Баспана алмасуға болады
Баспана алмасуға болады
248
оқылды

Баспаналы болу – бақыт. Бұрынғы әскери қызметкерлер бақытқа табанды еңбегінің арқасында жетіп отыр. Олар осыған дейін еліміздің әр аймағында Отан үшін аянбай қызмет етті. 19 қыркүйек күні қуанышты хабардың дүбірі әскери отбасыларды елордаға жинады.

Қазақстанның Қарулы Күштерінде бұрын қызмет еткен әскери қызметшілерге тұрғын үй кілті табысталды. Бұған дейін әскери қызметшілер отбасымен бірге Қазақстанның әртүрлі аймағында жекешелендіруге жарамайтын қызметтік пәтерде тұрған. Пәтер кілтін алғандардың арасында Алматы, Ақтөбе, Жам­был облысынан келгендер бар. Сонымен бірге, Аягөз, Алматы мен Жаркент қаласының және Же­тіген кентінің әскери қыз­меткерлері қуанышымен бөлісті.

– Жамбыл облысы Меркі ауда­нында орналасқан 11 971 әс­кери бөлімінде қызмет атқар­дым. 2001 жылы Қарулы Күштер қата­рына қосылдым. 2015 жылы қыз­меттік мерзімім аяқталды. Форма кидік, сапта тұрдық, әйел-еркек демей бірдей жұмыс істедік. Қиын­дығы мен қызығы қатар қыз­меттік күндер өтті. Ба­сында үйренісу қиын болды. Әс­кери дабыл соғылады, үйде бала-шаға бар дегендей. Тамағын дайындап, кірін жуып, жұмысқа кетеміз. Олар да өсе келе әскери өмірге үйренді. Саптық бөлімде жұмыс істедім, техникалық бө­лімде жа­уап­ты атқарушы бол­дым. Жауап­ты жұмыс. Оқу-жат­тығу жиын­дарына да қатысып, бәріне үлге­руге тырыстық. Нә­тижесін бүгін көріп отырмыз. Еңбегімді баға­лап, Нұр-Сұлтан қаласынан пә­тер берді. Пәтеріміз ұнады. Жо­баны іске асырған Ел­басыға, Қорғаныс министрлігіне, барша әс­кери қызметкерге алғыс айта­мын, – дейді Алтыншаш Нарбота.

Қорғаныс министрлігі тұр­ғын үй заңнамасына өзгертулер енгізді. Себеп – Қарулы Күш­тердің қатарында 10 жылдан 20 жыл­ға дейін қызмет еткен және 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін еліміздегі әскер қатарынан шық­қан әскери қызметшілердің бас­пана мәселесі. Тыңғылықты жұ­мыстың нәтижесінде, 2018 жыл­дың 1 қаңтарынан ҚР «Әс­кери қызмет және әскери қыз­метшілердің мәртебесі туралы» заңы 55-бабының 6,1 тармағына сәйкес өзгерулер өз күшіне енді. Бұл заң аталған санаттағы әскери қызметшілерге мемлекеттік тұрғын үй фондынан баспана алмасуға мүмкіндік берді.


Майор, Тұрғын үймен қам­тамасыз ету мен талдау бөлімінің аға офицері Дәуренбек Болатұ­лы­ның айтуынша, заң күшіне енгеннен кейін бұрынғы әскери қызметкерлер қимылдай баста­ған. Құжат қабылдау, өтініш тол­тыру қарқынды түрде жүрген. Маусым айынан бастап алғашқы легі пәтер кілтін алған. Бүгінге дейін 100-ге жуық отбасы бас­паналы болған.

– Бағдарлама бойынша бұ­рынғы әскери қызметкерлер же­кеменшікке жатпайтын үй­лерін пәтерге алмастыра алады. Яғни, жекешелендірілмейтін қызметтік пәтерді қаладағы пә­терге алмастырып, оны қалдық бағамен жекеменшік етуге бо­лады. Олар тұрған үй сол жақтағы әскери қызметкерге беріледі. Бұл – өте тиімді бағдарлама. Қазір 664 бұрынғы әскери қыз­метші жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда тұрып жа­тыр. Тұрғын жайын ауыс­ты­руға құқығы бар. Аталғандар – әскерде 10 жылдан 20 жылға дейін қызмет етіп, 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстан әскерінің қатарынан кеткендер. Бұған қоса 2020 жылы ақысыз жекешелендіру құқығы орнына ақшалай өтемақы төлемін бастау жоспарда бар. Оны жабық және оқшауланған әскери қалашық­тарда тұратын, әскерде 20 және одан да көп жыл қызмет еткен, 2018 жылға дейін қызметін аяқ­таған бұрынғы әскери қызмет­шілер алады. Сондықтан арнайы құрылым арқылы пәтер алуға әрекет еткен жөн, – дейді ол.

Әскери қызметкерлерге ар­налған кез келген бағдарлама көңіл қуантады. Бастысы, құжат жинаудың әуресін еңсеріп, ке­зекке тұруға асығу қажет. Бағ­дар­лама жайлы толық мәліметті қа­рап шыққан жөн. Ел үшін күн-түн демей қызмет еткендер ең­бе­гінің жемісін көрсе болғаны. 


Айбике ЖАНАСЫЛ