білдіруде. Көптеген бизнес иелері мемлекеттік қолдаудың тым аздығын айтып, жар салуда. Ал осы кезеңде шағын бизнесті қолдау қалай жүзеге асты дейтін болсақ; Британия мемлекеті әрбір кәсіпкердің төлеген жылдық салығына қарап, сол бойынша айлық табысын есептеп, табысының елу пайызын мемлекет бюджетінен төлеп отыр. Әрине, кәсіпкерлер елу пайыз болғандығы үшін де көбісі риза емес. Ал  жұмысынан айрылған адамдардың жалақысының 80 пайызын мемлекет төлесе, 20 пайызы компания тарапынан төленіп отыр. Қазіргі таңда Ұлыбритания үкіметі шағын бизнес пен жұмыссыздарды қолдау мақсатына (OBR – Office for Budget Responsibility айтуы бойынша) 123 миллион фунт стерлинг шамасында қаржы жұмсаған.

Гүлшекер Хуанбай