Күрес түрлерінен әлем чемпионаты бокстан бағытымен де, басқасымен де ерекше. Бастысы – Токиоға барар жол елордамен түйіседі. Жолдама арнайы спортшыға емес, жалпыкомандаға беріледі. Әлем көз тіккен байрақты бәсекеге 100 елден 1 002 спортшы қатысады.
Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен Әлем чемпионаты өтеді. Грек-рим күресі, еркін және әйелдер күресінен ел атынан бақ сынайтындар белгілі болды. Сондай-ақ Рио Олимпиадасының жеңімпазы, канадалық балуан қыз Эрика Уибе, Украинаның 85 келіге дейінгі балуаны әрі депутаты Жан Беленюк келеді. Жанкүйерлер америкалық Кайл Снайдер мен ресейлік Абдулрашид Садулаевтың кездесуін асыға күтеді. Еуропа мен Азия мектебінің таласын тамашалауға асығатындар бар. Яғни, Роман Власов пен Ким Хен У бәсекесі жоғары белдесу көрсетеді деген болжам бар.
Грек-рим күресінен Қорлан Жақанша (55 келі), Мейрамбек Айнағұлов (60), Алмат Кебіспаев (63), Мейіржан Шермаханбет (67), Демеу Жадраев (72), Асхат Ділмұхамедов (77), Мақсат Ережепов (82), Азамат Құстыбаев (87) Ерулан Ысқақов (97), Мансұр Шадуқаев (130) сынға түседі.
Грек-рим күресінің білгірі Аспандияр Есенжоловтың айтуынша, тартысқа толы сайыс тамашалаймыз. «Өйткені Лондон мен Риодағыдай емес, Токиоға бару талабы өзгерген. Бұрындары бір салмақта 18-19 балуан күрессе, қазір 16 спортшы жолдаманы сарапқа салады. Сондықтан елорда бозкілемінде ақ тердің ақталғанын қалаймыз» дейді сарапшы.
Есенжолов 60 келі салмақ дәрежесінде белдесетін Мейрамбек Айнағұловқа сенім артып отыр. Өйткені Айнағұлов 2017 жылы Парижде өткен әлемдік додада күміске ие болды. 2015 жылы Лас-Вегаста өткен әлем біріншілігінде Алмат Кебісбаев пен Досжан Қартықов қола медаль алды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында көзіне жас алған Кебісбаевтың көрінісі ел есінде. Биылғы додада Алмат барын салып, Токио жолдамасын қоржынға салар. Сонымен қатар Парижде Демеу Жадраев күміспен күптелді. Астанадағы ойында ешкімге есе жібермей, сақ қимылдайды деп сенеміз.
Еркін күрестен құрама намысын Нұрислам Санаев (57 келі), Расул Қалиев (61), Дәулет Ниязбеков (65), Нұрқожа Қайпанов (70), Данияр Қайсанов (74), Ғалымжан Өсербаев (79), Әділет Дауланбаев (86), Нұрғали Нұрғайыпұлы (92), Әлішер Ерғали (97), Олег Болтин (125) қорғайды.
Сарапшылар әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Нұрислам Санаев пен қола медаль иегері Дәулет Ниязбеков жүлдеге ілігетінінен үмітті. Рио олимпиадасында жартылай финалға шыққан Ғалымжан Өсербаев бұл жолы өзін дәлелдеуі керек. Бапкер мен жанкүйер Өсербаевтың еркін күресте көсілгенін қалайды.
Әйелдер күресінен Валентина Исламова (50 келі), Татьяна Ахметова (53) Марина Седнева (55), Эмма Тисина (57), Мадина Бақбергенова (59), Аяулым Қасымова (62), Айна Теміртасова (65), Ирина Казюлина (68), Жәмила Бақбергенова (72), Эльмира Сыздықова (76) бақ сынайды.
Рио Олимпиадасында сәтті белдескен Эльмира Сыздықовадан медаль күтеміз. Әлем чемпионатына қатысатын қыздардың біразы Шымкентте өткен спартакиада топ жарған. Бабы мен бағы қатар шапса, спартакиадағы жеңісті қайталар.
– Барлық салмақ дәрежесінде біздің жігіттер мықты дей алмаймын. Деңгейі жоғары, дене бітімі мығым палуандар жетерлік. Бірақ белдесудің нәтижесі бозкілемде белгілі болады. Көңіл күй, ниет, қолдау маңызды. Жанкүйер трибунадан тоқтаусыз дем берсе, жігіттер барын салады деп ойлаймын. Меніңше, бәсекенің Нұр-Сұлтан қаласында өткені жігіттерге оң әсерін тигізеді, – дейді бапкер Олжас Шыңғысбаев.
Бапкердің айтуынша, Қазақстан құрамасы жолдамаға да, медальға да қол соза алады. Бастысы, Олимпиада жолдамасы санының көп болуы. Жолдама құрамаға берілетіндіктен, кім баратыны кейін белгілі болады. Күрес түрлерінен әлем чемпионаты 14-22 қыркүйек аралығында «Барыс Аренада» өтеді.