Никита Шаталов: Nur Otan партиясының заңдылығын бірден либерализациялау қауіпті
Никита Шаталов: Nur Otan партиясының заңдылығын бірден либерализациялау қауіпті
402
оқылды

Nur Otan партиясының қазір еліміздегі барлық саяси жүйеге бас-көз болып отырғанын ескерер болсақ, жеке институтты ғана емес, партияның жұмыс істеу жүйесін өзгертуге тура келеді.

Жалпы, барлық әлемде саяси партияларға деген сенім азайған. Әрі лайықты бәсекелестіктің болмауы да бас партияның қабілетін кемітеді. Біз осы мәселені ескеруіміз керек. Коммунистік партия немесе «Ақ жол» партиясын Nur Otan партиясына басты қарсылас, саяси аренада интрига тудыратын жүйелі ұйым деп айтуға келмейді. Сондықтан партия шынайы іс-әрекеттерге жұмылдыратын нақты міндеттер керек. Партия бәсекелестіктен қорықпайды деп ойлаймын.

Жақында өзімнің «Шаталов» деген каналымда партия заңнамасын түбегейлі либерализациялау қаупі туралы жаздым. Бұл әп-сәтте нарық реформасын жасап тастаумен бірдей. Себебі, ондай кезде бірден хаос басталады. Бірақ өзгерістерді біртіндеп жүзеге асыруға болады. Мәселен, міндетті мүшелер санын 40 мыңнан 30 мыңға азайту. Бұл өзге саяси ойыншылар үшін, олардың әрекет ете бастауы үшін тың сигнал болмақ. Сондай-ақ Қазақстанға екі партиялы жүйе керек сияқты. Nur Otan бір кездері «Асар» мен «Отан» партияларының базасында құрылған еді. Сондықтан партияны прогрессивті және консервативті қанаты бар етіп неге екіге бөлмеске?

Тағы бір проблема – кадр мәселесі. Коммуникациялық түйткіл де бар. Мәселен, партия Astana LRT құрылысы, Тальгодағы зорлық оқиғасы сияқты мәселелерге пікір білдіріп, көңіл бөлген жоқ. Аталған проблемаларға тіпті Президент мән беріп отыр. Өте қарқынды әрі текетіреске толы ақпараттық өрісте қызмет ету үшін партияға мықты кадрлар керек. Олар нақты әлеуметтік проблемаларды қаймықпай айтып, шешу жолдарын ұсына алатын білікті маман болғаны жөн. Әрине, ол адамдар тек әлеуметтік желіде пост жазумен ғана шектелмеуі қажет. Барлық жағынан ұтымды қимыл жасайтын адамдар шоғыры қалыптасса екен. Ондай мықты адамдар көп те емес. Олар көбіне еркіндікті қалайды. Егер Nur Otan өз қиындықтарын жеңе алатын болса, онда халықтың сенімін қайтара алады.

Парламенттік сайлауға аз уақыт қалған кезде паллиативті шаралардан аулақ болу өте маңызды. Партияның қайта серпіліп, тың бастамаларға ерік беруіне көп уақыт беріліп отырған жоқ. Сондықтан әр ай сайын нақты қадамдар жасауына тура келеді.