Құжат қабылдау басталды
Құжат қабылдау басталды
380
оқылды

Павлодарда Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» жобасы бойынша құжат қабылдау басталды. Бұл бағдарламаның көмегімен көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар тұрғын үй құнының 10% бастапқы жарнасын төлеген жағдайда 20 жылға дейін кредит беру мерзімімен жылдық 2% ставка бойынша қарыз ала алады. Құжаттарды 22-31 шілде аралығында Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша Open Pavlodar кеңсесінде №13 үстелде қабылдайды.

Қалалық ТКШ бөлімі тұрғын үйді бөлу секторының меңгерушісі Ақерке Еламанованың айтуынша, қабылдау басталғалы бері Павлодардағы 50 отба­сының құжаттары қабылданыпты. Спикер бағдарламаға көпбалалы немесе толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады деп түсіндірді.

Бұл ретте олар жоғарыда көрсетілген санаттардың бірі бойынша тұрғын үй алуға кезекте тұрғаны жөн. Сондай-ақ отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 42 500 теңгеден аспауы қажет. Дегенмен өтініш беруші төлеуге қабілетті болуы тиіс, яғни жұмысы болуы керек. Егер де анасы бала күтімімен демалыста болса, бағдарламаға әкесі қатыса алады. Тағы бір айта кетер жайт, отбасында өтелмеген несие болмау керек немесе несиені толық төлегеннен кейін бағдар­ламаға қатысуға өтініш бере алады.

– Өтінімдерді қабылдау лимиті жоқ. Біз барлық құжатты шілденің аяғына дейін қабылдаймыз. Тұрғын үй алу кезе­гінде 4 мың толық емес отбасы, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған 135 отбасы, 411 көпбалалы отбасы тұр. Олардың бәрінің «Бақытты отбасы» бағдарла­ма­сына қатысуға мүмкіндігі бар. Құжаттар­ды толық қабылдап болған соң, оларды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне тап­сырамыз. Бағдарлама үш жылға есеп­телген. Биыл тапсырыстарын мақұлда­мағандар келер жылы бақ сынап көре алады, – дейді Ақерке Еламанова.

Тұрғын үйді бөлу секторының мең­геру­шісі атап өткендей, төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалар мен жоғары оқу орындарында немесе коллед­ж­дерде оқитын 23 жасқа дейінгі балалар тәрбиелеп отырған отбасылар көпбалалы болып есептеледі. Бағдарламаға қатысу­шы 10 млн теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға қарыз ала алады.

Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады. Өтініш беру үшін өзімен бірге өтініш, жеке куәлік, неке қию, неке бұзу туралы куәлік немесе жұбайының қайтыс болуы туралы куәлік, балалардың туу туралы куәлігі керек. Сондай-ақ өтініш беруші мен онымен бірге тұрақты тұратын отбасы мүшелерін тіркеу туралы мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүлік туралы анықтама, мемлекеттік жәрдем­а­қылар мен алименттер есебінсіз соңғы жарты жыл ішіндегі табысы туралы мәліметтер, өтініш берушінің санатын растайтын құжат та болуы қажет. Айта кетейік, бұл құжаттардың көшірмелері ғана қабылданады.