«Барыс» бабында екен (фоторепортаж)
«Барыс» бабында екен (фоторепортаж)
338
оқылды

Нұр-Сұлтанда шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогы басталды. Nur Otan партиясы мен Қазақстан хоккей федерациясының қолдауымен өтіп жатқан турнирді елордалық «Барыс» сәтті бастады. Алаң иелері ағашқы кездесуде Ресейдің «Ақ Барс» (Қазан) командасын ірі есеппен жеңді.

«Барыс-Аренада» өткен ойын­ды Президент Қасым-Жо­март Тоқаев, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин, Премьер-ми­нистр Асқар Мамин, Пре­зи­дент әкімшілігінің басшысы Қы­­рымбек Көшербаев және Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көл­гінов тамашалап, жергілікті ко­мандаға жанкүйер болды. Кез­десуден кейін әлеуметтік желіде Қа­сым-Жомарт Кемелұлы «Ба­рысты» сенімді жеңісімен құт­тық­тады.

Президент twitter па­рақ­­ша­сында «Қазақстан Пре­зи­денті ку­бо­гына арналған Х шайбалы хок­кей халықаралық турнирінің ашылу салтанатына қатыстым. Қа­зақстан, Ресей командалары қа­тысуда. Біздің «Барыс» қазан­дық «Ақ Барстан» 6:1 есебімен басым түсті. Қыр­күйек­­те ҚХЛ-дың кезекті мау­сы­мы басталады. Алға, «Барыс!» деп жазды.


Осымен оныншы рет ұйым­дас­тырылып отырған Қазақстан Президенті кубогының маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Оны аренаға келген адамдардың қарасынан-ақ байқауға болады. Өз командасына қызу қолдау білдірген елордалық жан­күйер­лер ойыншыларды ал­­ға жетелеу­мен болды. «Барыс» хок­кей клу­бының бас бапкері Андрей Скабелка шәкірттері айдынға шы­ғысымен көрермен­дер қол­дауын сезінді. Содан да болар кез­десуді алаң қожайын­дары шабуылмен бастады. Екі ке­зеңде де ойын тізгінін қонақ­тарға бер­ген жоқ.

Ойындағы алғашқы шайбаны «Барыс» сапынан 7-минутта Ни­кита Михайлис соқты. Дегенмен жанкүйерлер қуанышы ұзаққа созылмады. 11-минутта қазан­дық клуб сапынан «Барыстың» бұ­рынғы ойыншысы Мэтт Фрэт­тин таразы басын теңестіріп кет­ті. Айдындағы ойын қарымта шай­бадан кейін қыза түсті. Әр­мен қарай басымдық барыс­тық­тар­да болды. Кездесудің 16-ми­ну­тында Кирилл Панюков қақ­паны дәл көздеп, елордалық клуб­ты алға шығарды. Араға екі минут салып «Барыс» қатарына биыл қосылған канадалық Адам Хелевка есепті еселеді. Тартысты өткен бірінші кезеңде 3:1 есебі тіркелді.

Екінші кезеңде де Андрея Скабелка баптайтын «Барыс» ко­мандасы ойынды толықтай өз қолына алды. Қос қапталмен де белсенді шабуылдап, қақпаға сериалы соққыларды үсті-үстіне бағыттады. Ал «Ақ Барс» екінші кезеңнің басым бөлігінде қор­ғанумен болды. 28-минутта Дас­тин Бойд мергендік танытса, 31-минутта Даррен Диц қар­сы­ластар қақпасынан саңылау тап­ты. Екінші кезең аяқталар тұс­та Батырлан Мұратов өзінің дебют­тік ойынындағы алғашқы голын соқты. Есеп 6:1.

Шешуші кезеңде шайба со­ғыл­мады. Командалар қанша шабуылдаса да, қақпаның саңы­лауын таба алмады. «Барыс» тур­нирдегі алғашқы кездесуінде «Ақ Барс» командасын айқын басымдықпен жеңіп, бабында екенін байқатты.

Бұл күні «Барыс-Аренада» та­ғы бір кездесу өтті. Ресейдің қос командасы – Екатерин­бург­тің «Автомобилисті» Нижне­камс­кінің «Нефтехимик» ко­ман­да­сын 5:1 есебімен ойсырата жең­ді.

Айта кетейік, бұған дейін «Барыс» төрт рет турнир жеңімпазы атанған. Сондай-ақ СКА, «Авангард», «Нефтехимик», «Амур» және «Металлург» командалары да кубокты бір рет төбесіне көтерген. Қазақстан Президенті кубогы ойындары 8-11 тамыз аралығында өткізіледі. Жарысқа барлығы бес команда қатысуда. «Барыс» ендігі кездесуін «Нефтехимикпен» өткізеді, ал «Ақ Барс» «Салават Юлаевпен» (Уфа) кездеседі. Суреттерді түсірген: Советбек Мағзұмов