Мәжіліс депутаты Ирина Аронованың Қостанай облысындағы Қарабалық ауданына жұмыс сапары аясында жаңа орталықтың тұсауы кесілді.
– Бастысы, жастардың жаңаша білім алып, оны дұрыс пайдалана білуде. Технологиялардың келешегі зор. Сондықтан инновациялық білім алуға мүмкіндік жасау – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» жобасының шеңберінде қазір елімізде кітапханалар осындай уақыт талабына сай білім орталықтарына айналдырылып, тиісінше жабдықталып, электронды үлгіге көшірілуде, – дейді Мәжіліс депутаты Ирина Аронова.
Мұнда түрлі әдебиеттермен, оқу құралдарымен қатар, кез келген ақпаратты онлайн режимде алуға мүмкіндік жасалған. Орталық интернет желісімен, цифрлы технологиялармен, қажетті жиһаздармен толықтай қамтамасыз етілген. Орталыққа келушілер қажетті ақпарат алып қана қоймай, өзара ой-пікір, тәжірибе алмасуға, шығармашылық еңбекпен айналысуға мүмкіндік алады.
– Кітапхана жүйесі қайта жаңғыртылуда. Халықпен жұмыс істеуге басымдық беріледі. Тіпті оқырманның өзі өзгеріп, білімді адамдар саны арта түседі. Осындай коуоркинг орталықтардың кітапханада ашылып, түрлі қызметтерді жаңа жүйеде ұсыну цифрландыруға қарай жасаған кезекті қадам деп білуіміз керек, – дейді кітапхана қызметкері Үміт Ғалеева.
Орталық кітаптың, түрлі әдебиеттердің де қадірін арттырып, көпшіліктің уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізеді. Айта кету керек, бұл – өңірдегі осымен алтыншы білім орталығы. Енді аудан тұрғындары халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінбей-ақ, бірқатар қызмет түрлерін ала алады.