Кедергісіз келешек, шектеусіз мүмкіндік
Кедергісіз келешек, шектеусіз мүмкіндік
482
оқылды

Nur Otan партиясының Қызылорда облыстық филиалы партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында 10 қыркүйек пен 10 қазан аралығында облыс көлемінде әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейім­делуіне мониторинг жүргізуді бастап кетті.

Бір ай көлемінде жоспар бойынша 800-ге жуық ны­санға мониторинг жасау жос­­парланған. Бүгінгі күнге дейін 75 нысанға мониторинг жұмыстары жүргізіліп, талапқа сай келмейтін мекемелерге ескерту жасалды.

Nur Otan партиясы Қызыл­орда облыстық филиа­лы төра­ғасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова бастаған, құрамында үкіметтік емес ұйым­дар, мемлекеттік орган­дардың өкілдері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар ар­найы топ «Еуразия» спорт кешені, Азаматтарға арналған үкімет «Халыққа қызмет көр­сету орталығы», облыстық мұражай, оқушылар сарайы секілді бірқатар нысандарға мониторинг жүргізді.

– Мониторинг барысында анықталған кемшіліктерді түзеуге қатысты тапсырмалар берілді. Мәселен, «Еура­зия» спорт кешенінің сырт­қы пандусын талапқа сәйкес­тен­діру, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы авто­тұрақ орнын белгілеу, облыстық мұражайда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін әжетханаларды талапқа сәйкестендіру секілді ескертулер айтылды, – дейді мониторинг тобының мүшесі, «Қызылорда облыстық мүге­дектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Жұмаділаев.

Рейд кезінде мүгедектердің, тіпті олар үшін бейімделген ғи­мараттарда да көптеген құ­қық­бұзушылық анық­тал­ды. Мүмкіндігі шектеулі жан­дардың көліктері тұратын арнайы тұрақтың болмауы, пандустардың стандарттарға сай еместігі, мүгедектер арба­ларына арналған есіктер және жуынатын бөлмелердің қажетті параметрлерге сәйкес келмейтіні анықталды. Көр­мейтін, естімейтін адамдар үшін рельефті тактильді жа­бын­дардың, дыбыстық сигнал­дардың толық еместігі рейд кезінде белгілі болды.


Базар маңындағы дәрі­ха­налар, дүкендер, банк филиал­дары тексерілді. Қалалық мүге­дектер қоғамының өкілі Диана Смағұлованың айтуын­ша, қаланың бұл бөлігі мүм­кін­дігі шектеулі жандар үшін қол­жетімді емес. Көптеген дә­ріханалар мен дүкендерде пандустар дұрыс орнатылмаған, қоршаулар да талаптарға сай болмай шықты. «Еуразия» спорт кешенінде де бірнеше олқылықтар байқалды. Пандус қолжетімді болғанымен, стан­дартқа сәйкес жасалмаған. Ал облыстық мұражайда бұл жағынан кедергі жоқ. Дегенмен кеңседе лифтпен байланысты проблемалар бар екені анық­талды. Рейд барысында комис­сия мүшелері Азаматтарға мем­лекеттік қызмет көрсету ор­талығы орналасқан ғимараттың қызмет көрсету сапасына жо­ғары баға берді.

Мүмкіндігі шектеулі жан­дарға арналған әлеуметтік ны­сандарды бейімдеу бойынша рейд жұмыстары тек Қызылорда қаласында ғана емес, аудандарда да жалғасады. Мониторинг нәтижелері тиісті органдарға жіберіледі.