Болашаққа бағдар – сан мен сапа
Болашаққа бағдар – сан мен сапа
328
оқылды

Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Абдуалиевтің жылдық есеп беру кездесуі өтті.

Кездесу барысында Академияда өткен оқу жылы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берілді. Соның ішінде білім беру үдерісі және оқу орнының әлемдік жаңа білім беру жүйесіне көшірілуі, қол жеткен жетістіктер мен проблемалар, сондай-ақ халықаралық әріптестік байланыстар сөз болды. Сонымен қатар оқу орнындағы тәрбие жұмысы, оқу үдерісін ақпараттандыру, шаруашылық-қаржылық мәселелер қамтылды.

Тәуелсіз Аккредиттеу және рейтингтік агенттіктің 2019 жылғы мамыр айындағы бағалауымен Академия Қазақстан Республикасының ТОП-20 жоғары оқу орындарының жалпы рейтингісінде 8-орынды иеленді. Сондай-ақ Академия өнер саласындағы жоғары оқу орындары арасында 1 орын алды.

Өнер саласындағы мамандықтарға деген айырықша сұранысты талапкерлердің сандық  көрсеткішінен де байқауға болады. Атап өтсек, 2018 жылы 738 талапкер біздің білім ордамызда оқуға өтініш берсе, 2019 жылы қабылдау комиссиясына 862 талапкер бақ сынаған.

Академия ұжымы бір жыл көлемінде қол жеткізген жетістіктері мен атқарған зор еңбегіне қарамастан, кейбір жеке мәселелер әлі де өзекті. Ол мәселелерді шешу жолында Академияны дамытудың алдағы 5 жылға арналған перспективалық бағдарламасы жасалды. Бұл орайдағы академия ректоры Ақан Абдуалиевтің ұстанымы: «Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы ұлы тұлғаларды дайындайтын орталық. Сондықтан біз санға емес, сапаға мән беруіміз керек» деген сөзімен айқындалады.

Алдымен бағдарлама бойынша білім беру қызметін дамыту және сапасын арттыруға көңіл бөлінеді. Студенттерді көптілді біліммен қамту үшін  ағылшын тілінде және  бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеп, оларды оқу үдерісіне енгізу жоспарланып отыр. Оқытушылық құрамның ағылшын тілін тиісті деңгейде меңгеруі назарға алынған. Сондай-ақ үздіксіз білім беру тұжырымдамасы жасалуы тиіс.

Екінші бағыт – шығармашылық қабілетті дамыту және дарынды жастарды қолдау. Бұл орайда Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес жас таланттар мен көшбасшыларды қолдау мақсатында жасалған «Ел үміті» жаңа бастамасына сәйкес Академияда талантты жастарды қолдау орталығы ашылады. Сонымен қатар студенттердің продюсерлік орталығы құрылмақ. Үшінші бағыт ғылыми‑зерттеу және инновациялық жұмыстардың сапасын арттыруды қамтиды. Оның ішінде отандық және шетелдік ұйымдардың ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу, мәдениет пен өнер салалары бойынша білім берудің  кәсіби стандарттарын әзірлеу, студенттік бизнес-инкубаторлар және стартаптар  құру жоспарланып отыр.

Жұмыстың келесі саласы жоғары оқу орнын интернационализациялауға бағдарланған. Аталған жұмыс жобасы оқытушылар мен студенттердің халықаралық академиялық ұтқырлығын арттырудан және Акдемияда шетелдік оқытушылардың дәріс беруін қамтамасыз етуден тұрады.  


Академияның материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесі күн тәртібінде тұр. Оқу орнының қазіргі пайдалы алаң көлемі, аудиториялар мөлшері жылма-жыл саны өсіп келе жатқан студенттер контингентін толық қамти алмайды. Бұл орайда 2019-2024 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарында жаңа жатақхана ғимаратын,  оқу корпусын және оқу театрын салу көзделген. Сонымен бірге заманауи оқу құралдарымен жабдықтау қарастырылған. Жоғарыдағы мәселелерді қаржылық жағынан шешу үшін жалпы қаржыландыру көздерін әртараптандыру қажет.

Өнер академиясы шығармашылық орталық болғанымен, онда да тәртіп бірінші кезекте тұруы тиіс. Перспективалық жоспарда осыған байланысты республикалық «Адалдық алаңы» сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасының жұмысына қатысу, «Саналы ұрпақ» студенттер клубын құру көзделіп отыр.

Ең соңында Академияны ақпараттандыру көлемін кеңейту қарастырылған. Ол бойынша  Ашық бағдарламалық қамтамасыздандыру («Оpen-source software») лицензияланған бағдарламалық өнімдеріне біртіндеп ауысу, оқу орнының корпоративтік ақпараттандыру жүйесін дамыту, Академия басшылығының жұртшылықпен байланысын кеңейту қарастырылған. 

Есеп беру кездесуін түйіндей келіп Ақан Жылқышыбайұлы: «Қазақ Ұлттық өнер академиясының білім беру мен тәрбиедегі, болашақ өнер тарландарын баптап шығарудағы басты ұстанымы – ұлттық дәстүрлер, шығармашылық мектептер, мемлекеттік маңызды бағдарламалар аясынан тыс шыққан емес. Алдағы уақытта бұл салада да оң өзгерістер орнатып, жетістіктерге жету үшін Академияның білім мен ғылымдағы әлеуетін арттыра береміз» деп атап көрсетті.

Кездесуге Алматы қаласы жұртшы­лығының өкілдері, студенттердің ата-аналары, қалалық және аудандық әкім­­шілік қызметкерлері, мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, қаладағы жоғары оқу орын­дарының басшылары қатысты. Шара соңы Академия студенттердің концерттік бағдарламасына ұласты.

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ