Кинематография пайда болғанда, білгірлер театрларға тықыр таянғанын болжады. Бұл ішінара расталды. Кинотеатрлар бұқаралық сипат алды. Ал кезінде Колизейдей алып «стадиондарға» көрермен жиған Опера және балет театрлары кейін қоғамның белгілі бір топтары ғана баратын элиталық өнердің лек-легионына ысырылды. Телевизия дүниеге келгенде де, жауырынға қарап, жорамал жасаушылар кинотеатрлар ісінің ақыры туғанын тұспалдады.
Кинотеатрлар тарих тұңғиығына сүңгіп, құрып кетпегеніне куәміз. Әйтсе де, адамдардың көбі кинотуындыларды «көгілдір экраннан» тамашалайтын болды. Қазақстанда да кинотеатрға жылына бір рет те бас сұқпайтын жандар жетерлік. Оны айтасыз, қазір кинозалы қалмаған елдімекен қаншама!
Салдарынан, бүгіндері тіпті дамыған елдерде де кинотеатрлар мемлекеттің дотациясына зәру. Мысалға, Unifrance вице-директоры Жоэль Шапронның айтуынша, Еуропа елдері көшбасшыларының бірі, Голливуд пен Болливудтан кейінгі қуатты синематографияға ие Францияда кинотеатрлар «алтын қордағы» фильмдерді паш ету арқылы Мәдениет министрлігінен және CNC-тен, яғни Ұлттық кинематография орталығынан, сондай-ақ арт-хаус кино көрсету арқылы «Француз арт-хаус кинотеатрлары қауымдастығынан» (AFCAE) қолдау көреді екен.
Интернеттің пайда болуы, кейбір сарапшылардың байламынша, әлемде «телевизия дәуірін» тұйықтады. Телеарналардағы қаптаған шектеулер мен цензурадан шаршаған көрермен «теңізде жүзген балықтай, ғаламторды кезеді жалықпай». Нәтижесінде, төрде тұрған «көк жәшікті» күніне бірде-бір рет қоспайтын адамдар күн сайын көбеюде. Дегенмен телеарналар Youtube форматына трансформацияланып, жаңалықтары мен бағдарламаларын интернетте Live режимінде таратып, тұйықтан шығуға тырысуда. Бұл жайында «Айқынның» «Qaznet парадоксі» атты мақаласында сарапталды.
Ең күрделі жағдайға қағаз күйінде басылатын баспасөз тап болды. Орталықазиялық жарнама қауымдастығының зерттеуіне жүгінсек, Қазақстанда 2014 жылдан 2018 жыл аралығында газет пен журналдарға бағыт алатын жарнама көлемі екі еседен артыққа – 13 пайыздан 6 пайызға дейін құлдыраған. Ол жарнама қазір интернетте бет алды.
Кейінгі жылдары мерзімді басылымдардың таралымы да күрт кемуде. Кейбір газеттер интернет басылымдармен шайқаста жеңіліс тауып, «майдан даласында» сүйегі саудырап қалды. Мәселен, 2018 жылдың ақпан айының соңында 15 жылдық тарихы бар белгілі «Мегаполис» газетінің соңғы нөмірі шықты. Табысты жылдары таралымы ондаған мыңға дейін шығандаған «Мегаполисте» соңғы 3 жылда небары 7 мыңдай ғана жазылушы қалған. Қағаз нұсқасы жойылып кеткен қазақ басылымдары да жетерлік.
«Қазір бүкіл әлемде баспа БАҚ салмақты дағдарысты бастан кешіруде. Өйткені оқырмандарымыз интернетке кетуде. 2015 жылғы мамыр айынан бастап, біздің бүкіл редакция digital first қағидатында жұмыс жасауға көшті, яғни бірінші кезекте Іnformburo ақпараттық-сараптамалық порталына баса мән береміз. Ал газет сайтта шыққан танымал мақалалардан құралатын. Ол тәсіл өзін-өзі ақтамады» деп түсіндіреді порталдың бас редакторы Михаил Дорофеев.
Ол Қазақстанда газеттердің дағдаруына баспасөзді таратудың республикалық желісінің күйреуі ықпал еткенін айтады. Мысалға, 90-жылдары жолға қойылған газет-журналдарды жеке таратушылар арқылы және даладағы дүңгіршектерде сату жүйесі жойылуға жақын.
Сарапшылардың айтуынша, бір жағынан, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында ондай киоскілер қаланың жаңа келбетіне сай емес деп танылып, жабылуда. Әкімдіктер біразының иесімен арадағы жерді жалға беру келісімшартын ұзартпаған, ал бірқатары күштеп күресінге жіберілген. Басқа жағынан алғанда, осы дүңгіршектер қожайындарының кәсіпкерлікке зиян келтірер түсініксіз қарекеті, нақтылай кеткенде, саудалап өткізген газет пен журналдар үшін редакциялармен уақытында есептеспеуі де түйткілге айналды. Салдарынан бірқатар басылымдарға көшелердегі баспа өнімдерінің сауда желілерімен серіктестікті доғаруына тура келді. Бұл факторлар жайында көп айтылды. «Қазпоштаның» газеттің жаңа нөмірін ауыл-аймақтағы жазылушыларға дрондармен жедел жеткізе бастауы да жағдайды түзей қояр емес.
Басты мәселе – бүкіл қазақ журналистикасының бастауы саналатын, ХІХ-ХХ ғасырларда ұлттық мәселелерді көтеріп, азаттыққа жол салған, бұдан ары да, жаңа жағдайдағы даму даңғылында ұлттық мақсат-мүдделерді ілгерілете беретін қазақ баспасөзін құтқарып қалу.
Мерзімді басылымдарды сақтап қалудан билік те кетәрі емес. Себебі биліктегі биік лауазымды тұлғалардың көбі өздері жазған немесе өздері кейіпкері болған мақалалардың, очерктердің, сыр-сұхбат және басқасының ең алдымен, газет бетінде шыққанын қалайтынын, кейбірі тіпті оны қиып алып, кейінгі ұрпаққа естелік ретінде альбомға салып қоятынын білеміз. Мемлекеттік органдар да өз қызметін жариялаған газеттердің тігіндісін жеке жинайды. Бос уақытында газет оқуды сүйетін оқырмандар да жеткілікті.
Демек, қашан да ұлттық мұрат пен елдік арманның жоқшысы болған, ұлтымыздың ұлыларының қаламы тиген, қайталанбас қолтаңбасы қалған баспасөз жойылса, рухани орта жұтап қалмақ.
Бұған жол бермеу үшін мемлекет алда бірқатар шараларды қолға алуды жоспарлауда. Олар әлемдік озық дамыған елдер тәжірибесіне сәйкес, отандық баспасөзді қолдауға, сонымен қатар азаматтарды сапалы және тиімді ақпараттық қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірледі. Онда газет-журналдарды «қосылған құн салығынан» (ҚҚС) босату көзделуде. Бірақ бұл игілікті пайдалану үшін олар бір шартқа жауап беруге тиіс: нақтылай кетсек, интернетте мекенжайы, web-нұсқасы болуы міндет.
Осы мақсатта аталған заң жобасы арқылы қолданыстағы Салық кодексіне толықтыру енгізіледі. Яғни, «Қосылған құн салығынан босатылған, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу бойынша айналымдар» 394-бабының жаңа 44-1-тармақшасында пайда болады деп күтілуде. Сол арқылы «Мерзiмдi баспасөз басылымдардың өнімін өндіру мақсатында мерзімді баспасөз басылымдары орындайтын және көрсететін жұмыстар мен қызметтер» де салмақты ауыртпалық болып отырған ҚҚС салығынан азат етіледі.
«Осы тармақша ережесінің мақсаттары үшін мерзімді баспасөз басылымдарына мынадай талаптар қойылады: резидент-салық төлеуші болуы; мерзімді баспасөз басылымының интернет-нұсқасы болуы міндет» делінген заң жобасында.
Министрлік дамыған елдер тәжірибесі негізге алынғанын алға тартады:
«Еуропаның көптеген елдерінде БАҚ салықтарды төлеу кезіндегі жеңілдіктер немесе салықтарды төлеуден босату түрінде тікелей емес мемлекеттік субсидиялар алады. Жеңілдіктер мөлшері әр елде ерекшеленеді. Мысалы, Норвегияда баспа БАҚ 1970 жылдан бастап толығымен қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған. Бүгінде дамыған елдердің үлгісі бойынша жүру қажеттілігі туындауда. Өйткені бұл шаралар сұранысы азайған БАҚ-ты (мерзімді баспа басылымдарын) қолдауға мүмкіндік береді».
Әйткенмен, заң жобасын әзірлеушілер қабылданғалы отырған шаралар тек уақытша сипатта болатынын ескертеді.
– «ҚҚС бойынша «нөлдік» ставка тек газеттің өзі шығаратын баспа өнімдерін өндіру және тарату бойынша қаржы айналымдарына қатысты қолданылады. Бұл ретте «нөлдік» ставканы қолдану құқығына резидент (Қазақстанда тіркеліп, салық төлейтін) мерзімді баспа басылымдары ғана ие болады. Сонымен бірге мерзімді баспасөз басылымдарын ынталандыру мақсатында олардың интернет-нұсқасының болуы жөніндегі талап қойылады. Онлайн-басылымға уақытылы және жаппай көшу республикамыздағы осы нарықтың конъюнктурасын зерттеуге жол ашады, – деп түсіндіреді министрлік.
Құжаттағы тағы бір жаңалыққа тоқталып өтсек. Қолданыстағы заң бойынша «республикалық деңгейдегі мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізуге бағытталған мемлекеттік тапсырысты орналастыруға» мемлекеттік сатып алу туралы заңнама күші таралмайды. Енді осы қатарға БАҚ-қа арналған өңірлік мемтапсырысты да қосу ұсынылуда.
«Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік ақпараттық тапсырысты әр жерде өз беттерінше, дербес қалыптастырады, орналастырады және жүзеге асырылуын бақылайды. Алайда іс жүзінде өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық тапсырысты (МАТ) іске асыру саласында бірқатар проблема бар. Мәселен, не сапалы материалдық-техникалық базасы жоқ, не БАҚ секторында тиісті жұмыс тәжірибесі жоқ, кәсіби емес қатысушылар мен жеткізушілер байқауға жіберіледі. Бұл өз кезегінде түпкі медиа өнімге кері әсер етеді, ақпаратты тұтынушылар зардап шегеді. Жалпы, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жергілікті жерлерде іске асыру тиімді болмай тұр» дейді ведомство.
Сондықтан заң жобасы тұжырымдамасына сәйкес, біріншіден, өңірлік ақпараттық тапсырысты орналастыру рәсімін мемлекеттік сатып алу жүйесінен шығарып алу көзделуде. Екіншіден, барлық 17 өңір үшін МАТ-ты іске асырудың бірыңғай ережелерін белгілеу ұсынылады. Соның ішінде министрлік мемтапсырыс тақырыптарын міндетті түрде жергілікті билікпен келісуі керек.
Бұл шара мемлекеттік ақпараттық саясаттың бірыңғай, ортақ жүйесін түзіп қана қоймай, сондай-ақ өңірлік деңгейде сапалы контент шығаруға ықпал етеді деп күтілуде.