Одақтасқан жақсы. Бірақ оның барысында қастерлі «үш Т» – тәуелсіздік, теңдік және тиімділік сақталғаны маңызды. Олай болмағасын, КСРО-да одақтас республикалар орталықтан талай құқай мен қиянат көрді. Қазақстан бұл тарихтың қайталануына қазір жол берілмейтінін анық аңғартуда. Ел Президенті Қ.Тоқаев ЕАЭО аясында әкімшілік кедергілер, сауданың шектелуі және басқа түйткілдер жойылуы тиіс екенін нықтады.
Армения астанасы Ереванға сапарлаған Қазақстан Президенті бірқатар екіжақты кездесуден кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысты.
Еуразиялық одақ елдері басшыларының саммитіне Қ.Тоқаевпен бірге, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей президенті Владимир Путин, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян жиылды. Бұдан бөлек, шараға ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекет басшысы ретінде Молдова президенті Игорь Додон, сонымен қатар құрметті қонақтар – Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани және Сингапур премьер-министрі Ли Сянь Лун қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік сауда-саттықты дамытудың маңызды бір буынына айналғанына сенім білдірді.
Ол нарықтағы жылдам өзгеріп жатқан ахуал, державалар арасындағы бәсекелестіктің артуы, сауда соғысы, протекционизмнің өршуі жаһандық экономиканың тұрақсыздығына түрткі болатынын атап өтті. Сондықтан Мемлекет басшысының байламынша, қауіпті процестерді еңсеру үшін бірқатар проблемаларды шешуге баса мән беру керек.
Ең алдымен, дүниежүзінде, әсіресе, негізгі сауда әріптестеріміз саналатын Еуропалық одақ пен Қытайда экономикалық өсім қарқынының баяулауы ЕАЭО елдеріне де кері әсер етуі ықтимал. Биыл одақ аясында өзара алыс-беріс көлемінің қысқаруы тіркелуде. 2019 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша Еуразиялық одақтың өзге елдермен тауар айналымы 2%-ға төмендеді. Қынжылтатыны сол, одақтас бес мемлекеттің өзара сауда-саттығы 5%-дан артыққа – 28 миллиард долларға дейін құлдырап кеткен. Мұны ел Президенті «алаңдататын үрдіс» деп атады.
– Бізді әрине, қазақстандық өнімдер экспортының қысқаруы толғандырады. Қазақстанның ЕАЭО елдеріне өткізген экспорты 6,3%-ға азайды. Бұл ретте оның экономикалық себептері де бар. Алайда біздің тауарлар алдына әкімшілік кедергілердің қойылуы фактілерін де ескерусіз қалдыра алмаймыз. Дүниежүзінде қалыптасқан күрделі жағдайда мемлекеттеріміздің орнықты экономикалық өркендеуін қамтамасыз ету төтенше маңызға ие. Бұған тек шынайы әрі өзара тиімді ынтымақтастық, интеграция мен кооперацияның арқасында ғана қол жеткізуге болады, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол «ортақ ішкі нарықтағы кедергілерді жою жұмыстарын жалғастыру керектігін» қадап айтты. Жалпы, одақ ішінде еркін сауда үшін қажетті келісімшарттар қабылданды, нормативтік база қалыптастырылды. Дегенмен іс жүзінде ұлттық нарықтарда жергілікті тауар өндірушілерді қорғауға деген ұмтылыс кей жағдайда ол уағдаластықтардың тиімділігін жоққа теңелтеді. Одақтас өніміне де тосқауыл қою үшін әртүрлі сараптамалар енгізіледі. Федералдықтан тыс, өңірлік деңгейлерде де қаптаған қосымша талаптар қойылады, ресми емес бұйрықтар мен тапсырмалар беріледі. Салдарынан, ведомстволық, өңірлік шешімдер ЕАЭО аясындағы келісімдерге нұқсан келтіреді.
Оның үстіне мұндай шектеулердің енгізілуі БАҚ арқылы барынша кең жарияланады. Осы арқылы одақтастың қандай да бір кәсіпорнының, тіпті тұтас саласының тұтынушылар алдындағы беделіне дақ түсіріледі. Қ.Тоқаев мұндай тәжірибелерге жол беруге болмайтынын, себебі олар интеграция қағидаттарына қайшы келетінін ескертті.
Мұның сыртында ЕАЭО соты әу баста өзіне жүктелген мақсат-міндеттерге толыққанды сай еместігі ашық айтылды. Бұл құрылым кез келген мемлекеттен және олардың атқарушы билік органдарынан тәуелсіз жұмыс істейді деп күтілген. Бұл соттың қабылдаған қорытындылары тек кеңес-ұсыным сипатына ғана ие. Кесірінен, тараптар оның шешімдерін орындай бермейді.
Келесі бір көкейкесті мәселе ретінде жаһандық нарықтар тоғысында орналасқан Еуразиялық одақтың орасан әлеуетін пайдалануы тиістігі алға тартылды. Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО аясындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықта қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
– «Қытай – Еуропа – Қытай» бағытындағы транзиттік операциялар мен экспорт-импорт көлемінің тұрақты артып келе жатқаны байқалады. «Вьетнам – Қытай – Қазақстан – Еуропа» бағытында трансқұрлық теміржол желісі іске қосылды. Ол Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығына кіретін мемлекеттер нарығына біздің тауарларды шығарудың логистикалық мәселесін шешеді. Аталған көлік дәлізі теңіз тасымалына жақсы балама және Оңтүстік-Шығыс Азиядан ЕАЭО мемлекеттерінің аумағы арқылы Еуропаға қысқа мерзімде жүк жеткізуге мүмкіндік береді, – деген Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық комиссияға және ел үкіметтеріне одақтың «Біртұтас транзиттік жүйесін» түзу жұмыстарын жеделдетуді ұсынды.
Бірқатар жетістіктерге қарамастан, күні бүгінге дейін санкцияға іліккен тауарлардың Қазақстанға тасымалы және еліміз аумағы арқылы өзге елдерге транзиті кезінде қиындықтар тууда. Мемлекет басшысының пайымдауынша, мұның барлығы ЕАЭО елдерінің бір-бірімен және өзге мемлекеттермен ынтымақтастығына кері ықпал етуде.
Тағы бір өзекті мәселе – озық технологияларды тарту үшін қызықты және қолайлы орта түзу. Әйтпесе, Еуразиялық одақ елдеріне өркениеттің даму жолының шетіне шығып қалу қаупі төнеді. Мұндағы басымдықты бағыт – экономикаларды цифрландыру. Одақ аясында 2017 жылы «Цифрлық күн тәртібі» қабылданды. Алайда осы саладағы бірлескен табысты жобалар туралы мәлімет жоқ.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан Президенті «кейбір қатысушы мемлекеттер байқағысы келмейтін» тақырыпты көтергенін мәлім етті.
– Біз биыл ЕАЭО елдеріне жеткізілетін қазақстандық экспорттың төмендегенін тіркеп отырмыз. Рас, әлемдік экономикадағы жалпы ахуалмен байланысты экономикалық себептер де баршылық. Әйткенмен, одақтастарымыз нарықтарындағы кедергілер де мұнда үлкен рөл атқарады. Барлық елде кәсіпкерлік табысты жұмыс істеуі үшін ынтымақтастық пен кооперация қажет. Ол барлық ел үшін тең шартты, протекционизмсіз және ішкі жасырын шектеулерсіз болуы тиіс, – деді Б.Сұлтанов журналистерге берген сұхбатында.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің күн тәртібіндегі басты мәселе – осы одаққа мүше мемлекеттер мен Сингапур арасындағы Еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қою болды. Келісім ЕАЭО елдері үшін 600 миллион халқы бар АSEАN қауымдастығы мемлекеттерінің алып нарығына жол ашады. Осы орайда, Қ.Тоқаев үдемелі түрде өсіп жатқан нарықтармен сауда-экономикалық байланыстарды өркендетудің және бұл бағыттағы келіссөздердің жоғары қарқынын сақтаудың маңызына екпін түсірді.
– ЕАЭО болашағы – оның Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да ірі халықаралық ұйымдармен байланысын жолға қоюында. Бүгінгі Жоғары кеңестің отырысы барысында Сингапурмен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды. ЕАЭО Вьетнамды қоса алғанда, екінші елмен осындай келісім бекітті. Иран Ислам Республикасымен де сауда-экономикалық және логистикалық ынтымақтастықты дамыту – маңызды мәселе, – деп түйді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Саммит отырысы соңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисянды ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес қорытындысында 20 құжат қабылданды.
Президент сонымен бірге «Еуразия континентінің транзиттік әлеуеті» форумына қатысты. Мұндай форматтағы іс-шара ЕАЭО үшін жаңалық болды. Форумда көлік-логистика саласын дамыту, одақтас елдердің транзиттік мүмкіндіктерін нығайту мәселелері талқыланды.