Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіне жүгінсек, осы күні елімізде 2,2 млн-нан астам зейнеткер бар. Олардың орташа зейнетақысы биыл 90 502 теңгені құрап отыр. Бұл – бөлек әңгіме. Айтпағымыз, қоғам тарапынан жиі көтерілетін мәселе – зейнет жасын азайту. Шындығында, Қазақстан зейнеткерлерді жасартуға мұқтаж ба?
Депутат ұсынысы желге ұшты
Бұлайша айдар тағып, атау қоюмыздың өз себебі бар. Жуырда Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Үкіметке күтпеген ұсыныс жасап, елді елеңдеткендей болды. Пандемия кезінде індеттен қаза тапқан 110 мыңнан астам адамның 71 пайызы (78 637 адам) 60 жастан асқандар екенін алға тартқан депутат «Халық коммунистері» фракциясының атынан зейнетке шығу жасын қайта қарап, ерлер мен әйелдер үшін 60 жас етіп бекітуді сұраған. Алдағы партия сайлауының қамы ма, әлде халыққа шын жаны ашып айтты ма, әйтеуір Қоңыровтың сөзіне сенсек, Үкімет бұл ұсыныспен келіссе, еліміздегі экономикалық дағдарыс пен жастардың жұмыссыздық мәселесі шешілмек. Әрине, бұл ұсыныс бір жағынан орынды, себебі зейнет жасы кемісе, еңбек нарығына сәл де болсын оң әсерін тигізуі мүмкін. Ұғынықты тілмен айтсақ, аға буынды артынан ерген буын аздап ығыстырмақ. Бірақ бұл ұсыныс Үкіметті елең еткізбейтіні айдан анық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл сауалға жыл басында, одан қалса осыдан шамамен бір ай бұрын, қыркүйекте жауап беріп үлгерген еді. Өзге елдерде керісінше зейнет жасын арттыру қарастырылып жатқанын айтқан ведомство басшысының кесіп айтар жауабы біреу – «Үкімет зейнет жасын қысқартуды қарастырмайды». Жоғарыда айтқан Қоңыровтың мәлімдемесінен кейін министрлік ресми түрде тағы осы жауапты қайтара жеткізді. Біз болсақ депутаттың енді қандай амалы барын білмекке Айқын Қоңыровқа хабарласқан едік. – Біз мәселені пысықтап, көкейдегі ұсынысты айттық. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің оғаш ұстанымына қарап, Үкіметтен қолдау таппайтынына көз жеткізіп отырмыз, – деп қысқа қайырды. Демек, бұл әңгіменің қысқаша түйіні – осы. Қазіргі кезде ерлердің зейнетке шығу жасы 63 болса, әйелдерде – 59,5. Әзірге осы күйінде қалмақ. Ескере кетер бір жайт бар – «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 11-бабы бойынша, әйелдер үшін зейнет жасы 2027 жылға дейін әр жыл сайын 6 айға көтеріліп отырады. Биыл 59,5 жас болса, келесі жылы 60-қа жетеді. Осылайша, 2027 жылы елімізде әйелдер де ерлермен теңесіп, 63 жасында бейнетінің зейнетін көрер күнге жетпек. Енді зейнет жасын қысқарту мәселесіне қайта оралсақ. Бұл қадамға баруға мәжбүрміз бе? Осы орайда, әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы пікірін білген едік. [caption id="attachment_79552" align="alignnone" width="902"] © инфографика: Рауғаш Омарова[/caption] – Жалпы, 60 жасқа толған адамның денсаулығы мен кәсіби біліктілігі нашарлап, әлеуметтік белсенділігі баяулайды. Оған физиологиялық, психологиялық факторларды қосыңыз. Барлығын ескерсек, 60 жаста зейнетке шығу – оңды шешім. Алайда адам 60 жаста зейнетке шықты делік, ары қарай әл-ауқаты, материалдық жағдайы қандай болады? Мәселе осында, – дейді маман. Әл-ауқат демекші, расымен 60 жасында зейнетке шығаруды құптап, жастарға жұмыс орны артылды деген күннің өзінде ертерек зейнетке шыққан адамның зейнетақысы бәрібір мемлекетке жүк болмақ. Оның үстіне, жұмыс істеп, жалақысына күн көрген кей адам зейнетақысын қанағат тұтпауы мүмкін. Биыл қаңтар айында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеу үшін – 62,1 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне 138,4 млрд теңге бөлінген екен. Ал зейнетке ертерек шыққысы келетіндерге басқа қандай жол бар?Кімдер ерте зейнетке шыға алады?
Зейнетақы заңнамасында ерте зейнетке шығуға байланысты екі жеңілдік бар. Әуелі, егер 5 баланы дүниеге әкеліп, 8 жасқа дейін тәрбиелеген ана болса, 53 жасында зейнетке шыға алады. Екіншісі, Семей ядролық полигонына қатысты, яғни өмірге қауіп төндіретін өңірлерде 1949 жылдан 1963 жылға дейін өмір сүрген ер адамдар 50 жасында, әйелдер 45 жасында зейнетке шыға алады деген норма бар. Ал қалған адамдарда мұндай мүмкіндік жоқ. Одан бөлек, сақтандыру компанияларымен келісімшарт жасасу арқылы ерлер 55, әйелдер 51,5 (жыл сайын 6 айға өседі) жасында зейнетке шықса болады, бірақ ол үшін зейнетақы жинағында ерлердің 10,8 миллион, әйелдердің 14,8 миллион теңгеден көп ақшасы болуы керек. Бірақ мүндай деңгейде ақша жинап үлгерген жандар аз, 2020 жылдың басында ел ішінен 118 мың ғана адам осы межеге жеткен.Өзге елдердегі зейнет жасы
Жоғарыда біз Еңбек министрі Б.Нұрымбетовтің «өзге елдер қайта зейнет жасын көтеруді қарастырып жатыр» деп айтқанын түртіп өткен едік. Ведомство басшысы сөзінің рас-өтірігін тұспалдап көрсек. Мысалы, Вьетнамда бүгінгі күні жаппай қартаю белең алыпты. Мұнда ерлер 60, әйелдер 55 жаста зейнетке шығып, 50-100 доллар аралығында зейнетақы алады. Көрші Ресейде де зейнет жасы Вьетнамдағыдай. Ресейліктердің орташа зейнетақы мөлшері – 13 657 рубль (83 мың теңге шамасында). Ал Үндістанда ерлер мен әйелдер 60 жаста зейнетке шығады. Бірақ бұл елде жағдай қиын, көбіне зейнетақы тағайындалмайтынға ұқсайды. Германияда ерлер мен әйелдерде зейнет жасы бірдей – 67 жас. Орташа зейнетақы 1 200-1 400 доллар (шамамен 550 мың теңге). Америкада ерлер – 67, әйелдер 65 жасқа жеткенде шамамен 1 100-1 200 доллар (490 мың теңге) зейнетақы алып отырады. Бір қызығы, АҚШ-та зейнет жасына жеткендердің 30 пайызы еңбек етіп, жұмыс істеуін жалғастыра береді екен. Түйіндей келе, әр адам қарттық дендей бастаған кезден тартқан бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Халқымыз «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп бекер тілемесе керек. Біздің шамалауымыз бойынша Қазақстандағы зейнет жасы өзге елдермен салыстырғанда орта деңгейде. Ал оның қашан қайта қарастырылатыны беймәлім.Мадияр ТӨЛЕУ