Жұмыссыздық деңгейі төмендеді
Жұмыссыздық  деңгейі төмендеді
318
оқылды

Қарағандыда облыстағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстыр­ғанда 0,5 пайызға төмендеген. Оған Nur Otan партиясының жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының қосқан үлесі зор.

Жастарды жұмысқа орналастыру «Жас Отанның» мүшелері мен Жастар саясаты мәселелері жөніндегі бөлім қызметкер­лерінің белсенді үгіт-насихат жұмыстары­ның арқасында жүзеге асты. Облыстық әкімдікте өткен аппарат мәжілісінде Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Нұржан Жетпісбаев жұмыспен қамту саласындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.

– 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрады. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 0,5 пайызға төмен. Жұмыспен қамту орталықтары жастардың тезірек жұмысқа орналасуына көмектесіп жатыр. Осы жылдың басынан бастап орталыққа 1 190 адам келді. Олардың 267-сі жұмысқа орналасты, 565-і қысқамерзімді оқу курстарына жолдама алды, – дейді басқарма басшысы.

Ауылдағы жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін облыс әкімінің грантын алуға кон­курс бар. Бұл үшін 2019 жылы 10 миллион теңге бөлінді. «Жас кәсіпкер» партиялық жобасы аясында кәсіппен айналысқысы келетін жастарға 550 грант берілді. «Бастау Бизнес» жобасымен 29 жасқа дейінгі
315 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша білімін жетілдіріп жатыр.

Облыста, сонымен қатар балалар үйі­нің түлектерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері де оң шешімін тауып жа­тыр. Жыл басынан бері 45 жетім балаға жаңа пәтер кілті табысталды.

– Біз тұрғын үй қатынастары саласын­дағы мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыруға ерекше назар аудара­мыз. Қазақстанның ипотекалық компа­ния­сы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өкіл­дерімен 100-ден астам кездесу ұйым­дастырылып, «7–20–25» бағдарлама­сының механизмі түсіндірілді, – деді ол.

Іс-шара аясында ұйымдастырылған кездесулерге барлығы 3 500-ге жуық адам келгенін айтқан Нұржан Жетпісбаев мем­лекеттік тұрғын үй сатып алу бағдар­ламаларына қатысушы жастардың саны көп екенін жеткізді.