Жітіқаралықтар жеңімпаз атанды
Жітіқаралықтар жеңімпаз атанды
311
оқылды

Nur Otan партиясы Рудный қалалық фи­лиалының бастама­сымен Денешынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жан­дарға арнап облыстық спорт фес­тивалін ұйымдастырды. Сайысқа 80-нен астам үміткер қатысып, бақ сынады.

Орал қаласынан келген Азон Шай­марданов параволейбол спортымен ай­налысып жүргеніне біршама жыл болып­ты. Спортшы тағдыр тәлкегіне еш мойы­май, өзінің спорттық әлеуетін дамыта түскен. Бүгінде ол параолимпиадалық ойындарда, түрлі байрақты бәсекелерде үздіктер қатарынан көрініп жүр.

– Мен өз командаммен Қазақстан параволейболында 11 рет чемпион атан­дым. Азия чемпионатының күміс жүл­дегерімін. Келешекте бұл көрсеткішімді жақсартқым келеді. Сол үшін жаттығу алаң­дарына жиі барып, спорттық ба­бымды жоғалтпауға тырысып жүрмін. Рудный шаһарында параспортпен ай­налысуға барлық жағдай жасалған. Сондықтан жаттығу залына келетін спортшылардың саны көп. Бір сөзбен айтқанда бізде бәсекелестік жоғары, – дейді Азон Шаймарданов.

Спорттық шарада жарысқа қатысу­шылар спорттың бірнеше түрінен сынға түсті. Сайыскерлердің бұл додаға дайын­дығы жарыс кезінде анық байқалды. Тар­тысқа толы әр ойын көрерменге ерекше әсер сыйлады. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары аймақта мүмкіндігі шектеулі жандар спортқа мықтап ден қоя бастаған.

– Фестивальдің мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау. Бұған дейін облыстық жарыс ұйымдастырған едік. Оған 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан қатысты. Облыстық фестивальді алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді мақсат етіп отырмыз, – дейді жарыс ұйымтастырушысы, Рудный қалалық ерікті мүгедектер қоғамының төрағасы Санаш Есжанов.

Фестивальдің қорытындысы бойын­ша, әр спорт түрінен үздік шыққан жеңім­­паздар мен жүлдегерлерге ал­ғысхаттар, медаль және естелік сый­лықтар табыс­тал­ды. Жалпыко­мандалық есепте жіті­қара­лықтар ұжымы бас жүлдеге ие болды.