Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласында болған оқиғамен танысу үшін Түркістан облысына ұшып барды. Президент оқиға орын алған бетте Қорғаныс, Ішкі істер министрлеріне және Түркістан облысының әкіміне Арыстағы жарылыстың зардаптарын жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және жарылыстың себептерін анықтауды тапсырған болатын.
Кенеттен елдің басына түскен мына жағдай оңай емес. Сын сағатта сабырлы болу, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, ең бастысы, азаматтардың амандығын сақтау – маңызды мәселе. Осы ретте Мемлекет басшысының шешімтал әрекеті құптарлық.
Айтайын дегеніміз не? Құзырлы органдар жедел қимылдау жағынан уақыт жоғалтқаны анық. Бірақ Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің ширақтығы бірталай мемлекеттік мекеменің оралымсыздығын жуып-шайып жібергенін айту керек.
Қорғаныс саласында былық пен шылық онсыз да аз емес еді. Мемлекеттің мықтылығы қорғаныс саласына тікелей байланысты. Қорғанысың әлсіз болса, қор болғаның. Осыны ұғыну қиын ба?
Қазаққа қорған болады деген қорғаныс саласы осындай болғанда, басқа не сұрайсыз?
Атырауда «Шеврон» деген компания бар. Қауіпсіздік шараларын қалай жүргізуді солардан үйрену керек. Мұнда кез келген көлікке – ұшаққа, автобусқа, жеңіл көлікке мінетін болсаңыз: қауіпсіздік белдігін тағынбайынша, ешқайсысы орнынан қозғалмайды; компанияға қарасты территория ішінде көліктер тек белгіленген жылдамдықпен ғана жүреді, барлық жерде қатаң тәртіп. Осының бәрі не үшін? Жұмысшылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін жасалған әрекет.
Қазақстан бойынша дәл осы «Шеврон» компаниясының қауіпсіздік ережесін енгізу қажет секілді. Бірінші кезекте әр азамат өзіне өзі қорған болуы қажет. Қауіпсіздік пен сақтық шарасын қатаңдатқаннан ешкім ұтылмайды. Қазіргідей жолда шамадан асқан жылдамдықпен жүру, көлікті қалай болса, солай айдау, жол ережелерін қасақана бұзу дегеннің бәріне тосқауыл жасамасақ, халқымыз қайғы-қасіреттен көз ашпауы мүмкін...
Жапонияда жер сілкінісі жиі болады. Соған байланысты бұл елдің халқы кез келген тосын жағдайға дайын. Еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін түрлі апат-күлпаттар кезінде қандай әрекет жасауды біледі. Біз құсап бейқамдыққа салынбайды.
Ұшақпен жиі ұшамыз. Сонда қауіпсіздік ережелерін хабарлап жатқанда жолаушылардың көбісі еш мән бермей, басқа жаққа қарап отырады. Өз амандығымызға
деген салғырттықтың ең үлкен көрінісі – осы. Солай емес пе?!.