Мәскеудегі Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбург қорғаныс министрлігімен бірлесіп жасалған коронавирусқа қарсы вакцина екі жылдан астам уақыт қорғайтынын айтты. Бұл жайында ол "Красная звезда" газетіне берген сұхбатында хабарлады, - деп жазады РИА Новости.
Препарат вирустың "корона" ақуызын кодтайтын тұқымды жеткізу үшін аденовирустық контейнер пайдаланады. Оны екі рет енгізеді. Бір ген түрлі тасымалдаушы арқылы салынады, бұл ұзақ уақытқа қорғаныс иммунитетін қалыптастыруға мүмкіндік береді деп түсіндірді Гинцбург.
Оның айтуынша, күшейтілген нұсқадағы вакцинаны алған адам коронавирус инфекциясын кем дегенде екі жыл, тіпті одан да ұзақ уақытқа дейін жұқтырмауы мүмкін.
Гинцбург препараттың мұндай ұзақ уақыт әсері болатыны африкалық Гвинеяда эбола вирусына қарсы вакцинаны әзірлеу кезінде дәлелденгенін айтты. Бұл жұмысты Гамалея атындағы ұлттық зерттеу орталығы Ресейдің қорғаныс министрлігіне қарасты медициналық мекемелермен бірлесіп жүргізген.
Препараттың қажетті мөлшері туралы айта келе, ол Ресей халқын коронавирустан жаппай вакцинациялау үшін жетпіс миллион дозаға дейін шығару керек болатынын айтты.
Ел басшылығы мен денсаулық сақтау ұйымдары өндірісті ұлғайту процесін жолға қою бойынша шаралар қабылдап жатыр.
Сонымен қатар, академик шетелдік медицина ұйымдарының вакцина әзірлеу технологиясымен бөлісуге асықпай отырғанына қынжылды.
Ғылыми-зерттеу орталығы мен қорғаныс министрлігі әзірлеген вакцинаны клиникалық сынақтан өткізу 18 маусымда Бурденко атындағы емханада басталды. Вакцинаны салдыруға 18 ерікті келісті. Сныақты шілденің соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.