Біздің елдің мемлекеттік тілін мемлекеттік органдар ғана емес, халықаралық ұйымдар да менсінбейді. Көпке топырақ шашпасақ та, Қазақстанда жұмыс істейтін бірқатар халықаралық және шетелдік ұйымдардың қазақ тіліне мұрнын шүйіретінін айтуға мәжбүрміз. Ресми сайттары мен әлеуметтік желілердегі парақшаларының ауылы қазақ тілінен аулақ жатыр. Жұмыстарын орыс немесе ағылшын тілінде жүргізетін олар өз билігіне керек болмаған тіл бізге қажет пе дейтіндей сезіледі.
Күні кешелері Дүниежүзілік банктің ресми сайтында «Орталық Азия мен Ауғанстандағы су ресурстарын басқарудың гендерлік аспектілері: CAJWR журналында мақала жариялау арқылы жас зерттеушілерді қолдау» атты жобаға өтінім қабылдау басталғаны туралы ақпарат жарық көрді. Жоба ұйымдастырушылары: Алматыдағы Қазақстан-Неміс университеті мен Орталық Азияның су ресурстарын зерттеу журналы (CAJWR), қаржыландырушы – Дүниежүзілік банк. Орыс тілінде жазылған әлгі хабарландыруда аспиранттар, PhD студенттері, ізденушілер, сондай-ақ жақында ғана ғылым немесе PhD кандидаты дәрежесін алған жас ғалымдар қатыса алатыны, ол үшін өтінімді орыс немесе ағылшын тілінде тапсыруы керек екені жазылған. Қазақ тілін керек етіп тұрған жоқ. Қазақстандық жас ғалымдардың өтінімді мемлекеттік тілде беруіне не кедергі деген оймен жобаға жауапты маман Екатерина Александровскаяға хабарласқанымызда, ол өтінімнің қазақ тілінде қабылданбайтын себебін былай түсіндірді:
«Бұл – халықаралық жоба. Бұған алты елдің жас ғалымдары қатысады. Олар өтінімді орыс тілінде тапсырғанымен, біз ол өтінімді ағылшын тіліне аударамыз. Себебі біздің донор – Дүниежүзілік банк жобаны ағылшын тілінде қабылдайды».
Демек, жобаға өтінім қай тілде (ағылшын тілінен басқа) тапсырылса да, ағылшын тіліне аударылады. Олай болса Қазақстанның мемлекеттік тілінде өтінім беруге неге мүмкіндік бермейді? Сөйтсек, жобаның басы-қасында жүргендердің арасында өтінімді қазақ тілінен ағылшын тіліне аударатын аудармашы жоқ екен!
«Өкінішке қарай, қазақ тілінен ағылшын тіліне аударатын аудармашы жоқ. Оның үстіне, қатысушы бәрібір орыс немесе ағылшын тілін білуі қажет. Өйткені жоба аяқталғанда қатысушыларға арнайы сессия ұйымдастырылады. Ондағы дәрістер орыс және ағылшын тілдерінде өтеді. Сондықтан жобаға қатысуға ниет еткен адам не орыс тілін, не ағылшын тілін білуі міндетті», – деді Е.Александровская.
Қазақ тілінен ағылшын тіліне аудармашы жоқ деген сылтаудың осыдан 10-15 жыл бұрын айтса, сенер едік. Ал бүгінгі таңда ағылшын тілін жетік меңгерген мамандар өте көп. Біздіңше, ұйымдастырушылар ондай аудармашыны іздеп бас қатырмаған сияқты. Жоба халықаралық болған күннің өзінде, өтінімді жобаға қатысушы елдердің мемлекеттік тілінде тапсыруына мүмкіндік бергенде, бұл Дүниежүзілік банктің жобаға қатысушы алты елдің мемлекеттік рәмізіне жасаған құрметі болар еді. Дәрістер орыс немесе ағылшын тілінде өтсе, ілеспе аударма ұйымдастыру қиын емес. Ниет болса, техникалық мүмкіндік бар.
Қазақстанда демократия принциптерін енгізуге, адам құқын қамтамасыз етуге, жемқорлықпен күресіп, ашық қоғам орнату мақсатында жұмыс істейтін 98 халықаралық ұйым бар. Олардың тізімі Қазақстан Үкіметінің қаулысымен бекітіледі. Үкіметтің биылғы қаулысына сәйкес, (11.04.2019 – № 187 қ.) елімізде 54 халықаралық ұйым, 22 шетелдік мемлекеттік ұйым, 22 шетелдік және қазақстандық үкіметтік емес ұйым мен қор жұмыс істейді. Олардың қатарында Азия Даму Банкі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы, Ғаламдық экологиялық қор, Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік, Америка халықаралық даму агенттігі, Вrіtіsh Соunсіl Британ кеңесі, Дания халықаралық даму агенттігі, Канада қоры, Корея халықаралық ынтымақтастық агенттігі, Азияның дүлей апаттарды азайту орталығы, Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ислам ұйымы, Аралды құтқарудың халықаралық қоры, Түрік мәдениеті мен өнері мәселелері жөніндегі біріккен комитет, Саскачеван сауда және экспорт серіктестігі сияқты небір азулы да ықпалды ұйымдар бар. Халықаралық ұйымдар өз салалары мен бағыттары бойынша өзекті мәселелерді шешуді көздеген жобаларды қаржыландырады. Ал ол жобаларды елімізде тіркелген үкіметтік емес ұйымдар немесе жеке тұлғалар жүзеге асырады. Олар жобаға қол жеткізу үшін грант беруші ұйымдардың талабына сай өтінім беруі керек. Қай тілде тапсыр дейді, сол тілде тапсырады. Көп жағдайда, өтінімдер ағылшын немесе орыс тілінде қабылданады. Қазақ тілінде өтінім қабылдайтын ұйымдар өте аз. Солардың бірі – Вrіtіsh Соunсіl Британ кеңесі мемлекеттік ұйымы. Бұл ұйымның ресми сайтында қазақ тілінде қажетті ақпаратты табуға болады. Британ кеңесі жариялаған конкурстар мен жобаларға қатысу үшін қазақ тілінде өтінім беру жолға қойылған. Еш кедергі жоқ. Дүниежүзілік банктің аудармашының жоқтығын сылтауратуына жол болсын дейміз мұндайда.
Әдетте, Біріккен ұлттар ұйымы десе, адам құқын қорғаушы, аз ұлттардың жоғын түгендеуші қамқор ұйым елестейді. БҰҰ-ның Балалар қоры (UNICEF) соның бір мысалы. UNICEF-тің ресми сайтында Қазақстанның мемлекеттік тілінде материалдар жариялау үдерісі өзгелерге үлгі болардай. Күн сайын жаңартылып тұрады. Есесіне, БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет ұйымы – UNESCO-ның Қазақстандағы өкілдігінің ресми сайтында қазақ тілінде контент жоқ. Ағылшын және орыс тілінде жүргізіледі. Facebook әлеуметтік желісіндегі «UNESCO – Алматы» парақшасында да мемлекеттік тілде ақпарат салынбайды. UNESCO ұйымының Өзбекстандағы өкілдігінің ресми сайты да – орыс және ағылшын тілінде. Ал Facebook-тегі UNESCO – Tashkent парақшасында өзбек тілінде материал өте көп. Бұл нені білдіреді? Біріншіден, халықаралық ұйымның Қазақстан заңдарына немқұрайлы қарайтынын, екіншіден, олар өз жұмыстарымен Қазақстан халқының таныс болғанына мүдделі еместігін, үшіншіден, жобалары халықтың қазақтілді бөлігіне арналмағанын көрсетеді.
Қазақстанның Тілдер туралы заңының 7-бабында «Қазақстан Республикасында тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi» делінген. Қазақстанда жұмыс істейтін кез келген халықаралық ұйым мен шетелдік ұйымдардың, қорлардың Қазақстан заңдарына бағынуы тиіс екенін ескерсек, онда біз бүгіни сынға алған ұйымдар Тілдер туралы заңның біз атаған 7-бабын бұзып отыр. Сонымен бірге аталған заңның 8-бабында «Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады» делінген. Бұл бапты Қазақстанда жұмыс істейтін мемлекеттік емес ұйымдар, ол мейлі халықаралық, мейлі шетелдік ұйым болсын, жұмысын мемлекеттік тілде жүргізуі тиіс деген контексте түсінуге болады. Демек, Тілдер туралы заңның 8-бабы да аяқасты болып отыр. Біз бұл мәселені не үшін көтердік? Сөз басында айтқанымыздай, халықаралық ұйымдардың басым бөлігі Қазақстанның мемлекеттік тіліне қатысты заң нормаларын ұстанбайды. Егер ұстанса, онда мемлекеттік тілді де, шет тілін де жетік меңгерген отандық кадрларды жұмысқа алар еді. Сөйтіп, халықаралық ұйымдар мен шетелдік ұйымдардың жұмысымен қазақтілді орта жақын танысуға мүмкіндік алады. Әдетте, ашықтық пен адам құқы туралы ақыл айтқанда алдына жан салмайтын халықаралық ұйымдар сол ашықтық пен адам құқын өздері сақтаған болар еді. Әйтпесе, олардың кейбірінің жұмысы қазақтілді орта үшін ашық емес. Сондай-ақ ұсынған жобаларына қазақ тілі арқылы қатысуды қалайтындардың құқын шектеп отыр. Мұндай кезде халықаралық ұйымдардың адам құқы туралы айтуға құқы бар ма? Халықаралық ұйымдардың қазақ тіліне көзқарасының түзелмей тұрғанына олар кінәлі емес. Біз талап ете алмай жүрміз. Неге? Себебі мемлекеттік тілге қатысты заң нормаларын сақтауды талап ету туралы ниет жоқ. Осы күнге дейін мемлекеттік тілге қатысты заң бұзғаны үшін сотты болған адам бар ма? Жоқ. Бізге керек болмаған мемлекеттік тіл басқаға қажет пе?..