Естідіңіз бе хабарды, төлем жүйесі жаңарды...
Естідіңіз бе хабарды, төлем жүйесі жаңарды...
298
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесін енгізгелі елордадағы жолаушылар тасымалы бұрынғыдан да сапалы әрі жайлы бола түсті. Бұл жүйе өзге өңірлерде де сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде астанамыздың маршруттық желісін тиімді жоспарлау бойынша жұмыстар да қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.

Жалпы жол жүру ақысын тө­леу­дің электронды жүйесінің артықшылығы қандай? Бұл жүйе жолаушылар үшін тиімді ме? Осы сауалдарға аз-кем жауап бере кетейік. Алдымен электронды төлем жүйесі тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсартады, қаржылық айналымдар мен са­лықтық алымдар айқын­дылығын арттырады, жолаушыларды отыр­ғызып-түсіру уақытын қысқар­тады және ең маңыздысы би­летсіз жүретін жолаушыларды анықтауға септігін тигізеді. Қо­ғамдық көлік­тер бұл төлем жүйе­сіне ауысқалы жолақы мәселесі бойынша көп кедергілерден ары­лып, сәтті жо­баның тиімді­лігін көріп отыр.

Елордалық жолаушылар үшін жуырда жақсы жаңалық көп­ші­лікке жария болды. Алдағы уа­қытта Нұр-Сұлтан қаласында қо­ғамдық көлікте жолақысын тө­леудің жаңа тәсілдері – жолау­шының биоме­триялық мәлімет­тері мен банк кар­талары арқылы төлем ұсыны­лады. Яғни, бас қа­ламыздың бар­лық автобустарында жолаушының бет-жүзін тану ар­қылы жолақы төлеу жүйесі енгі­зіледі. Бұл туралы «Қоғамдық кө­лік: реформалар және даму жол­дары» атты конференцияда «IPay» ЖШС құрылтайшысы Ал­мас Ай­менов арнайы мәлімдеме жасады.

Елімізде жаңа жүйені әзірлеу және жобалау шаралары кезінде осындай жол жүру төлемінің элек­тронды жүйесі енгізілген және тиім­ді қызмет ететін көп­теген ал­дыңғы қатарлы мемле­кеттердің тә­жірибесі пайдала­нылады. Жа­қын аралықта қолда­нысқа енгізі­летін төлем жүйесі де бұл қағидадан аттап кетпейді. Жиында жаңа тө­лем жүйесінен бөлек, компания­ның қызмет барысы, автобус парк­терінің шы­ғыстары мен табыстары, сонымен қатар қоғамдық көлік са­ласын­дағы мәселелер мен олар­ды шешу жолдары да талқыға түс­кенін айта кеткен жөн. Кон­фе­рен­ция кезін­де жолаушының бет-жүзін тану арқылы жолақы төлеу жүйесі ту­ралы «IPay» ЖШС құрыл­тайшысы толығырақ айтып өтті.

– Биометрияның көмегімен бет-әлпеттің суреті арқылы төлем жасауды енгізбекпіз. Telegram-да арнайы бот құрдық. Онда сіз өзіңіздің ЖСН-іңізді, суретіңізді, автобус картаңызды тіркеу арқы­лы жүйеге кіре аласыз. Мұнан соң мәліметтеріңізді пайдалануға рұқсат бересіз. Сосын телефо­ныңызды немесе төлем карта­ңызды өзіңізбен бірге алып жүру арқылы автобуста билет сатып ала аласыз, – дейді ол.

Бір сөзбен айтқанда элек­тронды төлем жүйесінің түр-түрі іске қосылды. Қалай төлем жа­сай­мын десеңіз де ыңғайлы. Кез кел­ген төлем жүйесі қоғамдық көлік жолаушылары үшін қызмет етуге дайын. Тіпті алдағы уақытта төлем картасының өзі де қолда­ныстан шығып қалуы бек мүмкін. Авто­бустарда орнатылған каме­раларға қарап төлем жасау сәтті жобаға айналса бұл күн де алыс емес.

Алайда аталмыш төлем жү­йесін қолданудың тиімділігі кү­мән туғызып отыр. Биометрия көме­гімен бет-әлпет арқылы жолақыны төлеу автобустардағы қарбалас сәт­те қиындыққа әке­леді. Лық то­лы қоғамдық көлікте төлем жасал­ғанына толық көз жеткізу керек. Ұлыбританияда ФэйсПэй жүйесі метрода енгі­зілгенімен, жұмыс істеп тұрған жоқ. Алайда қазақ­стандық өнер­тапқыштар ағыл­шындарды басып озарына сенімді.


Жаңа жүйенің қауіпсіздік шаралары жөнінде де елордалық тұрғындар арасында сауалдар туын­даған. Олардың басым көп­шілігі кей жағдайларда ақылды құ­рылғылар бет-әлпетімізді та­нымай қалып жүрмей ме деп алаң­даушылық білдіріп отыр. Бұл сұ­раққа да «IPay» ЖШС құрыл­тай­шысы Алмас Айменов жауап берді.

– Біз қауіпсіздік шегінің кри­терийлерін көтердік. Жүйеміз 95 пайызға дейін адамды дәл та­ниды. Егер жүйенің тану деңгейі 80 пайыздан төмен болса, онда жолаушыға камераға тағы бір мәрте қарау туралы өтініш жаса­лады. Бастапқыдан-ақ жүйе жолақысын төлемеген адам­дарды ұстау үшін емес, жолау­шылардың қолдануына ыңғайлы болуы үшін жасалған. Шынымен де осы жү­йе­ні пайдаланғысы келген жолаушы камераға тура қарап, билет ала алады, – дейді А.Ермекұлы.

Компания құрылтай­шысы­ның сөзінше, төлемнің мұндай жүйесін қолдану кезінде жолау­шының суреті жүргізуші алдын­дағы мо­нитордан көрініп тұрады. Сол арқылы төлем жүйесін жаса­ған адамның нақты кім екенін анық білуге болады екен.

Қазіргі кезде жолақысын тө­леу­дің жаңа тәсілі бойынша елор­дада екі автобус техникалық тестілеуден өтіп жатыр. Дегенмен әзірге биометриалық төлем жа­сау­дың нақты іске қосылатын күні белгісіз. Бұл туралы «Астана LRT» ЖШС басқарушы дирек­торы Дәурен Нұрғалиевтен сұрап білдік. Оның айтуынша, бұл ерекше жүйе тұтынушылар үшін барынша қа­уіп­сіз әрі тиімді бола түседі екен. Де­генмен өзге элек­тронды жүйе­лер де жұмысын тоқтатпайды. Яғни әр жолаушы өзіне ыңғайлы тө­лем жүйесімен төлем жасай алады.

– Жаңа төлем жүйесін алды­мен елордадағы автобустарға енгі­зетін боламыз. Бұл жұмыс сәтті жүзеге асырылса, кейін өзге аймақтарда да қолданысқа енгі­зіледі. Жаңа төлем жүйесі іске қосылған соң басқа да төлем жүйелері жойыл­майды. Бұрынғы төлем жүйелері де жұмыс істей береді. Бұл тек қосымша төлем жүйесінің бір бөлігі болады. Карточкаңызбен, SMS арқылы да, қолма-қол төлем арқылы да төлем жасай бересіз, – дейді «Астана LRT» ЖШС басқарушы директоры.

Қалай дегенде де, жаңа жоба бас қаламыздағы қоғамдық кө­лікпен қатынаушылардың санын одан сайын арттыра түседі деп күтілуде. Қазірдің өзінде де қала­ның тең жартысы қоғамдық кө­лікпен жүретіні белгілі. Сондық­тан бұл – бастама тұрғындар үшін қуанышты жаңалықтардың бірі. Осының бәрі оң өзгерістердің басы деп топшыладық. Ендігі кезекте бұл жұмыстарды тиімді жүзеге асыру, халық күткендей көңілге қонымды әрі оңтайлы жүйе орнату жұмысы ғана қалды. Қалған іске уақыт төреші.