Агросала салғырттықты көтермейді
Агросала салғырттықты көтермейді
463
оқылды

Nur Otan партиясы агросалада іске асып жатқан жобаларды тұрақты қадағалайды. Қызылордада өткен кеңесте «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Аграрлық сектор» бағытындағы аймақтық комиссия мүшелері осы мәселелерді жан-жақты талқылады.

Агроөнеркәсіп саласында халықты жұмыспен қамту және жұмысшылардың еңбек заңдылығының сақталуы, суарма­лы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егіс жүйесін сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану қалай жүріп жатқанын талқылады.

Комиссия отырысына Nur Otan пар­тиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлна­зарова, облыстық маслихаттағы партия­ның депутаттық фракция мүшелері, басқарма басшылары, сала ардагерлері мен кәсіподақ төрағалары қатысты.

Атап өту керек, Қызылорда облысы бойынша 2019 жылы 10 300 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Биылғы 1 шілдеге дейін 5 645 (54,8%) жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың 5 556-сы – тұрақты орын. Осыған орай, облыс хал­қын жұмыспен қамтуға ықпал жасау жөніндегі кешенді жоспар қабылданып, 32 069 жұмыссыз бен өз бетінше жұмыс­пен қамтылғандарды жұмысқа орна­ластыру көзделген.

Жиын барысында хабарлама жасаған Қызылорда облысының жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының бөлім бас­шысы Жанар Дәулетбаеваның айтуынша, 1 шілдеде азаматтардың 42 пайызы жұ­мыспен қамтылған. Ал жұмысшы­лардың еңбек заңдылығының сақталуына тоқ­талар болсақ, бұл салаға қатысты облыста әлеуметтік-еңбек даулары болмады. Керісінше, жеке кәсіпкерлік субъектілері және мемлекеттік мекемелер мен квази­мем­лекеттік сектор субъекті­леріне жасал­ған тексерулер нәтижесінде, биылғы жыл­дың 6 айында 262 заңбұзушы­лық анық­талды. Бұл өткен жылдың осы ке­зеңі­мен салыстырғанда 20 заң­бұзушы­лыққа жоғары. Еңбек қатынаста­рын­дағы заң­бұзушылықтарға жеке кә­сіп­керлік субъектілері жиі жол беруде, – дейді об­лыс­тық еңбек саласындағы бақылау бас­қармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев.

– Заңбұзушылықтардың басым бөлігі жұмыскерді еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберу, жалақы төлеуді кідірту, еңбек демалысының пайдаланбаған күндері үшін өтемақы төлемеу, еңбек шартының еңбек заңнамасына сәйкес келмеуі, жұмыстан заңсыз шеттету.

Шынтуайтында, жергілікті халықтың басым бөлігінің күнкөрісі тікелей ауыл шаруашылығы өндірісіне қатысты болғандықтан, мамандар егістікті суаруда күрмеуі шешілмеген мәселелер көп еке­нін айтты. Жыл сайын жаңа әдіс-тәсіл­дерді қолданысқа енгізу – қа­жеттілік. Бұл ретте, келешекте облыста су қоймаларын салу, сондай-ақ суды үнемдеп пайда­лануға бағытталған бірқатар жобаларды жүзеге асыру да жоспарланған. Яғни, ирригациялық және дренаждық желілер­ді жетілдіру жөніндегі жобаларды іске асыру арқылы суармалы суды 30%-ға дейін үнемдеуді көздеп отыр. Сонымен қатар жерасты көздерін пайдалану, там­шылатып, жаңбырлатып суару әдістерін қолдану, коллекторлық суларды қайта пайдалану есебінен суармалы жерлерді 95 мың гектарға көбейтіп, 300 мыңға жеткізуді қолға алмақ. Нәтиже­сінде, аграр­лық сектордағы өндіріс көлемін 79 млрд теңгеге ұлғайта отырып, 3 мың­нан астам тұрақты жұмыс орнын ашу да көзделген. Облыста суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында ауыспалы егіс жүйесін сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану егіншілік саласындағы аса маңызды шаралардың бірі болған­дықтан, сала мамандары ауыл шаруашы­лығы дақылдарын өсірумен айналыс­қанда шаруашылық құрылымдары Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруа­шылығы ғылыми зерттеу институтының нұсқамаларын бірінші кезекте басшы­лыққа алуы тиіс.

Отырыста саланы жетілдіру, жұмыс­шылардың еңбек заңдылықтарын сақтау бағытында көптеген ұсыныс ортаға салынып, маңызды шешімдер қабыл­данды. Жиынды филиал төрағасының бі­рінші орынбасары Ақмарал Әлна­зарова қорытындылап, Nur Otan пар­тиясы бұл жұмыстардың бастамашысы да, бақылаушысы да болатынын тілге тиек етті.