Қорғаныс министрлігінің өкілдері Мәжіліс төрағасынан қатаң сөз бен өткір сын естіді. Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттарды алаңдатқан сауалға ведомство шенділері лайықты жауап қайыра алмады. Мәселе соғыс бола қалған жағдайда азаматтардың көліктерін әскери мақсаттар үшін тартып алу айналасында өрбіді.
Қалаулылар «Кейбір заңнамалық актілерге жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оған сәйкес, Қорғаныс министрлігі жұмылдыру және соғыс жағдайы кезінде Қазақстанда енгізілетін «әскери көліктік міндеттің» тәртібін әзірлеп, оны Үкіметтің бекітуіне енгізеді. Тиісті тәртіп жеке және мемлекеттік ұйымдардың, сондай-ақ қарапайым азаматтардың көлік құралдарын тегіс қамтымақ.
Дегенмен, бұл талаптың өмірде қалай іске асатыны, оның тетіктері депутаттарға да түсініксіз болып отыр. «Әскери мақсатқа жұмылдырылған кәсіпкерлер мен азаматтардың автокөліктері үшін қалай ақы төленеді?» деп сұрады қалаулылар.
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, генерал-майор Мұрат Бектанов тиісті құжат әзірге дайын емесін жеткізді.
– Азаматтардың және кәсіпорындардың көліктік міндеті бойынша арнайы ережелер әзірлейміз. Бұл мәселені ары қарай қарастырудамыз. Тұтастай алғанда, толыққанды көзқарас қазір жоқ. Бірақ осы заң жобасында бізге әскери көліктік міндет ережелерін әзірлеу бойынша тапсырма беріліп отыр, – деп қысқа қайырды ол.
– Сонда министрліктің бұл мәселеде төл ұстанымы жоқ па? – деп нақтылады Мәжіліс төрағасы.
– Жұмылдыру құжатына сәйкес, Қазақстан аумағындағы барлық көлік соған қосылады. Олар тіркеуде тұр. Біз оларды әскери қажеттіліктер үшін реквизициялаймыз, – деді Бас штаб бастығы.
Заң жобасын Мәжілісте қорғаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қосымша түсініктеме бере кетті.
– Қазіргі уақытта бұл салада тиісті ережелер күшінде. Ол Үкімет қаулысымен 2005 жылы іске қосылған. Ережелерге сай әскери жағдай енгізілген жағдайда көлік атаулы азаматтардан алып қойылуы мүмкін. Бұл ретте заңды тұлғаларға да, жеке тұлғаларға да бюджет заңнамасы бойынша 60 күн ішінде көліктің толық құны көлемінде өтемақы жасалады. Ал мына заң жобасы арқылы Үкіметтің аталған ережелерді қайта бекіту өкілеттігі белгіленіп отыр. Біз жаңа ережелерді енді Қорғаныс және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, пысықтаймыз. Соның аясында өтемақы жасаудың нақты тетіктері де, нормативтері де түзіледі. Осы ережелер тек әскери-соғыс жағдайында ғана әрекет ететін болады, – деді мемлекеттің бас экономисі Р.Дәленов.
– Бұл бұрыннан қалыптасқан ұстаным көрінеді, 2005 жылғы Үкімет қаулысымен күшіне енген екен. Ал Қорғаныс министрлігі одан түк білмей отыр. Сол білмеу кесірінен сіздерде қаншама былық болып жатыр. «Біз ортақ ұстаным қалыптастыратын боламыз» дейді мында бізге. Ал ол баяғыда-ақ түзіліп қойылған. Оны тек алда заң аясында жүргіземіз. Мұрат Кәрібайұлы, мұны білу керек қой! Сіз білдей бастықсыз. Оны білмесеңіз, ертең қоластыңызда жұмыс істейтін өзге офицерлер қайдан біледі?! – деп сөкті Нұрлан Нығматулин.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдардың және жекеменшік кәсіпорындардың жұмылдыру тапсырмалары мен тапсырыстарды орындауына бақылауды күшейту мәселесі де қызу пікірталасқа тамыздық болды. Осы орайда, мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарды бақылау тетіктері жеріне жеткізіле жазылғанына, ал жеке секторға қатысты нақты механизмдер қарастырылмағанына назар аудартқан палата басшысы мұның дұрыс емесін баса айтты.
Үлгілік келісімшарт әзірлеу жайын сөз еткен Мәжіліс төрағасы ол құжатта бақылау тәртібі жан-жақты айқындалуға тиісін жеткізді. Келісімшартты Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп, бекітуі керек.
– Осы құзыретті біз қарастырып отырған заң жобасында бекіткен жөн, – деп түйген Н.Нығматулин екінші оқылымға дейін айтылған мәселелерді пысықтауды жүктеді.
Заң жобасында мемлекеттік органдардың жұмылдыру дайындығы саласындағы құзыретінің аражігін ажырату және жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізуді мемлекеттік бақылау құзыретін беру көзделеді.