Жаңа құрылған Экология министрлігі алғашқы бір қадамын сауда орындарында халыққа тегін берілетін полиэтилен пакеттеріне тосқауыл қоюдан бастамақ. Сарапшылар мұны шенеуніктердің кезекті көзбояушылығы деп санайды. Өйткені бұл пакеттер табиғатты ластаушы заттардың мардымсыз пайызын ғана құрайды. Ал ғаламшар экологиясын құртатын негізгі кесір – газды сусындар мен жай судың пластик бөтелкелері, пластик заттар, тіпті шенділер қолданатын орындық пен кеңсе заттары. Ал оларға ешкім де тыйым салғалы отырған жоқ.
Филолог, Қазақстанда да белгілі дендизм туралы кітаптың авторы Ольга Вайнштейннің бағалауынша, пластик пакет – «кеңес адамының байлық туралы арманының символы». Кеңес Одағында өткен ғасырдың 30-жылдары «авоська» аталған торлы дорба пайда болды. Оны белгілі кеңестік сықақшы Аркадий Райкин ойлап тапқан: 1935 жылы алғаш рет осы дорбамен сахнаға шыққан әзілқой көрерменге қайырылып, оның негізгі мақсатын түсіндіреді: «Это – авоська. Авоська я что-нибудь в ней принесу!».
– Бұрынғы кеңестік республикалардың барлығында «авоська» деп аталатын торлы дорба негізінен, жаппай тапшылық жайлаған жылдардың, Брежневтің тоқырау дәуірінің, бертіндегі «қайта құру» кезеңінің, яғни дүкен сөрелері тауарсыз бос қалған заманның нышаны болып есептеледі. Ол кезде ата-аналарымыз қалтасына осы торлы дорбаны не басқа дорбаны салмай шықпайтын. Себебі кез келген мезетте тауар түсуі мүмкін. Ол кезде тауар сатып алу аң аулауға шығумен тең: сәтін жіберіп алмау керек. Егер дүкен жақта адамдар жиналып жатқанын байқаса, дереу жетіп, жандәрмен кезек шетіне тұра қалуға тырысатын, сосын не үшін кезекке тұрғанын сұрайтын. 90-жылдары шетелдік тауарлармен бірге пластик пакеттер келді. Заманмен бірге адымдауға ұмтылған жастар, кейіндері барлық адамдар осы пакетке көшті, – дейді Ольга Вайнштейн.
Оның айтуынша, пластик пакеттер Кеңес Одағында ХХ ғасырдың 60-жылдарының соңы мен 70-жылдардың басында қолданыла бастады. Бірақ тек биліктегілер ғана бас сұғатын арнайы дүкендерде берілгендіктен, бұқара оны сирек көретін. 90-жылдары Қазақстанға ала дорбалармен қытайлық заттар тасқындай жөнелгенде, пластик пакеттер де жалпыға бірдей «игілікке» айналды. Халық оны біз алыстап қалған өркениеттің аңсарлы бөлшегіндей қабылдады. Шынында олай емес еді.
Қалай болғанда да, полиэтиленнен жасалатын осы «дорбалар» бүгінде, әсіресе, көлігі жоқ, жаяу қозғалатын жұртшылық үшін заттарды тасымалдауға, қоқыс шығаруға керекті, маңызды зат. Енді ел ол дүниесінен айырылатынға ұқсайды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі сауда орындарына, дүкендерге, базарларға, гипер-супермаркеттерге пластик пакеттерді тегін үлестіруден бас тарту талабын қойды. Ведомство басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің байламынша, бұл табиғатты қорғау үшін аса қажет. Министр Қазақстан аумағында жыл сайын 5 миллион тоннадан астам қатты тұрмыстық қоқыс түзілетінін алға тартады.
– Оның ең кем дегенде, 11-15%-ын пластмасса заттар, бірінші кезекте, полиэтилен пакет құрайды. Олар қайта өңдеуге жатпайды, тек көмілуі шарт. Ал пластиктің шіру үдерісі жүздеген жылға созылады. Суда жатқан пластик ұсақ бөлшектерге ыдырайды да, оларды балық жұтады. Артынан балықпен бірге адам ағзасына түседі, – дейді М.Мырзағалиев.
Дамыған елдер тәжірибесін зерделеп, отандық нарықтағы жағдайды қараған меморган «Атамекен» ұлттық палатасымен тиісті меморандум бекітті. Құжат елімізде әлгі пакеттерді сатуды кезең-кезеңмен шектеуді қарастырады. Алдымен, олар тегін болудан қалады.
– Пакеттерді сауда желілері тегін таратпайды, тек сатады деп ұсынылуда. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қажетті тәсілдер қолданылса, пластик пен полиэтиленді тұтыну 30%-ға дейін азаяды. Бұл пакеттерден бас тарту әзірге ерікті сипатта болады және ол экология үшін жасалуда. Сауда орындары, дүкендер бұл акцияға қосылады деген үміттеміз, – деді министр.
Расында, «тілегені алдынан іздемей-ақ табылған» еліміздегі ірі сауда желілері пакеттерін клиенттерге тегін ұсынудан бас тартып, сатуға кірісті. Мұны олар министрліктің тапсырмасы ретінде түсіндіреді.
Бұл бастаманы Сауда желілері қауымдастығы да қолдаған. «Біз пакеттерді тегін үлестіруді тоқтату керек екенін бұрыннан айтып келеміз. Кейбір сауда желілері биопакеттер беруге көшті. Рас, ол полиэтилен пакеттерге қарағанда, әлдеқайда қымбат тұрады. Жалпы, біз оны қолдаймыз!» – дейді қауымдастық кеңесшісі Елбегі Әбдиев.
Осылайша, министрліктің бұл қадамы қарапайым қазақстандықтардың өмірін елеулі түрде өзгертетін түрі бар. Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтардың наразылығын тудыруы мүмкін осы шара экологияны қорғауда тек символдық мәнге ғана ие: пакеттер шынында, пластик қоқысының мардымсыз бөлігін құрайды. Бұған қазақстандықтардың үнемшілдігі – бір пакетті бірден лақтырып тастамай, бірнеше рет әр мақсатқа пайдалану әдеті себеп.
Оның үстіне, шенеуніктер бұл пакеттерді «биоыдырайтын» нұсқасына алмастыруды ұсынады. Алайда дамыған елдерде оған да тыйым салу үрдісі басталуда: экологтар «биоыдырайтын» пакеттердің шіруі табиғи биоқалдықтардың шіруінен ерекшеленетінін, тиісінше, бәрібір қоршаған ортаға басы артық салмағын салатынын анықтаған.
Жалпы, министрліктің пакетпен күресте қаншалықты алысқа құлаш сермейтіні, болашақта халық арасында «целлофан пакет», «маечки» аталатын жұқа, жыртылмалы пакеттерге де тыйым салатын-салмайтыны белгісіз қалуда. Әзірше тек үлкенірек пакеттер жайында сөз болып отыр. Ал егер қалыңдығы 15 микрометрден аспайтын жұқа пакеттерге де шектеу қойылса, бұл тамақ пен тауар ысырабына соқтыруы ғажап емес: қазақстандықтар кәмпит, печенье, қант, жарма, күріш және басқа да грамдап-келілеп сатылатын өнімдерді жұқа пакеттермен алады. Олардың бәріне қағаз пакет шақ келмесі сөзсіз.
Жалпы, кілең дамыған елдерден тұратын Еуропалық одақтың өзі пластик пакеттерді тегін беруден тек 2016 жылы ғана бас тартты. Мысалға, Германияда сауда орындары осыдан екі жылдай бұрын пластик «дорбалар» үшін сатып алушылардан ақы жинауға кірісті.
Ал бұқарасының әл-ауқаты жөнінен Қазақстан бұл мемлекеттерден әлдеқайда, ондаған жылдарға артта қалғаны жасырын емес. Демек, биік лауазымды шенеуніктер осындай асыққан істерімен елді ашындыра бермегені жөн.
Жақында Табиғатты қорғау қоры (World Wide Fund For Nature) пластик қоқыстағы полиэтилен пакеттерінің үлесі небәрі 1%-ды ғана құрайтынын хабарлады. Ұйым сарапшыларының тұжырымдауынша, егер әлем елдері тегіс пластик пакеттерден бойды аулақ салып, қағаз пакеттерге көшсе, бұл табиғатқа әлдеқайда пайдалы деп айтуға тіпті де болмайтынын ескертеді. Біріншіден, қағаз көп тұтынылып, ағаштар жойылады. Екіншіден, пластикке қарағанда, бір қағаз пакетін жасау үшін электр энергиясы екі есе көп жұмсалады. Демек, Жер шарының «қызуын» көтеретін «парник эффекті» күшеюі ықтимал.
Үшіншіден, қағаз сонша берік емес және ондай пакеттерді қайтара пайдалану күрделі. Алманияның Naturschutzbund Deutschland (NABU) табиғат қорғау ұйымының тұжырымдауынша, матадан тоқылған пакеттер де тұйықтан шығармайды: өндіруге кететін барлық шығындарын өтеу үшін ондай пакетті 100 рет пайдалануға тура келеді.
Шенеуніктерден қарапайым жұртшылық та сауатты қадам күтеді. Ортағасырлық атақты испан жазушысы Мигель Сервантес де Сааведра романының бас кейіпкері Дон Кихот Ламанчский алып тұлғалы жау екен деп ойлап қалып, жел диірменімен шайқасқаны, ақырында қатты зардап шеккені мәлім. Шенеуніктердің сол Дон Кихоттай жел диірменімен айқасуы әбестік.
Сонымен бірге, пластик қалдықтардың көбеюімен күрескен абзал. Өткен жылы бұл қалдықтардың табиғатқа, әлемдік мұхитқа және адамзат өміріне залалын терең зерттеген америкалық National Geographic: «Біз пластикті жасадық. Біз пластикке тәуелді болдық. Енді біз соған батып барамыз!» деген күрсініске толы мақала жариялады. Онда айтылғандай, ХІХ ғасырда ойлап табылған, дегенмен өндірісі тек ХХ ғасырдың ортасында ғана басталған пластмассаның дүниежүзіндегі көлемі 9 миллиард тоннаға жуықтады. Оның 7 миллиардтайы – қалдықтар. Пластик, соның ішінде микропластик жыл сайын теңіздердегі миллиондаған тіршілік иесін өлтіреді. Ғалымдар жануарлардың 700 биологиялық түрі содан зардап шегіп, жойылу алдында тұрғанын мәлімдеді. Бұған иесіз қалған балық аулау торына шырмалып жантәсілім еткен жануарлар да кіреді. Өзен-көлдердегі шақырымдарға созылып жатқан, әлдекімдер тастап кеткен пластик торлардың су жануарларына келтіретін зардабы Қазақстанда да апат деңгейіне дейін жеткені құпия емес.
Әрине, әзірге пластмассадан адамзат мүлдем бас тарта алмайды. Тіпті ғарышқа ұшатын зымырандар да онсыз көтеріле алмайды. Пластмассалы элементтер арқасында заманауи автокөліктер, ұшақтар салмағы азайтылады, олар тұтынатын отын көлемін кемітуге септеседі, тиісінше, қоршаған ортаның ластануын азайтады. Пластик медицина, жеңіл өнеркәсіп, тіпті банк секторында революция жасады.
Экологтар ең көп зиян пластиктен жасалған бөтелкелерден және басқа да бір рет пайдалануға арналған ыдыс-аяқтар мен контейнер-қаптамалардан келетініне назар аудартады: әлемдегі пластмассадан өндірілетін барлық заттардың 40 пайызын осылар құрайды. Өткен жылы әлемдік ірі өндіруші Coca-Cola жылына 128 миллиард пластик бөтелке шығаратынын мойындады. Олардан Nestle, Pepsico және басқа да жаһандық кәсіпорындар қалысар емес.
Әйткенмен, пластик шөлмектегі сусынды сатуға тыйым салуға Экология министрлігінің құзыры жетпейді. Сондықтан ол әлі жететінге – тегін таратылатын пакеттерге қырғидай шүйліккен сыңайлы.