«Барыстың» бағы жанды
«Барыстың» бағы жанды
333
оқылды

Елордада шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогының Х мерейтойлық турнирі мәресіне жетті. Қазақстан хоккей федерациясы мен Nur Otan партиясының қолдауымен өткен спорттық шараға ҚХЛ Шығыс конференция­сынан: Қазаннан «Ак барс», Уфадан «Салават Юлаев», Екатеринбург­тен «Автомобилист», Нижнекамскіден «Нефтехимик» және Нұр-Сұлтан қаласынан «Барыс» клубтары қатысты.

Төрт ойында да қарсыластары­нан басым түскен «Барыс» турнир жеңімпазы атанды. Олар «Ак Барс­ты» – 6:1, «Нефтехимикті» – 5:3, «Автомобилисті» – 3:2 есебімен жеңді. Ал соңғы ойында «Салават Юлаев» алаң иелеріне буллит сериясы бойынша – 2:1 есебімен жол берді.

Айта кетейік, 10 жыл ішінде елор­далық клуб Президент кубо­гын осымен бесінші рет иеле­ніп отыр. Екінші орын Екатеринбург­тің «Автомобилист» командасына бұйырса, үздік үштікті «Ак Барс» командасы түйіндеді. Соңғы екі орынды «Салават Юлаев» және «Нефтехимик» командалары өзара бөлісті. Елордалық клуб бұдан бұрын бұл турирде төрт (2010, 2011, 2013, 2015) мәрте чем­­пион атанған. Ал СКА, «Аван­гард», «Металлург», «Нефтехи­мик» және «Амур» командалары Президент кубогын бір реттен жеңіп алды.


Бұл турнирде «Барыстың» бабы жарап, бағы жанды. Алғаш­қы ойында-ақ «Ак барс­тың» ады­мын аштырмай, қарсыластар қақпасына алты шайба соқты. Келесі кездесуде де білгенінен жаңылмады. Үшінші матчта әдемі ойын өрнегін көрсетті. Ұпайдан шашау шығармаған «Барысқа» кубок иегері атану үшін соңғы ойында тек ірі есеппен жеңіліп қалмау керек болды. Сол үшін болар алаң иелері өзге ойын­дармен салыстырғанда бұл матчта көп күш жұмсамады. Керісінше, «Салават Юлаев» тәп-тәуір ойна­ды. Шабуылда да белсенді болды, қорғаныста да сақ ойнады. Бір сөзбен айтқанда, Уфа қала­сы­нан келген команда «Барысқа» тегеу­рін­ді қарсылық көрсетті. Шешуші ойынға жиналған жергілікті жан­күйер­лер «Барыс» қақпасы­ның маңында ұйым­дас­тырылған әр қауіпті шабуыл үшін алаңдап, қарым­та шабуыл кезінде барыс­тық­тарға үлкен үміт артып отыр­ды.

Әдеттегідей алғашқы шайба­ны алаң иелері соқты. Бірінші кезеңнің 12-минутында «Барыс» хоккейшілері алға шықты. Шайба Никита Михайлистің еншісіне жазылды. Оған 22-минутта уфа­лық хоккейші Максим Майоров бір шайбамен жауап қайырды. Кездесудің негізгі кезеңі 1:1 есебі­мен тең аяқталды. Овертайм­да қар­сыластар қанша тырысса да, таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Буллитте «Барыстың» бағы жан­ды.

Кездесуден соң уфалық «Сала­ват Юлаев» командасының бас бапкері Николай Цулыгин Қазақстан Президентінің кубогы турнирі туралы ойымен бөлісті.

– Барлық ойындар жоғары дең­гейде өтті. Ұйымдастыру­шы­лар да жарыстың жақсы өтуіне барын салғаны көрініп тұр. Алаң иелері де жанкүйерлерінің үмітін ақ­тауға тырысып бақты. Бір сөз­бен айтқанда, турнирге қатыс­қан барлық команда жақсы ойын көрсетті. Олардың жарысқа үлкен дайындықпен келгені ойын кезінде де анық байқалды, – дейді Николай Цулыгин.


Ал «Барыс» лидері Даррен Диц жарыс кезінде командаға қол­дау білдірген жанкүйерлерге алғысын білдірді.

– Көңіл күй керемет. Жан­күйер­лерге үздік қолдауы үшін көп-көп рақмет. Бес күнде төрт ойын өткіздік. Турнирде қарсы­лас­тарымыздан басым болып, Президент кубогын жеңіп алдық. Бұл – маусым алдындағы турнир болғанымен, біздің команда үшін үлкен, керемет жетістік. Бастысы, сынақтан сүрінбей өтіп, жеңіс тұғырынан көріндік. Алда жол­дас­тық кездесулер, содан соң КХЛ ойындары басталады, – деп атап өтті Даррен Диц.

Турнир қорытындысы бойын­ша жеке номинациялар бойынша үздік ойыншылар марапатталды. Атап айтар болсақ, Эдуард Пас­куа­ле («Барыс») – үздік қақпашы, Даррен Диц («Барыс») – үздік қор­ғаушы, Родион Амиров («Сала­ват Юлаев») – үздік ша­буыл­шы, Дастин Бойд («Барыс») үздік бомбардир атанды.

Жеңімпаздар мен жүлде­гер­лерге марапаттарды Премьер-министр, Қазақстан хоккей федерациясының президенті Асқар Мамин, Нұр-Сұлтан қала­сы­ның әкімі Алтай Көлгінов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тапсырды.

Айта кетейік, 14 тамыз күні «Барыс» Швейцарияға оқу-жаттығу жиынына аттанады. Онда бірнеше командалармен жолдастық матч өткізіп, жаңа маусымға дайындықтарын пысықтайды. Команда Нұр-Сұлтанға 25 тамызда оралады.