Ең қымбат бес қала
Ең қымбат бес қала
380
оқылды

Бүгінгі күні баспанаға жету әрі оңай, әрі қиын. Олай дейтініміз – қалтаңызда ақша болса қай қаладан болса да, өз арманыңыздағы үйге қол жеткізуге болады. Ал қиыны – бір ғана жалақыға қарап қалсаңыз және тұрғын үй кезегінде тұрсаңыз, ойда жүргендей пәтерге қол жеткізуіңіз екіталай. Бұл жерде сіз жинаған ақшаңыздың шамасымен аласыз немесе мемлекеттік бағдарламамен салынған үй тиеді.

Сарапшылардың айтуы бо­йынша, баспанасы ең арзан бес қала: Қызылорда – шаршы метрі 135 675 теңге, Актөбе – 148 550, Тараз – 155 475, Семей – 169 050, Павлодар – 175 750. Ал баспа­на­сы ең қымбат бес қала: Алматы – 377 000, Нұр-Сұлтан – 332 950, Атырау – 265 075, Шымкент – 226 200, Карағанды – 207 100. Пәтердің шаршы метрі өткен жыл­мен салыстырғанда жыл ба­сынан бері 2,2 процентке өскен. Баспана бағасының тұрақтылығы астанада тіркеліп отыр. Өткен жыл­дың соңғы тоқсанымен са­лыстырғанда, мұнда пәтердің ба­ғасы 0,05 процентке ғана кө­терілген. 2018 жылы пәтер баға­сы­ның қымбаттауы жағынан Тараз, Атырау, Көкшетау және Шым­кент қалаларында бес про­центке өсіп, көш бастады. Ал­ма­тыда 9,4, одан кейін Өскеменде 10,8 және Шымкентте 16,1 про­центке өскен. Үш қалада баспана құны: Қызылордада 3,6, Актөбеде 4,1 және Ақтауда 8,5 процентке азайған. Ал Семейде 0,3, Таразда 0,8 процентке төмендеген.

Ал Солтүстік Қазақстанда қантар-шілде аралығында үй ба­ғасы 7 процентке өсіп кеткен. Қымбатшылық неге туындағаны туралы облыс әкімі Құмар Ақ­сақалов: «Бізде тұрғын үйдің шар­­шы метрі неліктен сонша қымбат? Неліктен жеке ком­па­ниялар ком­мерциялық үй салуға құ­лықсыз? Өйткені кірпіш, цемент және тіпті қиыршық тас­тың 90 па­йызын сырттан әкелуге тура келеді. Енді тек құм тасу ғана қалды. Шатырға қажетті ма­териал ол да жоқ. Біздің об­лыста құрылыс саласы мүлдем дамымаған» дейді.

Бір жағынан құрылыс зат­тарын сырттан тасығаннан шар­шы метрдің қымбаттауы орын алса, екінші жағынан тұрғын үйге деген сұраныстың артуы да әсер етсе керек. Петропавлда жылына бір немесе екі коммерциялық үй салынады. Ал мемлекеттік тап­сырыс аясында биыл жалпы ау­ма­ғы 230 мың шаршы метр немесе 2 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілмек. Ал 2018 жылы 218 мың шаршы метрді құраған.

Солтүстік Қазақстан облысы құрылысшылар қауымдаст­ығы­ның мәліметінше, материалдар­дың едәуір бөлігі, оның ішінде қиыршық тас пен кірпіш көр­ші­лес Ақмола облысынан әкелінеді. Ол жақта құмның өзі Солтүстік Қа­зақстаннан бес есе арзан. Көр­ші облыста үлкен кірпіш зауыты бар, темірбетон конструкциялары мен блок шығаратын кәсіпорын орналасқан. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан мен Қостанай және Ресейден кірпіш, шағыл, шатыр тасымалданады екен.

Иә, құрылыс нарығында тұр­ғын үйдің қымбаттауы не арзан­дауы сол қаладағы тұрақтылық пен жұмыс орындарының көп­тігінен болады. Мысалы, шар­та­рапқа көз жүгіртсек Сан-Фран­циско әлемдегі құрылыс үшін ең қымбат қала болып саналады, бір шаршы метрдің құны 4 мың еуро төңірегінде. Бұрын бұл мәртебе Нью-Йоркқа тиесілі болған. Еуропада биыл құрылыс баға­сының өсу қарқыны жалғасады. Саланы зерттеушілер осындай пі­кірге саяды. Еуропадағы құры­лыс бағасы ең қымбат жер – Лон­дон. Британдықтарда бір шаршы метрдің құны – орта есеппен 3 365 еуро. Екінші орында – Цю­рих. Өңірдегі бір шаршы метрдің бағасы – 3 334 еуро. Бұл – ІCM халықаралық құрылыс нарығын зерт­теуші компанияның ақпа­раты. Оған сай құрылысқа көп қаржы кететін қалалар тізімінде үшінші орында – Дублин. Ир­лан­дия астанасындағы бір шаршы метр құны – 2 900 еуро. Болжам бойынша, Дублиннің құрылыс нарығындағы баға биыл тағы 7%-ға өседі. Мамандар мұны ­ко­м­мерциялық және тұрғын үй жо­баларының артуымен байла­ныстырады.

Енді елге оралайық. «Біреу тоңып секірсе, біреу тойып се­кіреді» дегендей сіз қалтаңыздағы ақшаны жиып-жинастырып үй ала алмай жылдар бойы қинал­саңыз, енді біреулер миллион­даған АҚШ доллары тұратын зәулім сарай салуда. Өзіңіз са­ра­лай беріңіз. Қазақстан бойынша ең қымбат бес үйдің анықтамасы шыққан болатын. Оны әлеуметтік желіде біраз талқылады да. Соның бірінші орындағысы Алматы қа­ласында орналасқан. Оның баға­сы 11 млн 126 мың АҚШ дол­ла­рын, яғни 3 млрд 700 млн тең­гені құрайды. Үш қабатты зәу­лім үйде 30 бөлме бар. Үйдің ені – 300 мың шаршы метр. Аула­сының өзінде әртүрлі шағын үйлер орналасқан. Монша, сауна, фитнес залы, гольф клубы, бала­ларға арналған ойын алаңы тағы бар.

Ал екінші орында – бағасы 10 млн долларға жуық (3 млрд 300 млн теңге) тұратын жеке жай. Бұл үйдің ені – 1 200 шаршы метр. Ал ауласының аумағы 2 гектар жерді алып жатыр. Үй үш қабаттан тұ­рады. Бірінші қабатта ас үй, қо­нақ бөлме, жеке кабинет орна­ласқан. Екінші қабатта 4 жатын бөлмесі, гардероб, ас үй, екі балкон бар. Сонымен қатар үйдің жанында 250 шаршы метр жерде монша орналасқан. Оның ішінде сауна, джакузи және қонақ бөл­месі бар.

Үшінші орынға орныққан үй Шымкент қаласында орналасқан. Бұл үйдің бағасы 9 млн АҚШ долларын (3 млрд теңге) құрайды. Баспана 2 қабаттан тұрады. Кот­тедж 10 соттық жерді алып жатыр. Үй 24 сағат күзеттің бақылауында. Толығымен бейнекамерамен жабдықталған.

Астанада ең қымбат үй Ақ­бұлақ ықшамауданында орналас­қан. Аталған коттедж 7,5 млн АҚШ доллары (2 млрд 500 млн теңге) тұрады. Үйдің ішінде 12 бөл­ме бар. Сонымен қатар далада 4 көлік тұрағы, монша, сауна, бассейн және жеке үйлер орын тепкен.

Бесінші орында – Ақтау қала­сындағы 3 қабатты коттедж. Оның бағасы 1 млн 750 мың дол­ларды (582 млн теңге) құрайды. Үйдің ішінде 9 бөлме бар. Қонақ бөлме, ас бөлме, жатын орны, жат­тығу жасайтын бөлмелері. Бас­қа үйлерден ерекшелігі – бі­рінші қабаттың бәрін қысқы бақ алып жатыр. Бұл енді қалтасына ақшасы сыймай жүргендер үшін айтылған мысал.

Қарапайым халықтың тұрғын үй мәселесін шешу үшін елімізде бағдарламалар түзілуде. Соның бірі – 2017 жылдан бері іске асып жатқан «Нұрлы жер» бағдар­ла­масы. Бағдарламаның негізгі мақ­саты – 5 міндеттеме арқылы аза­маттар үшін баспанаға қолже­тімдігін арттыру. Атап айтқанда, сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй салу, кредиттік тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құры­лысын дамыту, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру, квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарту ар­қылы тұрғын үй салу.


Түйін. 

Қымбат не арзан үйде тұру жағдайыңызға байланысты. Дегенмен әр қазақ баспаналы болатын күнге жетер күн болсын деп тілесек, ерінбей еңбек етуіміз ке­рек. Жай ғана дабыралай бер­мей, мемлекеттік бағдарламалар­ға да зер салып қойғаныңыз абзал. Мүмкін сіз де үйлі болып қаларсыз!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ