Акция аясында баспаналы болды
Акция аясында баспаналы болды
365
оқылды

Маңғыстауда «Әр қазақ – менің жалғызым» ұранымен бастау алған қайырымдылық акциясы жалғасты. Іс-шара Nur Otan партиясы Мұнайлы аудандық филиалының бастамасымен, Мұнайлы ауданы әкімдігі және «Үммет жастары» қоғамдық қорының қолдауымен өтіп жатыр.

Аталған қайырымдылық ак­циясы аясында Батыр ауылында екі отбасын қолдау мақсатында үй құрылысы басталды. Ша­ра­­ның негізіне келетін бол­сақ, нұр­отан­­дықтар, аудан тұрғын­дары және кәсіпкерлер бірлесе қайы­рымдылық жасау арқылы, тұр­мыстық жағдайы қиын отба­сы­ларға баспана сыйлауды көздейді.

– «Әр қазақ – менің жал­ғы­зым» сөзі тұтастай ұлттың бір­­лігін ту еткен ұран десек, ар­тық айтқандық болмас. Елдің тұ­тас­тығы мен бірлігі осы бір ауыз сөзге сыйып тұрғандай. Қа­йы­рым­ды­лық акциясына тұр­ғын­дар белсене атсалысып жа­тыр. Жауапты азаматтық қоғам­ның мүшесі ретінде, әр азамат отандасына көмек қолын созуда, – дейді халық қалаулысы Ахмет Салманов.

Акцияның алғашқы күнін­де, яғни үйдің іргетасын қа­лау жұмыстарына Nur Otan партия­сы Мұнайлы аудандық филиа­лының төрағасы, аудан әкімі Рахат Елтизаров, Маңғыстау облыстық мәслихат депутаттары Ахмет Салманов, Табылды Әмір, Дина Күлмеханова және аудан тұрғындары белсенді түр­де қатысты. Құрылыс басын­да құрбандық шалынып, ақсақалдар ақ батасын берді. Акцияға үлесімді қосам деген азаматтар қатары көп.

Естеріңізге сала кетейік, бұ­ған дейін «Әр қазақ – менің жал­ғызым» қайырымдылық ак­ция­сы бойынша Nur Otan пар­тиясы Маңғыстау аудандық филиалының бастамасымен Шетпе ауылында тұратын төрт отбасына асарлатып үй (муни­ципалды) салынып, тұрғындарға пәтер кілті табыс етілді.