Одақтағы көңілді көмір бұзды
Одақтағы көңілді көмір бұзды
216
оқылды

Ресей Қазақстанға қарсы іс жүзінде санкция енгізді. Отандық тауарлардың Украинаға және әлемдік нарыққа шығуы жолында солтүстік көрші түзген тосқауылдарды кей сарапшылар осылай бағалауда. Жергілікті бизнес ортаның ашу-ызасын тудырған осы түйткіл Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының XXI отырысында қаралды.

Ресми мәлімет бойынша Ресейдің Украинаға қазақстандық көмір тасымалы жолын жауып тастауы кесірінен елімізге келетін ай сайынғы шығын 11 миллион доллар немесе 4,2 миллиард теңгеге бағаланады.

Еліміз шағымданып жүгін­геннен кейін аталған мәселені қараған Еуразиялық экономи­калық комиссия Украинаны ­тұқ­ыртамын деп Қазақстанға тізесін батырған Мәскеудің бұл тірлігін «ортақ нарықта тоспа құру» деп бағалады. Бірақ тергеу жүргізуге бармады.

ЕЭК байламынша, Қазақ­станнан Украинаға тасымалда­натын көмір транзитін квотамен шектеп тастаған Ресейдің әре­кетін «ішкі нарықтың жұмыс жа­сауына кедергі келтіру» деп қарастырған жөн.

Сонау патша заманынан жа­һандық геосаяси ойындарға ма­шық­танып алған солтүстік көрші тәуелсіздігін қорғау үшін көпвек­торлы саясатынан танбай отырған Қазақстанға қысым көрсетудің түрлі айла-тәсілдерін ойлап табуда. 2014 жылы ресми Астана Қырымды Ресейдің құрамдас бөлігі ретінде мойындаудан бас тартқанда, бұған Мәскеу көңіл­толмастығын білдіріп, «Қап, бә­лем, әуселеңді көрермін!» деген­дей кектеніп қалған. Бұған мән бермеген Қазақстан Украинамен сауда-саттығын, жақсы қарым-қатынасын жалғастырды.

Ресей ағайыннан дұшпанына айналған Украинаға қарсы санк­цияларын жақында ары қарай кү­шейтті. Оған сәйкес, бұл елге көп­теген өнім түрлерін жеткізуге ты­йым салынды. Ал рұқсат етіл­гендері «квотамен» шектелді. Атап айтқанда, 2019 жылғы 1 мау­сым­нан бастап, көмір және мұ­най өнім­дерінің жекелеген тү­рінің экс­порты тек Ресей Эконо­ми­ка­лық даму министрлігінің ар­найы рұқ­сатымен ғана жүзеге асырылады.

Бұл – Ресейдің өз заңы, оны сақтауға Қазақстан міндетті ме? Міндетті емес. Бірақ республика­мыз үлкен мұхиттарға шығар жолы жоқ, алып қос құрлықтың ортасында қысылған ел болған­дықтан, әлемдік «қара базарға» өткізетін өнімдерінің 70 пайыздан астамын Ресей аумағы арқылы тасымалдайды. Тиісінше, көрші­нің жерімен алып өту үшін қазақ­стандық өндірушілерге Ресей Экономдаму ведомствосына жүгінуге тура келеді. Ал ол квота бермейді, оны бөлсе де, құжатын уақытылы ұстатпай, созбалаң мен сергелдеңге салады.

3 маусымда Мәскеу мен Нұр-Сұлтан Ресей арқылы Украинаға өтетін тауарлар транзитін келі­сімнен өткізу тәртібі жөнінде уағдаластыққа келгені мәлім. Ол бойынша «Қазақстан темір жолы» өз әріптесі РЖД-ға қанша транзит өтетіні туралы өтініш жолдайды. Ресей теміржолдары оны ары қарай Ресей Экономдаму ведом­ствосына жібереді. Ол министрлік мүдделі органдардың келісімін алғаннан және үкімет бекіткеннен кейін тиісті квотаны өз кеден­шілеріне ұсынады.

Алайда ресейлік бюрократия Қазақстанның сұраған көлемін бекітпеді. Шілде айында 87 мың тоннаға сұрау түскен, оның 85 мы­ңына ғана келіскен. Та­мызда 254 мың тонна орнына 87 мың тоннамен шектеді. Қыр­күйекке 120 мың тоннаға өтініш жолдан­ғанына қарамастан, экс­порттау­шыларымызға тағы да сол көлем ғана тиіпті.

Қазақстанның тау-кен өнді­рушілері және тау-кен металлур­гиялық кәсіпорындары қауым­дастығы атқарушы директорының орынбасары Максим Коно­нов­тың айтуынша, осы қазан айы үшін Ресей Экономикалық ми­нистрлігі квотаны өткен айлар деңгейінде ғана қалдырды.

– Бұл ретте олар небәрі екі компанияның 80 мың тонна кө­мір концентратын және 6,6 мың тонна Д маркалы көмірді алып өту туралы өтінішіне ғана келісті. Басқа отандық компаниялардың өтінімдерін себебін еш түсінді­русіз кері қайтарып тастауда. Сөйтіп, көмір экспортымызды өрістетуге мүмкіндік бермей отыр, – дейді М.Кононов.

Бақыт Сұлтанов басқаратын Сауда және интеграция министр­лігінің дерегінше, 2019 жылғы шілде-қазан айларына Ресейдің Эко­но­микалық даму министрлігі бар-жоғы 320 мың тонна көмі­рі­міздің транзитіне келісімін бер­ген. Ал қазақ тарапының сұрауы бұдан екі еседен артық, 716 мың тонна болыпты.

Енді қараңыз: қазақ еліндей құрлықта қамалған, алайда арыдағы Еуропаның іргесінде орналасқан Беларусь осы жылғы маусым-қыркүйек аралығында Украинаға 1 миллион тонна көмір жеткізген. Осылайша, экспортын 2018 жылғыдан екі еседен артыққа ұлғайтты. Ғажабы сол, Беларусь­тің Мемлекеттік статистика қыз­метінің ресми сайтындағы де­рекке жүгінсек, 2017 жылы бұл ел Украинаға 600 тонна ғана көмір өткізіпті, ал 2018 жылы оны 588,5 мың тоннаға дейін, яғни 798 есеге арттырған.

Айтпақшы, Белоруссияда бір грамм тас көмір өндірілмейді, тек қоңыр көмір ғана аз мөлшерде шығарылады. Осы орайда, бела­рус­тық ақпарат құралдары сепа­ратистік ЛНР мен ДНР аудандары өндірген көмір осы ел арқылы сатылуы мүмкін деген болжам ай­туда. Көптеген ресейлік компа­ниялар осы көршісі арқылы реэспортпен айналысады.

Украинаға экспорттың шек­телуі түйткілдің бір ұшы ғана. Кремльдің осы елге көмір жеткі­зілімдерін шектеуі кесірінен Ресейдің ішкі нарығы да тауардың бұл түрімен шектен тыс молық­қан. Бұл ресейлік тұтынушылар­дың қазақстандық көмірді сатып алудан бас тарта бастауына соқ­тырды.

Мәселен, жалғыз «Гефест» компаниялар тобының өзі шектеу енгізілгенге дейін Ресей арқылы халықаралық нарыққа ай сайын 100 мың тонна көмір жөнелтетін. Қазір бұл көрсеткіші 10 есеге қысқарыпты. Оның үстіне, қазіргі уақытта біздің нарықта да, шетел­де де қазақстандық көмір бағасы құлдырауда.

«Отандық көмір өндірушілер өнім өткізудің қосымша нарығын іздеуге мәжбүр. Әйткенмен, тех­никалық сипаттамалары және көліктік қолжетімділік тұрғы­сынан украиналық нарық басты әрі ең қолайлы нарық болып есептеледі», – дейді Сауда және интеграция министрлігі.

Бұл мәселе ушыға келе, ақыры астанамызда өткен екіжақты үкіметаралық комиссиясының XXI жиынындағы қызу пікір­та­ласқа ұласты. Ел Үкіметінің проб­леманы ашық айтуы, наразы­лы­ғын дәйектей білуі және мем­лекеттік мүддені табанды қорғауы арқасында жағдайдың беті бері қарайтынға ұқсайды.

Отырысқа қазақстандық та­рап­тан жетекшілік еткен Пре­мьер-министрдің бірінші орын­басары – Қаржы министрі Әли­хан Смайылов Ресей аумағы арқы­лы Украинаға және басқа ел­дерге көмір транзитін арттыру туралы мәселені төтесінен қой­ғанын хабарлады.

«Енді нақты көлемі туралы ке­лісудеміз» деп қысқа қайырды ол.

Жабық есік жағдайында өткен келіссөздердің егжей-тегжейін журналистер Сауда және инте­г­рация вице-министрі Қайрат Төребаевтан білді. Оның мәліме­тінше, комиссия отырысы бары­сында ресейлік тарап өз терри­ториясы арқылы қазақстандық көмірдің теміржол транзиті көлемін арттыруға келіскен.

– Дегенмен әзірге бұл ауызша уағдаластықтар түрінде болып отыр. Оған сәйкес, Ресей ай сайын 75 мың тонна көмірімізді өткізуге дайын екенін жеткізді. Ал біз бұл көрсеткіш кем дегенде 120 мың тон­на болуы керегін ұсындық. Ақыр соңында олар көлік транзиті ауқымын арттыруға және осы жеткізілімдерге рұқсат беру құ­жат­тарын алуды жеңіл­детуге қатысты біздің дәйектеме­лерімізге келіс­ті, – деді Қайрат Қалмұқаметұлы.

Бұл ымыраға қол жеткізу тек транзит саласы, яғни экономика тұрғысынан ғана емес, саяси тұр­ғыдан да маңызды. Өйткені кезін­де «Еуразиялық одақ Ресей­дей алып нарықты ашады» деп идеяны қуаттаған кейбір эконо­мистердің өздері сол алыптың керісінше, жолды жауып, экс­портымызды шектеп отырғанын көргесін ин­теграцияға қырын қарай бастады. «Орыс орнына ірі Қытай нары­ғына баса мән беру қажетін» алға тартушылар да көбейе түсуде.

Қазір Мәскеудің қиянатшыл тірлігіне жалғыз қазақ емес, ЕАЭО мүшесі – Қырғыз Респуб­ликасы да шағымдануда. Ала­таудың арғы баурайындағы аға­йындардың Украинамен сауда ай­налымы биылғы маусым айы­нан бері 50%-ға құлдыраған.

Әрине, Қазақстан Украинаға және Еуропаға өз өнімдерін Кас­пий теңіз жолымен Әзірбайжан және Грузия арқылы да тасымал­дай алады. Алайда бұл жол Ре­сей­мен салыстырғанда 2,5 есеге ұзын және қымбатырақ. Өйткені те­мір­жолмен теңіз жағасына дейін жеткізіп, одан су көлігіне артып, арғы беттен қайтадан те­міржол көлігіне жүктеп жүргенде уақыт та, қаржы да шығын болады.

Қалай болғанда да, транзит мәселесін шешу аса маңызды. Донбастағы шиеленіс салдарынан бүгінде Украина көмір импортына аса зәру. Жерінен бір түйір тас көмір шықпайтын Беларусьтің қыруар табысқа кенеліп отырғаны сондықтан. Мысалға, 2019 жылғы 6 айда ғана Украина шетелден 10,52 миллион тонна көмір сатып алыпты. Демек, Ресеймен арада­ғы түйткіл шешімін тапса, отан­дық өндіріс алдынан ірі нарық ашылмақ. ЕАЭО-ның міндеті де осы емес пе?!