Атаулы әлеуметтік көмек көпке қолдау болды. Елдегі қағазбастылыққа қарамастан, жұрт барынша құжат жинады. Анықтама алуға қиналып жүр ме десек, жалған құжат жасап алдап жүргендер де бар екен.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі елордада өткен брифингте 2019 жылғы АӘК-тің жай-жапсарын айтты. Министрдің айтуынша, 2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 29 698 теңге көлемінде белгіленген. Жан басына шаққандағы орташа кіріс 20 789 теңгеден төмен отбасылардың АӘК алуға құқығы бар. АӘК жан басына шаққандағы кіріс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде тағайындалады.
«2019 жылдың тоғыз айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері бір адамға 2,5 есеге өсті. Яғни, 6 848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін жетті. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге төленеді. Айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206,2 млрд теңге көзделген, оның 146,4 млр-ды игерілді», – деді Біржан Нұрымбетов.
Министр АӘК төлеу, жұмыспен қамту шаралары көптеген отбасыға қиындықты еңсеруге көмектескенін жеткізді. Алайда АӘК-ті заңсыз түрде алу үшін азаматтардың табысы мен бизнесін жасырғаны туралы факт тіркелгенін мәлімдеді.
«Қазақстанның барлық өңірлерінде жауапты және еңбекқор азаматтар АӘК пен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында біршама мысал бар. Алайда кейбір азаматтар мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті асыра пайдаланып жатыр. Өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заңсыз тағайындалған. Біз төлемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық. Бизнеспен айналысу фактілерін жасыру жағдайы да кездеседі. Мысалы, Алматы облысында көпбалалы отбасы биыл 11 маусымынан бастап АӘК алды. Бірақ тексеру барысында аталған отбасының 852 бас мал тіркелген шаруашылығы бар екені анықталды», – деді министр.
Заң бұзу оңай ма?
Министр айтқандай, табысын жасырып, әлеуметтік көмек алғандар әр өңірде бар. Бірі – тұрмысы төмен екенін дәлелдей алмай жүрсе, екіншісі – барын жасырып әлек. Себебі бәріне ақша керек. Десе де, алдап алған ақшаның сол күйінде жоқ болатынын ескерсе дейсің.
Мәселен, Павлодар облысында табысын жасыру арқылы АӘК тағайындауға заңсыз қол жеткізген 444 отбасына төлем тоқтатылды. Облыстық Әлеуметтік көмек және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Майгүл Рахымжанова бірқатар деректі алға тартты. Май ауданы Қаратерек ауылындағы жанұя биыл сәуір айында АӘК тағайындауға өтініш берген. Отбасында 6 адам бар. Оларға 105 843 теңге көлемінде АӘК тағайындалады. Қосымша тексеру кезінде басқарма отбасының нақты табысын жасырғанын анықтайды. Қайта есептеу нәтижесінде, отбасына АӘК төленбейтін болады.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар дерегі бойынша, БҚО-да 1 094 отбасы АӘК алу үшін табысын жасыруға тырысқан. Сәйкесінше, 2 516 отбасының атаулы әлеуметтік көмек алу заңдылығы тексерілген. Нәтижесінде, 586 отбасына төлем уақытша тоқтатылып, 508 отбасы төлем алу құқынан айырылған.
Кейбір азаматтар мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті асыра пайдаланып жатыр. Өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заңсыз тағайындалған. Біз төлемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық.
Ақмола облысында табысын жасыруына байланысты, 135 отбасына АӘК төлеу тоқтатылды. 32 млн теңге мемлекетке қайтарылады. Қазіргі есеп бойынша, 63 отбасы бюджетке 8,6 млн теңге қайтарды. 1 040 отбасының табысын қайта есептеу жүріп жатыр. Ақмола облысында жыл басынан бері АӘК тағайындауға 9 мыңнан астам өтініш қабылданған. Әлеуметтік көмекті 8,5 мың отбасы алса, оның ішінде 3 067 көпбалалы отбасы бар.
Министрлік мәліметінше, Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмек 14,5 млрд теңге көлемінде 35 497 отбасына төленген. АӘК тағайындау кезінде 9 632 отбасы нақты табысын көрсетпеген. Енді олар бюджетке 133,5 млн теңге қайтаруы тиіс.
Жоғарыдағы фактілерге қатысты министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, тексеру жүргізіп жатыр. Мәселенің түйіні «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңның шеңберінде шешіледі.
Тосқауыл
Елімізде 1,8 млн қазақстандықтың атаулы әлеуметтік көмекке қолы жеткен. Бұл – 2019 жылы 15 тамыздағы дерек. Жәрдемақы алушылардың дені Түркістан облысында тіркелген (498,7 мың адам). Одан кейін Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында – 216,3 мың адам АЕК алады.
Атаулы әлеуметтік көмекке бюджеттен 206,2 млрд бөлініп отыр. Аз ақша емес. Қыруар қаржы сарапқа салынатын кезде комиссия жұмысына күмәнмен қарайсың. Берерін беріп алып, артынан қайта тексеру жүргізеді. Қайта тексерудің өзі – жұмыс. Осындайда «жеті рет өлшеп, бір рет кеспей ме?» дейсің. АӘК тағайындау комиссиясына жан-жақты тексеру жұмысын жүргізуге не кедергі? Әлде «бір шоқып, артынан қайта оқығанды» ұната ма? Бұған өзінің жағдайы төмен екенін дәлелдей алмай жүргендерді қосыңыз.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі орын алуы мүмкін олқылыққа жол бермеу үшін атаулы әлеуметтік көмек алудың кейбір рәсімдері мен шарттары өзгеретінін атап өтті.
«Біз тоқсан сайын АӘК тағайындау мен төлемдерді қайтарамыз. Учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейтеміз. Әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасы қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда учаскелік комиссиялар АӘК тағайындаудан бас тарта алады», – деді министр.
АӘК көрсетудің жаңа механизмдерінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кепілді әлеуметтік пакет ұсынылып, онда табысы аз отбасылардың балаларын қолдауға ерекше назар аударылады.
Министрдің сөзінше, 2020 жылға ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңге мөлшерінде белгіленді. АӘК мөлшері, бұрынғыдай, отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% арасындағы айырманы құрайды.
АӘК алу тәртібі бұрынғыдай болса, жақсы. Бәрінің бастауы – маңызды. Тағайындауға дейінгі тексеруге күш салу қажет. Керек кезінде «көз жұмып», жөн емес жерінде «көз қысып» жүрмесе игі.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ