Француздар Жетісуды қоқыстан тазарта ала ма?
Француздар Жетісуды қоқыстан тазарта ала ма?
5,226
оқылды

Алматы облысының аумағында қоқыс үйінділері жетіп артылады. Басқа ірі елді мекендерді айтпағанда екі миллионнан астам тұрғыны бар алып мегаполис Алматы қаласынан облыс аумағындағы полигондарға жылына 10 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыс шығарылады.

Қаланың бұрынғы басшылары қалдықтарды өңдеуден өткізу арқылы проблеманы шешеміз деп алғашында білек сыбана кіріскендерімен, ар­ты­нан оларынан түк шықпай қалатынын көріп те, естіп те жүрміз. Қалдықтарды қайта өңдеудің жол­ға қойылмағаны кесірінен қоқыс полигондары төңірегіндегі түсінбестік жыл сайын туындайды. Биыл­дың өзінде Қарасай ауданындағы осындай орын­дардың біріндегі қалдықтар қабаты тереңнен өр­теніп, аптадан астам уақыт айналасын улағанын жақ­сы білеміз.

Облыс орталығы Талдықорған қаласында да жағ­дай оңып тұрған жоқ. Қалалық полигондағы мил­лиондарға жасалған қайта құрылымдауға қа­тысты жылдарға созылған дау-дамай реттелгендей бол­ды. Алайда онда да оқыс оқиғалар тіркеліп тұр­ады. Желді күндері Үштөбе бағытында жолға шық­қандар жаз айларында қар жауған екен деп ой­лап қалары анық. Өйткені қоқыс полигонынан ұш­қан целлофан пакеттер мен қағаздар және тағы бас­қа жеңіл-желпі қоқыстар жолдың екі жағындағы қа­раған-бұталардың басына ілініп, аппақ болып желбіреп тұрады. Полигонның Қаратал өзеніне таяу орналасқаны тағы бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын табиғат қорғаушылар жаңбырлы күн­дері полигоннан шыққан ақаба судың өзенге қо­сылып кететінін айтып дабыл қаққан. Ал жерасты су­ларының қалай ластанып жатқанын зерттеген еш­кім жоқ.

2014 жылдан бері Талдықорғанда төрт әкім ауысты. Олардың барлығы тағайындала салы­сы­мен аялдамаларды ауыстырып, тротуарлар мен алаңдардың тасын қайта төсеп, қоқыс жи­най­тын контейнерлерді жаңалауға әуестіктерімен жұрт есінде қалды. Шет елдерге барып келеді де, көргендерін жан-жақты зерделеп-зерттеместен, де­реу қолға алады. Қоқысты сұрыптап жинайтын ша­ғын жасыл жәшіктердің ғұмыры бірер жыл ғана болды. Қолданыстан қалған электр шамдары мен түрлі көлемдегі қуаттау батареяларын салатын сары қорапшалардың қызығын пластикалық ыдыстар мен қағаз қалдықтары көрді. Енді міне, өткен жылдың соңынан бері тұрғын үй орамдарындағы аулаларға жерді тереңдете қазылып қойылған жаңа үлгідегі контейнерлер аузы-мұрнынан шығып, айналасын сасытып тұр. Бағасы қымбат контейнерлерді са­тып әкеліп орнатқандар, ондағы жиналған қал­дық­тарды тазалаудың өзіндік талаптары мен ар­наулы техникалары барын ескермепті. Әйтеуір атал­ған салада басталмай жатып тасталған немесе ор­та жолда тоқтап қалған жобалар жетерлік. Осы­дан оншақты жыл бұрын Талдықорғандағы ин­дустриялды аймақта отын талғамайтын, қоршаған ор­таға зиянын тигізбейтін жылу-энергетикалық ор­талығы салынады, бүкіл қоқыстың бәрін соның көмейіне тастап, тазаланып қана қоймай, арзан энергетикаға қарық боламыз дегенде қуанған едік. Оның соңы да су аяғы құрдымға кетті.

Енді міне, Алматы қаласы мен облыстан шы­ғары­латын қатты қалдықтарымыздан құтылудың жолында шетелдіктердің көмегіне сүйенетін бол­дық. Амандық болып, ойлағандары орта жолда қал­­маса, әлемдік тәжірибесі бар француздық ком­пания Алматы облысында қатты қалдықтарды жи­найтын және өңдейтін екі заманауи полигон са­лады. Олардың бірі – Талдықорған аймағына, екін­шісі Алматы өңіріне орналастырылады. Алматы об­лы­сының әкімі Амандық Баталов пен француздық SUEZ компаниясы мен отандық Keremet Projects ком­паниясы өкілдері арасындағы кездесуде осы жөніндегі уағадаластыққа қол жеткізілді.

SUEZ Grouр компаниясының халықаралық қа­тынастар жөніндегі вице-президенті Тимоти Каржильдің айтуынша, полигондар барлық экологиялық талаптар сақтала отырып салынады, яғни арнайы сүзгіден өткендердің жерге сіңбеуіне, жерасты суларын былғамауына, ауаны зиянды зат­тармен ластамауына баса назар аударылады. Ком­пания қалдықтарды өңдеуден өткізу нәтиже­сінде, энер­гияның бірқатар түрін, биогаз, тыңайт­қыш шы­ғарады. Мұндағылар қалдықтарды өңдеу­ге жә­не энергияға айналдыруға болатындар, со­ны­мен бірге өңдеуге келмейтіндер деп екі топқа бөлу ар­қылы жұмыс істеуге маманданған. Сол сияқ­ты «дымқыл» деп аталып жүрген, жасыл электр энергиясын өндіруде пайдаланылатын му­ници­пал­ды қалдықтарды да өңдейді. Ал өңдеуге кел­мейтін қоқыс отқа жағылып, энергия өндіріледі. Бұл әрекет кезінде де түтінді тазалау, қоршаған ор­таны ластамау жағы да ойластырылған.

Қатты қалдықтарды жинау және өңдеу тех­но­логиясы бойынша әлемдік деңгейдегі көшбас­шы бо­лып саналатын компания 80 елде өз қызметін көр­сетіп отыр.

Компанияның қызметі, жобаларының ерек­ше­лі­­гі жайлы тыңдаған облыс әкімі бірінші кезекте Тал­­дықорған және Алматы аймақтарында екі по­лигон салуды ұсынды.

– Біріншісін Талдықорғандағы полигон база­сын­­­да орналастырып, мұнда облыс орталығымен бір­­ге жақын аудандардан, Текелі қаласынан қалдық та­сымалдауды жолға қоямыз. Сонда жылына 150 мың тоннаға жуық қалдық жинақталады. Екінші по­лигонды Алматы қаласына жақын маңнан, халық тығыз қоныстанған Еңбекшіқазақ ауданынан салған дұрыс. Бұл полигонға Талғар ауданынан, Алматы қа­ласы мен Іле ауданының бірқатар бөлігінен қо­­қыс жеткізілетін болады. Бірлескен жобаны жүзеге асыру мақсатында, арнайы жұмыс тобын құрамыз, оның құрамына SUEZ және Keremet Projects компанияларының өкілдері, менің ТҮКШ саласына жетекшілік ететін орынбасарым, сол сияқты тиісті басқармалардың басшылары кіреді, – деген Амандық Баталов өзінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашовқа, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Б.Тәнекеновке жобаны іске асыруды бақылауға алуды тапсырды.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы