Головкиннің соққысы: ақиқат па, аңыз ба?
Головкиннің соққысы: ақиқат па, аңыз ба?
344
оқылды

Ұлыбританиядағы атақты букмекерлік кеңселердің бірі Ladbrokes кәсіпқой боксшылардың бір кездесуде ең көп дегенде қан­ша дәл соққы жасайтынын, әр соққысының қанша ақшаға тати­ты­нын есептеп көріпті. Олардың жүргізген зерт­теуінде қазақ­стан­дық боксшы Геннадий Головкин де бар. GGG британиялық Келл Брук­пен өткізген жекпе-жекте 133 дәл соқ­қы бағыттаған. Ал әр соқ­қы­сының құны 29 675 фунт стерлингке (39 мың доллар) тең екен.

GGG-ДІҢ АДАМ СЕНГІСІЗ СОҚҚЫСЫ

Головкинді пәлен деп таныс­ты­рып жатудың өзі артық. Сонау 2004 жылы Афины олимпиадасында күміс медаль алғаннан кейін дереу кәсіпқой бокс әлеміне ат басын бұрған. Ол жақта да ә дегеннен жолы болды деуге келмейді. Біраз уақытын Германияда жоғалтты. Дегенмен 2010 жылдан бастап Голов­кин дәуірі басталғанына күллі әлем куә болды. Орта сал­мақ­тағы менмін деген мықты­лар­д­ың барлығын құлатты. Осы күнге дейін 41 кездесу өткізіп, оның 39-ында жеңіске жетсе, 35 кездесуді нокаутпен аяқтады. Осының өзі-ақ оның қаншалықты күрзі жұдырықты боксшы екенін аңғартса керек. Кәсіпқой бокс Генаның соққысынан сескенеді. Ша­ңын қағамын деп келген та­лай боксшының шаруасын тә­мам қылған – GGG-дің адам сенгісіз ауыр соққысы. Оның қар­­­­сыластарын осал деуге ауыз бар­­майды. Кассим Оума, Лах­уан Саймон, Гжегож Прокса, Мэттью Маклин, Кертис Сти­венс, Даниэл Гил, Мартин Мюррей, кіші Вилли Монро, Дэ­ниел Джейкобс, Давид Лемье... Осы­лар­дың барлығы Головкиннің айқын бір соққысынан зардап шеккендер. Головкин «Канелоны» да аяған жоқ. Алғашқы кездесу бәріміздің есімізде. Жеңген сияқ­ты еді, төрешілер тең түсті деп шешім шығарды. Екінші кез­де­суде тең түскен сияқты еді, төре­шілер жеңілді деп пәтуә бер­ді. Қалай болғанда да қи­сын­­­­сыз. Ал соққылары ше? Тө­­решілер қағазына үңілсек: Com­pu­box мәліметтері бойынша, Головкин реванш жекпе-жекте 879 соққы жасап, соның 234-і діт­теген мақсатына дәл жеткен. Ал Альварес барлығы 622 соққы жасап, соның 202-і Головкинге дәл тиген. Осы деректер-ақ кімнің көп таяқ жегенін анықтап беретін секілді.

Мигель Котто деген пуэрто-рикалық алапат боксшы бар. 47 жекпе-жектің 41-ін жеңіп, 33-інде қарсыласын ес-түссіз құлатқан. Төрт салмақ категориясы бойын­ша титул жеңіп алған бірегей боксшы. Міне, сол боксшымен бірге Головкин осыдан үш жыл бұ­рын соққы күштілігін сынап көрген. Nacion ESPN студиясында қонақта болған екі боксшыға арнайы автомат арқылы соққы күшін өлшеу ұсынылады. GGG-дің соққысынан кейін автомат 776 өлшемін көрсетсе, Коттоның соққысы 774 өлшеміне ғана жет­кен.

Қазір Головкин украиналық Сергей Деревянченкоға қарсы жекпе-жекке дайындалып жатыр. Кездесу 5 қазанға жоспарланған. Осы кездесу қарсаңындағы спар­ринг­те Головкинге америка­лық Антонио Уэйд көмектесуде. Ка­ли­форниядағы Big Bear лаге­рін­де жат­тығу жұмыстарын жүргізіп жат­­қан Уэйд қазақстандық бокс­шы­­ның ауыр соққысы туралы айт­қан.

«Генаның соққысынан ке­йін денеңде қан жүрмей, жан­сыз­да­нып қалады. Сол хук арқылы иығымнан ұрып еді, тап сол жер жансызданып, қатты ұйып қалды» депті америкалық боксшы. Бұған дейін Головкиннен жеңілген Ванес Мартиросян да «Мен құдды пойыздың астына түсіп кеткендей болдым. Оның бір соққысы ғана емес, барлық соққысы осындай жағым­сыз әсер сыйлайды. Оның соқ­қысынан кейін бас көтеру мүм­кін емес. Дәл бұлай ешкім мені ұрмаған» деп ағынан жарылып еді. Деревянченконың бапкері Гэри Старк те GGG соққысынан қауіп­те­нетінін жасырмайды. «Оның кере­мет формада шығаты­нын біле­мін. Ол да осы белдікті (IBF) алғы­сы келеді. Ол өте та­лант­т­ы бокс­шы. Біз оны жеңу үшін өте ауыр жұмыс атқарып жатыр­мыз» дейді Старк.

 

ҚАРСЫЛАСЫН ҚАН ҚАҚСАТҚАН

TheCombatProject.com порталы Головкиннің соққысына қатысты арнайы зерттеу де жүргізіп көрген. «Ол соққылар тізбегін өте керемет байланыстырады. Қолының соншалықты жылдам емес екеніне қарамастан әртүрлі вариациядағы соққылар арсеналын паш етеді. Мысалы, онда жылдам джеб, күштік джеб бар, және уақыт өткен сайын жоғарғы джебті жиі пайдаланады. Қарсыласының орналасқан жері мен қорғанысына байланысты оң қолымен тікелей ұрады немесе оны сыртқа қарай итеріп, қорғанысты айналып өтіп, қарсыласты құлақтың аймағынан ұстап алуға шебер» дейді олар.

Головкиннің қай қарсыласы бол­масын, оның соққысының ауыр екенін мойындауға мәжбүр. Жекпе-жек басталмай тұрып, қай-қайсының да іштей ығып тұра­тынын, сескеніп тұратынын байқау да қиын емес. Ал Головкин қай кездегідей сабырлы. Ол гонг соғыла салысымен мидағы ақыл мен күрзі соққысының астасып кетеріне түк те күмәнданбайды. Сондықтан да оның соққылары жыл өткен сайын ақиқаттан – там­са­на айтар аңызға айнала бермек.