Биылғы жыл адамзат тарихындағы айшықты оқиғамен ерекшеленді: 12 қазанда 34 жасар кениялық желаяқ Элиуд Кипчоге бұған дейін спортшыларға да, ғалымдарға да мүмкін еместей көрінген ғажайып жасады: ол марафондық қашықтықты, яғни 42,195 шақырымды әлем тарихында тұңғыш рет екі сағаттан кем уақытта – 1:59:40 секундта еңсерді. Бұл қаншалықты жылдам дерсіз? Қарапайым тілмен айтқанда, ол бір шақырымды орта есеппен 2 минут 50 секундта жүгіріп өткен.
Осы оқиға ғалымдар арасында адам әлеуетінің орасан зор екеніне қатысты пікірталастың қайтадан белең алуына әкелді.
Айта кету керек, алғашқы марафоншы біздің дәуірімізге дейінгі 490 жылдың 12 қыркүйегінде Марафон қаласының түбіндегі парсылармен шайқаста гректердің жеңіске жеткенін хабарлаған жаушы Фидиппид болғаны мәлім. Ол кезде көп ат тек біздің көшпелі бабаларымызда ғана бар, сондықтан Фидиппид грек армиясының ең үздік желаяғы ретінде бір жарым күн ішінде 238 шақырымды жүгіріп өтіп, Спартаға көмек сұрауға барады. Бірақ олардан не көмек, не қайыр болмайтынын біліп, орала сала, сұрапыл шайқасқа қатысады. Саны бойынша он есе артық қарсыласпен арадағы 6 сағаттық қанды қырғын аяқталысымен, гректер алдағы тағдырын үреймен күтіп отырған әйелдері мен балаларына бірнеше хабаршыны аттандырады. Ол кезде кез келген халықта жеңіс туралы хабар әкелушіні жұрт қаһармандай құрмет-қошеметке, сый-сияпатқа бөлейтін болған. Қайсар Фидиппид жараланғанына және әлсірегеніне қарамастан, бірінші болып жетуге барын салады және 40 шақырымда басқа жүгірушілерді шаң қаптырып кетеді. Алайда оның тағдыры қайғылы болғаны тарихтан белгілі: «Қуаныңдар афиналықтар! Біз жеңдік!» деп айқайлап үлгерген марафоншы зорығу мен қан жоғалту салдарынан жан тәсілім еткен.
«Адамзаттың 240 шақырымдай жүгіруге, шын мәнінде, шамасы жете ме, әлде бұл гректердің қаптаған аңыздарының бірі ме?» деп халықаралық қоғамдастық ұзақ уақыт шүбәланған. Ақыры Фидиппид туралы аңыздың қаншалықты шындыққа жанасатынын тексеруге тәуекел етіп, 1982 жылы Джон Фоден бастаған британдық Әскери-әуе күштерінің бес офицері Грекияға ресми экспедициямен жол тартады. Ол бесеудің үшеуі аталған дистанцияны абыроймен өткен: осы қашықтыққа Джон Фоден 37 сағат 37 минут, Джон Шолтенс 34 сағат 30 минут, ал Джон Маккарти 39 сағат жоғалтты.
Қазіргі кезде осынша қашықтыққа арналған сайыс түрі бар, ол Spartathlon деп аталады. 1983 жылдан бері Спартатлон халықаралық марафоны жыл сайын қыркүйек айының соңында 246 шақырым қашықтықта ұйымдастырылып тұрады. Ондағы ең үздік көрсеткіш тегі грек болып табылатын австралиялық ультрамарафоншы Янис Куросқа тиесілі: ол 1984 жылы осы қашықтықты 20 сағат 25 минутта артта қалдырды. Бұл рекорд күні бүгінге дейін жаңартылмаған: 2019 жылғы 27 қыркүйекте өткен жарыс қатысушылары одан төмен нәтиже көрсетті. Курос өзі қатысқан төрт Спартатлонның барлығында жеңіс тұғырынан табылды.
Әйелдер арасындағы рекордты 2015 жылы америкалық Кэтлин Надь орнатты және ол 25 сағат 7 минутқа тең.
Қалай болғанда да, осы нәтижелер адамзаттың әлеуеті жылдар өткен сайын жетіліп, зор мүмкіндіктері жарқырай ашылып келе жатқанын аңғартады.
Марафонның классикалық қашықтығына қайта оралсақ, 1896 жылғы 10 сәуірдегі жазғы Олимпиадада француз филологы Мишель Бреалдың ұсынысымен алғаш рет ерлер арасында 40 шақырымға жүгіру ұйымдастырылады. Бес елден келген 17 спортшы Марафон қаласынан шығып, Афинаға жеткен. Енді қараңыз: марафондық жүгірістегі тұңғыш олимпиада чемпионы атанған грек Спиридон Луис қырық шақырымдай жолды 2 сағат 59 минуттай уақытта еңсеріпті.
Одан бері адам денесінің қабілет-қасиеттері барған сайын жетіле түсті. Ақыры 1960 жылғы жазғы Олимпиадада жалаңаяқ жүйткіген эфиопиялық кәсіби марафоншы Абебе Бикила жаңа нәтиже көрсетіп, осы қашықтықты еңсеру уақытын 2 сағат 15 минутқа дейін азайтты.
Содан кейін Халықаралық әуесқой жеңіл атлетикалық федерация (IAAF) марафон жетістігін 2 сағаттан кеміту «супермақсат» болатынын жариялады. «Қырық шақырымды екі сағаттан аз уақытта өту адам ағзасы үшін мүмкін бе?» деп күмәнданды ғалымдар мен спортшылар. Бірақ алға міндет-мұрат қойылған екен, оны орындау да мұрат. Содан өздеріне демеушілік жасайтын спорттық брендтердің итермелеуімен, қазіргі заманымыздың ең үздік жүгірушілері бұл межені бағындыруға күш сала бастады. Әйтпесе, пенде атаулының басым көпшілігіне осынша қашықтықты еш жарыспай, жаяу жүріп өтудің өзі адам төзбес сынақ екені құпия емес.
Енді міне, бұл биікті алғаш рет бағындырған бірегей «суперадам» да табылып отыр. 2016 жылғы марафоннан Олимпиада чемпионы Элиуд Кипчогенің (Eliud Kipchoge) ерен жетістігін Popular Science ғылыми басылымы «тек жеңіл атлетикадағы белес қана емес, сонымен қатар адам денесінің мүмкіндіктерінің біз білетін шектері мен көкжиегін ары қарай ысырып, кеңейткен бейресми рекорд» деп бағалады.
Неге бейресми? Осы тарихи оқиға тіркелген Венадағы марафон Халықаралық жеңіл атлетикалық федерациялар қауымдастығы (IAAF) бағдарламасына кірмеген болатын. Оны британдық миллиардер Джим Рэтклиффтің Ineos мұнайхимиялық концерні ұйымдастырды және қаржыландырды. Рекорд тіркелу үшін барынша қолайлы жағдайлар түзілді: марафон ресми бекітілген дәстүрлі трассада емес, кілт бұрылыстары жоқ, ең сапалы жабындыға ие, мұқият әзірленген жолда өткізілді. Оны дайындауға 3,5 ай кеткен. Трасса компьютерлік бағдарламалар көмегімен жобаланды және сынақтан өткізілді.
Алайда мұның бәрі адамзаттың жаңа жетістігінің мәнін төмендетпейді. Мысалы, бұған басқа қырынан қарауға да болады. Шетелде аса танымал Purdy Points қарқындылықты есептеу кестесіне сәйкес, 1:59:59 нәтижесі тіркелгеннің өзінде, бұл жүгіріс қарқыны 5 шақырымдық дистанциядағы 12:20 секундқа, 10 шақырымдық жарыста – 25:49 секундқа, ал жартылай марафонда – 57:12 секундқа теңелер еді. Ал шынында, бұл жарыстардағы қазіргі әлемдік рекорд тиісінше, 12:37, 26:17 және 58:23 минутқа ғана тең. Демек, Элиуд Кипчоге барлық марафондағы жылдамдықтан асып кеткен және ол бірнеше спорт түрінде төзімділік пен ұшқырлық рекордын белгіледі. Яғни, адамзат үшін жаңа меже айқындалды.
Осының алдында екі сағаттық межеге «қара құрлықтың» тағы бір өкілі – кениялық Деннис Киметто таяп келді: ол 2014 жылғы Берлин марафонында 2:02:57 сағатта мәреге жетті. Ізінше 2018 жылғы Берлин марафонында Э.Кипчоге жаңа әлемдік рекорд жасап, 2:01:39 уақыт көрсеткішіне қол жеткізді. Осыдан кейін дамыған елдер демеушілері оның көпшілікте жоқ қасиетін танып, бар шығынын мойнына алып, жаңа биікке баптауға кіріскен. Кениялық спортшы сенімді ақтады.
Осылайша, британдық инвестор мен америкалық атақты бренд бәйгеде тезек теріп қалған өзге бәсекелестеріне бармақ шайнатты. Өйткені дүниежүзінде осы «екі сағаттық кедергіні» жоюға бағытталған үш бірдей ірі жоба қолға алынған болатын.
Нақтылай кетсек, алдында немістің Adidas концерні Sub2 жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ақпараты құпия, тек қорытындысы кезекті марафонда паш етілетіні айтылды. Ол жетістік Adidas-тың жаңа инновациялық спорттық аяқкиімін жарнамалауға тиіс еді. Әлемдік концерн Киметто, Кипсанг, Макау, Гебреселассие секілді әлемдік рекордшыларды қаржыландырды.
Бұдан бөлек, 2014 жылдың соңында Ұлыбританиядағы Брайтон университетінің спорт және дене шынықтыру ғылымының профессоры Яннис Питсиладис екі сағаттық тосқауылды жеңуге бағытталған бес жылдық жобаға кірісті. Жоба эфиопиялық әлемдік рекордшы Кененис Бекелемен байланысты екені жария болды. Ғалым бұл мәселені шешуге ғылыми тұрғыдан келді: мәселен, марафонды теңіз деңгейінен төмен орналасқан жерлерде ұйымдастыруды ұсынады, себебі онда ауа құрамында оттегі жоғары.
Nike компаниясы Breaking2 жобасына қаржы құйды. Элиуд Кипчоге дәл осы америкалық трансұлттық компаниямен контракт бекіткен. Nike ғылыми әзірлемелерге негізделген, карбондық-фибралық ұлтарағы бар кроссовкаларға екпін түсірді. Ол марафон нәтижесіне ықпал ететін бұдан өзге де факторларды – ауа райын, тамақтануды, арнайы таңдалған трассаны назарға алды. Кениялық спортшының жеңісі енді америкалық компанияның осы аяқкиімінің сатылымына да рекорд сыйлайтын болса керек.
Адам мүмкіндіктерінің шегін еңсеру туралы сөз болғанда, допингке қатысты мәселе бой көтереді. Венадағы марафонда жеңіске жеткендердің допингке тексерілгені мәлімделмеді. Әйткенмен, Олимпиада аясындағы жарыстарға қатысып жүрген үш марафоншының ешқайсысы әзірге мұндай жанжалға басы шатылмаған.
Мамандарды қызықтырып отырған жайт, дәл осындай жетістік ресми түрде, яғни Олимпиада жарыстарында тіркеле ме? Ондай оқиғаның қашан болатыны белгісіз. Арнайы трассаға қатысты түйткіл жоқ: ол сертификатталғаннан кейін марафоншылар үшін ресми қабылдануы мүмкін. Ал рекордшыға әдейі жасалған өзге жағдайларды Олимпиадада қайталау қиын. Мәселен, Кипчоге марафон бойы пейсмейкерлерін ауыстырумен болды: спортшылар жаргонында «қоян» деп аталатын бұл көмекші рөлдегі спортшылар «рекорд аулаушының» алдында, жолдың екі жиегінде жүгіріп отырады. Сөйтіп, бір жағынан, жеңіске құштар чемпионды ілгері ұмтылдырады, екінші жағынан, «жұлдыз» спортшыны бүйірден соғар желден қорғап, ық болады. IAAF сайыстарының қолданыстағы ережелері мұндайды қарастырмайды.
Түйін: