ҚызҰПУ түлектері сұранысқа сай ма?
ҚызҰПУ түлектері сұранысқа сай ма?
377
оқылды
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті даярлаған түлектер уақыт талабына сай ма? Жас мамандардың заманауи білім беруге дайындығы қаншалықты деңгейде? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеу мақсатында университет оқытушылары мен еліміздегі білім беру саласы қызметкерлерінің қатысуымен кеңес өтті. Аталған оқу орны баспасөз орталығының хабарлауынша, физика кафедрасы ұйытқы болған шара TEDx онлайн-алаңында ұйымдастырылды. Жиын қатысушылары «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында педагогикалық жоғары оқу орындарының түлектері білім беру ұйымдарының сұранысын қаншалықты қанағаттандырады?» деген сауал төңірегінде өзара пікір алмасып, тың ойларымен бөлісті.
«Қазіргі күнде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Бұл – жұмысшылардың және жас мамандардың білімі мен құзыреттілігіне қойылатын талаптарды күшейтеді. Жаңа технологиялық үдерістер қалыптасқан жұмыс тәсілдерін, дүниетанымды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді және түрлі сала мамандарын даярлауды түбегейлі өзгертуде», – деді басқосу модераторы, педагогика ғылымдарының кандидаты Нәзира Сәндібаева.
Оның пайымдауынша, Индустрия 4.0 – бұл цифрлық технологиялар физикалық процестерді нақты уақыт режимінде бақылауға, өз бетінше шешім қабылдауға және заманауи машиналардың адамдар арасындағы өзара әрекеттесуін басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар басқосуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық тәрбие мен саналы оқытуды кіріктіре отырып, болашақ маман даярлаудың маңыздылығы да жан-жақты қаузалды. Бұл туралы Қыздар университетінің «Рухани жаңғыру» Жобалық кеңсесінің қызметкері Гаухар Байташева мен Физика, математика және цифрлық технологиялар жоғары мектебінің деканы Гүлназ Салғараева сөз қозғады. Ал Түркістан, Маңғыстау және Алматы облыстық білім беру саласының қызметкерлері заманауи жаңа технологиялар арқылы білім берудің маңыздылығы жайында баяндады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керектігі айтылған болатын. Ол үшін еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажеттілігі мен білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейтуге баса назар аударылған. Жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты болып табылатын мұны іске асыру орайында бірқатар істер қолға алынғаны да рас. Болашақ білім берудің басты міндеті – білім беру ұйымдары, әсіресе мектептер уақыт талаптарына лайықты болу үшін технологиялық үдеріс пен адами капиталды біртұтастандыру. Сапалы маман даярлау ісіне жете көңіл бөлінсе, болашақ ұлт тәрбиешілерінің білімі мен білігін арттыруға назар аударылса бұл міндет толық орындалады деп ойлаймыз», – деді жиын қатысушылары.
Шара барысында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы мектептердегі робототехниканы дамыту барысында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да айтылды. Өз кезегінде аталған өңірдегі білім беру ұйымдарының басшылары Қыздар университетіндегі Робототехника оқу зертханасымен тәжірибе алмасуға ниетті екендігін жеткізді. Алдағы уақытта оқу орнының студенттері мен оқытушылары кәсіби бағдар беру жұмысы аясында аймақтағы мектеп оқушыларын сандық технологиялар мен робототехниканы меңгеру бойынша әдістемелік көмек көрсетпек.