Материал сапасыз болса, құрылыс қайдан оңады?
Материал сапасыз болса, құрылыс қайдан оңады?
337
оқылды
«Жол салу – үйге пол салу» емес. Бүгінде бұны түсінетін уақыт жетті. Алайда жосықсыз мердігерлердің кесірінен жолдың жайы сын көтермейтін күйге түсті. Тіпті бір жолды бүтіндеп жатсаң, жыл өтпей жатып екінші жағы бүлініп жатады. Осы орайда Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы Жамбыл облыстық филиалының директоры Мырзахмет Ибрагимовке жолығып, құрылымдық мекеменің жол жайын жақсарту бағытында жасап жатқан жұмысымен танысқан едік.

Филиалы директорының айтуынша, ағымдағы жылы мекеме мамандары 585 рет жол сапасын тексеруге шыққан екен.

– Республикалық маңызы бар автожолдарға 585 рет зерделеу жұмыстарына шығып, 314 дана жол құрылыс материалдары сынамадан өткізілді. Нәтижесінде автомобиль жолдарының ақауына 114 ескерту берілді. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға болса, 149 рет саралауға шықсақ, 431 жол құрылысы материалдарынан сынама алынды. Орын алған олқылықтарға байланысты 26 ескерту жасалды. Жолдардың кепіл берілген уақытынан бұрын бұзылуы құрылысқа қолданған материал құрамының талапқа сай болмауынан болып тұр. Одан бөлек жолға асфальт 120 градус ыстық күйінде төселуі керек. Ал төмендеп кетсе жолдың сапасы нашарлайды. Сондай-ақ технодзор да құрылысты қабылдап аларда жұмысына салғырт қарайды. Бұдан бөлек жоба авторының учаскелерді зерттеу кезіндегі кемшіліктері және ауыр жүк көліктерінің жол үстімен көптеп өтуі асфальттің бүлінуіне әкелуде. Негізі жолдың сапалы салынуына тапсырыс беруші мен мердігер мүдделі болуы қажет. Ал бізде керісінше құрылысты сапасыз жүргізіп, одан кейін оны қайта қалпына келтіруге екі есе шығындалып жатымыз, – дейді М.Ибрагимов. Жалпы Жамбыл облысында жергілікті мәндегі жолдардың дені 70-80 жылдары салынғандықтан оның осіне жүктеме салмағы 8 тоннаға есептелген екен. Осы жолдар орташа жөндеуден өткенімен қайта ауыр жүк көліктері үстімен өтіп, ойдым-ойдым жолға айналдыруда. Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы Жамбыл облыстық филиалы биыл 18 нысанды бақылауға алып отыр. Оның 6-ы ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстау болса, 4-і орташа шөндеу, 7-і қайта құру, 1-і күрделі жөндеу және 8 кепілдікте тұрған нысан. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жұмыс пен материалдың сапасын бақылауға 66,5 миллион теңге бөлінген. Мекеме жұмысын ұлттық деңгейде таныту үшін зертханасын аккредиттеуден де өткізбек. Тағы бір жаңалық – мекеме өткен жылы 24,5 миллион теңгеге асфальт анализатор лабораториялық қондырғысын Германия мемлекетінен сатып алған. Бұл қондырғы асфальт құрамын жедел 40-45 миниутта талдап береді. Бұрынғы қондырғымен бұл жұмысқа екі тәулік кететін болса, қазір мекеме уақытты үнемдеп, тиімді жұмысқа көшкен. Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы сынды мекемелер қазіргі таңда қажет-ақ. Себебі «әй, дейтін әже» болмаса мердігерлер менменсіп кететіні белгілі. Енді тек осы мекеменің тексерісінен өзгелер сабақ шығарып, құрылысты барынша сапалы жүргізсе игі.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы