Балалар құқы – басты назарда
Балалар құқы – басты назарда
331
оқылды

Қазіргі технологияның дамыған дәуірінде адамзат бала тәрбиесінде көптеген кемшілік жіберіп жатыр. Балалар құқы заң нормаларының қорғауымен шектелмей, сонымен қатар баланы тиісті дәрежеде тәрбиелеу институтын құру қажет. Осы мақсатта Қостанай өңіріне Нұр-Сұлтан қаласынан Nur Otan партиясы жанынан құрылған балалар құқын қорғау жөніндегі көшпелі сараптамалық жұмыс тобы келді.

5 тамыздан бастап, Президент Әкім­шілігі бастамасымен және Nur Otan пар­тиясы мұрындық болған «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыру аясында балалардың құқығы мен заңды мүдде­лерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетіл­діру жөніндегі көшпелі сарапта­малық топ жұмысын бастады.

Елбасының бастамасымен 2019 жыл­дың ақпан айынан бастап елімізде төрт жалпыұлттық жобаның жүзеге асып жат­қанын білесіздер. Соның бірі – «Ба­қытты отбасы» жобасы. Аталған жоба шеңберінде Nur Otan партиясы жанынан Балалардың құқықтарын қорғау жөнінде кеңес құ­рылып,   Президент Әкімшілігі жанынан балалардың заңдық мүдделері мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін жүйені жетілдіру бойынша ұсы­ныс­тарды жинау мен зерттеу үшін жұмыс тобы құрылды, – дейді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев.

Республикалық кеңестің көздегені – «Бақытты отбасы» жобасының өңір­дегі іске асырылу барысымен танысу, қиын жағдайларға тап болған отба­сы­ларға көмектесу және балалық шақтың барын­ша қорғалуын қамтамасыз ету.

– Жергілікті атқарушы органдардың балалардың қауіпсіздігі үшін қажетті инфрақұрылым мен орта құру бойынша жұмыс жоспарымен танысуға келдім. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайларға душар болған отбасыларға көмек беріп, көпбалалы аналар қауымын жұмысқа орналастыру және баспанамен қамту мәселелерінің қаншалықты оң сипат алып жатқанын таразылайтын боламыз, – дейді Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева. Сапар барысында сараптамалық топ бірқатар ауданды аралап, ондағы бала­лар ісі жөніндегі жауапты мамандардың жұмыстарын таразылап, тәжіри­белері­мен бөлісетін болады. Аталған көшпелі кеңес аймақ аумағында 5-7 тамыз ара­лығында жұмыс істейді.