Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатуға өзі өтініш бергенін айтты
Біртанов Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатуға өзі өтініш бергенін айтты
© сурет интернеттен алынды
235
оқылды
Елжан Біртанов Мемлекет басшысына Денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатуға өзі өтініш бергенін хабарлады. «Құрметті әріптестер мен достар! Бүгін мен Мемлекет басшысынан денсаулық сақтау министрі лауазымынан босатуды сұрадым. Өкінішке қарай, коронавирус инфекциясын жұқтырып алғаннан кейін ауру күрделі пневмонияға ұласып, қосымша ем-дом қабылдау қажеттігі туды», - деп жазды экс-министр Facebook-тегі парақшасында. Оның айтуынша, қазіргі таңда елдегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне байланысты саланы толыққанды басшы басқаруы керек. «Министрлік деңгейінде де, аймақтар деңгейінде де солай есептеймін. Біздің денсаулық сақтау жүйесі түскен жүктемені еңсеретініне сенімдімін. Оған уақыт және әрбіріміздің күш-жігеріміз керек. Өз әріптестерімнің бәріне денсаулық пен табандылық тілеймін», - дейді Елжан Біртанов. Сөз соңында Елжан Біртанов Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік беріп, сенім білдірген Мемлекет басшысына алғысын айтты. Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау министр болып Алексей Цой тағайындалды.