12 жылдық білімге дайынбыз ба?
12 жылдық білімге дайынбыз ба?
310
оқылды
12 жылдық білім беру жүйесін сынақтан өткізу 2002 жылдан бастау алған-ды. 2003-2004 оқу жылдары еліміз бойынша 51 мек­тепте тәжірибелік сынып ашылған еді. Жыл өткен сайын тәжірибелік сынып саны өсті. Бірқатары жемісін беріп, 12 жылдық оқу кезеңінің тиімді екенін көрсетті. Негізі, мұндай стандартты енгізу мектепке дейінгі білім жүйесін бірізділікке салумен тікелей байланысты болды. Осылайша, «мектепалды дарярлық сыныбы + 11 сынып» құрылымымен білім беруді негізге алдық.  

12 жылдық білім берудің маңызы қандай?

Қазір әлем елдерінің 80%-ы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкен. Осыған сай 12 жылдық мектепке есептелген халықаралық білім беру стандарты қалыптасқан екен. Еуропа кеңесі деклара­ция­сына сәйкес, дүниежүзінде 136 елде оқушылар 12 жыл мек­тепте оқиды. 12 жылдық білім берудің ма­ңы­зына тоқталсақ, алдымызда функ­ционалды сауатты, құзы­реттілік түрлерін бойына сіңірген жеке тұлға қалыптастыру міндеті тұр. Дамыған елдердің тәжіри­бесіне сүйеніп, білім деңгейін теңестіру жайы тағы бар. Негізінен, еліміз бет түзеген 12 жылдық жалпы орта білім беру үш сатыдан тұрады. Бастауыш білім беру (1-4-сынып), негізгі орта білім беру (5-10-сынып), жалпы орта білім беру (11-12-сынып). Әр құры­лымның өзіне сай ерекшелігі бар. Басты назар аударар жайт, мұнда баланы 6 жастан 1-сыныпта оқыту көзделген. Ал бұл баланы жаңа ортаға бейімдеуге, ма­шықтарды меңгертуге ықпал етеді. Адамның жеке тұлғалық қасиетін қалып­тас­тыруға жол ашады. Білімді, бәсекеге қабілетті әрі шығармашыл болуға жетелейді. 12 жылдыққа көшудің жекелей сипаты – осы. Елімізде бастауыш сыныпта оқушыны қалып­тасуға, өз бетінше білім алуға, коммуникативті дағдыны дамытуға мән берілмек. Негізгі орта білім, яғни 5-10-сынып аралығында теориялық ойлау тәсілдері мен ғылыми таным әдістерін игеруге ден қойылмақ. Ал 11-12-сынып бейінді оқытуды көздейді. Оқушы өзіне қажетті, кейін бакалаврда демеу болатын пәндерді оқуға бейімделеді. Егер осы жүйені нақты енгізер болсақ, университет пен колледждегі қайталау пәндері мен керексіз сабақ­тардан құтылар едік. Өйткені оқушы мұның бәрін 11-12-сыныпта меңгеріп алмақ. Сонда білім жүйе­сінде айтарлықтар өзгерістер орын алып, жоғары оқу орнында ғылым мен техниканы игеруге басым­дық берілері хақ.  

Нені ескеру керек?

Алдымен, 12 жылдық білім беру жүйесі толы­ғымен енгізілсе, салаға нендей жаңашылдық енерін бағамдап көрейік. Біріншіден, жоғары педагогикалық статусы бар ұстаздар көбейеді. Әрине, 12 жыл білім беру үшін негізгі ресурс – мұғалім мен кітап. Осы екеуін стандартқа сай етіп даярласақ, біраз жерден ұтарымыз анық. Екіншіден, мектептен кейін жаңа өмірге дайын, қандай маман боларын жете білетін оқушы тәрбиелеу. Үшіншіден, ақпараттық тех­нологияны толық меңгерген буын қалыптасады. Ал осындай нәтижеге жету үшін нені ескерген жөн?
Білікті ұстаз Дана Рау ең алдымен еліміздің білім саласын дамыту стратегиясын айқындау қажетін еске салды. Ол үшін енгізілген жаңартылған білім беру мазмұнына жан-жақты талдау жасалу міндеті күтіп тұр. Оның айтуынша, қандай да болсын реформаның нақты қорытындылары аналитикалық талдау ретінде шығуы керек. «Талдау жай ғана пилот­тық мектептерде жүргізілген мониторингтің есебі емес, ғылыми негізі бар, бірнеше бағыттағы талдау болуы шарт», – дейді ол. «12 жылдық білім беру жүйесіне өту үшін қайтадан Америка ашудың қажеті жоқ. Ең бас­тысы, енгізілген бағдарламаның мазмұны мен оның іске асырылуына, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне жан-жақты талдау жасалуы керек. Қоры­тындысы 12 жылдықтың бағдар­ламасын әзірлеуде есепке алынса, жүйелі жоспар құруға мүмкіндік беріп, еліміздің білім беру саласын дамыту ісі бірізге қойылары сөзсіз. Мәселен, білім беру стандартының тиімділігі, кадрлардың дайын­дығы және білім берудің дамуына ықпалы. Білім беру сатыларының бөлінуі және ЖББМ-мен үйлесуі. Педагогикалық өлшем­дердің тиімді-тиімсіз жағы, жетістіктері мен кемшіліктері. Білім беру стандарттары мазмұ­нындағы бірізділіктің сақталуы, сабақтастығы, өзара байланысы, метатанымдылығы, өлшемі мен қолжетімділігі ескерілуі тиіс», – дейді Дана Рау.
Дана Раудың жіктемелеріне ұстаз Нұргүл Әбіл­дина да қосылады. Ол сапалы кадр проблемасы, материалдық-техникалық база, жоғары сынып оқушыларын мамандыққа бейімдеу мәселесіне үңілу керегін айтты. Мұғалімдерді қайта даярлау ісіне де көңіл бөлуді ұсынды. Бастысы, осы үрдістің психологиялық тұрғыда іске асуына да мән беріп, реформалау науқанына айналып кетпеуін қада­ғалауды атап өтті. Ұстаздардың пікірін сұрап, әлеуметтік желідегі ойына да назар аударғанымызда, Арман Арғын­баевтың Facebook парақшасындағы пікірі көпке ұнағанын байқадық. Ол оқу жүктемесін азайтып, 12 жылға икемдеуді ұсынған. Қазіргідей күніне 8 сабақ болса, ата-ана мен оқушыға қиындық тудыратынын негізге алған. Сондықтан бірауысымды мектеп санын көбейтіп, дамыған елдегідей оқушының мектепте үй жұмысын орындап, үйірмеге қаты­сатындай жағдай жасау керегін жазған. Айта кетер­лігі, ол жігіттерді әскерге 18 жастан емес, Еуропа еліндегідей 20 жастан шақыруды жөн деп санайды. Себебі 12 жылдық білім беруге көшсек, оқушы 19 жаста мектеп бітіруі мүмкін. Ұстаз ма­мандардың 11-12-сыныптағы білім берудің колледж стан­дартына сәйкес келіп, ЖОО-ға жете­лейтін ал­ғы­шартты қадағалауын сұрайды. Қалай десек те, білім жүйесін «күрделі жөндеу» күтіп тұр. Жаңартылған білім мазмұнының кем-кетігінен бастап, жаңа стандарттардың жіктелуіне дейін ойластыру қажет. 12 жылдыққа көшу бары­сында ұсыныс көп болары анық. Білім және ғылым министрі жаңартылған білім мазмұны толықтай еніп, оқулық сапасы жақсарғанда 12 жылдыққа көшудің қамына кірісерімізді нұсқаған. Осыған дейін Президент те 12 жылдық білім беруге сатылай көшетінімізді айтқан.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ