Коллекторлар «бандит» пе?
Коллекторлар «бандит» пе?
293
оқылды

Коллекторлық агенттіктердің жұмысын реттеу туралы жиында Ұлттық банкке азаматтар кез келген кезде қолдана алатын call-орталықтың жұмысын жүйелеуді ұсынды.

Бас прокурордың аға көмекшісі Қайрат Раисов коллекторлық агенттік қызметкерлері арасында бұрын бандит болған адамдар да бар екенін айтты. Ал «коллекторлардың аудиожазбаларын тыңдасаңыз, құлағыңыз балағат сөзден тынады», — деді Қайрат Раисов.

— Соңғы үш жылда коллекторларға қатысты 15-ке жуық қылмыстық іс қозғалды. Адамдар, көбінесе, олардың дөрекі іс-әрекетіне шағымданады. Кейде өздері туралы мәліметті үшінші тараптарға береді және тағы сондай фактілер де бар. Телефондарына қалдырған аудиожазбаларды тыңдатып көрсетеді, сұмдық, балағат сөзден құлақ тұнады, — деді Қайрат Раисов.

Алдағы уақытта Бас прокуратура қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғауға қашан да дайын екенін айтты.

Ұлттық банкке коллекторлық агенттік қызметкерлерінің қызметін бақылау үшін ұялы нөмірлер туралы ақпаратқа қол жеткізуді ұсынды.

— Бұл — жауапсыздармен күресудің бірегей тәсілі. Яғни, олар қоңырау шалғанда, кім хабарласып тұрғанын адам білмейді. Борышкерге телефон соғатын коллекторлардың нөмірі тіркеуге алынуы тиіс. Яғни, бақылау басынан бастап аяғына дейін болуы тиіс. Коллекторларға қойылатын талаптарға келсек. Басшылыққа қойылатын талаптар бар. Бірақ қатардағы қызметкерлерге қойылатын талап қандай, оны көріп отырғаным жоқ. Біріншіден, егер адамдармен жұмыс істейді екен. Өз жұмысын, қалауын түсінікті тілмен жеткізетін болсын, заңды бұзып, жеке басқа тиіспесін. Ең бастысы, ол адамның сотталмағандығы талап етілуі керек. Мүмкін, бұл сөзім үшін кешірім сұраймын, ол кісі өлтірген немесе зорлық-зомбылық жасаған біреу шығар, — деді Қайрат Раисов.