Grand Slam: балуандар татамиге жатырқай қарады
Grand Slam: балуандар татамиге жатырқай қарады
292
оқылды

Жанкүйердің ұйықтап жатқан көңілін Grand slam оятты. Футбол мен MMA кездесулері күнара өтіп жатқанымен, бұл жарыстың жөні бөлек. Өйткені Будапештте өткен бәсекеде балуандардың жүрек дүрсілін естідік. Толқығанын сездік. Әрекеттері татамиге алғаш шыққандай әсер қалдырды. Әрине, дзюдошылар араға 9 ай салып, әлемдік турнирге қатысты.  Содан да болар, көңіл көншітерлік нәтиже көрсеткен жоқ.

23-25 қазан аралығында Ха­лықаралық дзюдо федера­ция­сының шешімімен Венгрия ас­танасында рейтингілік Grand Slam бәсекесі өтті. Әлемнің 76 елінен 538 балуан қатысты. Спортшының санына қарап Әлем чемпионаты өтті ме дерсіз. Дзюдо федера­ция­сының мемлекеттік жаттық­ты­­рушысы  Жандос Абумуталифұлы мұны «спортшылардың жарысты сағынып, бір сілкініп алғысы кел­генімен» бай­ланыстырды. Олим­пиадаға ұпай беретін турнирге ел атынан 10 балуан қатысты.

Онлайн жаттығу нәтиже бермеді

Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов жарыс бас­таларына 18 күн қалғанда ұлттық феде­рацияға хабар жеткенін айтты. Ха­лықара­лық дзюдо комитеті әлемдік дода өтерін аяқасты хабар­лаған. Бұған ПТР-тест тапсыру әуресі мен виза мәселесін қо­сыңыз. Сөйтіп, ел құрамасы Венгрияға баратынын жарысқа санаулы күн қалғанда білген. Сонымен, Будапештегі сында 60 келі салмақта Қырғызбаевтың жұбаныш бел­­десуіне жеткені жұба­ныш болды. Өйткені ұлттық құраманың ең жоғары нәтижесі – осы.  Ғұсман Қырғызбаев қолаға қол созар белдесуде моңғол балуа­нынан ұтылып, 7-орынға жайғасты. Ал 66 келідегі Ерлан Серікжанов денсаулығына байланысты жарыс жолына шықпады. Осы салмақтағы тағы бір балуанымыз Елдос Жұ­мақанов алғашқы белдесуінде грузин балуаны В. Нинашвилиден жеңілді. Балуандардың додадағы бабын көр­генде еңсеміз түсіп, ендігі үміт Смағұлов пен Хамзада екенін түсіндік. 73 келідегі Жансай Смағұловтың бірінші кездесуде француз балуаны М.Дубоисты ұтқаны үміт сәулесін сыйлағандай болған. Алайда ол кейін аустриялық Л. Рейтерге есе жіберді. Ал 81 келі­дегі Дидар Хамза да Смағұловтың сценарийін қайталады. Алғашында вен­гриялық А.Унгвариді ұтқа­нымен, өзбек балуаны Ш.Бал­табевтан ескерту санымен ұтылып қалды. 90 келідегі Ислам Бозбаев болса бірінші белдесуінде қар­сыласына жол берді. Жалпы, дзюдода 100,+100 салмақ дәрежесінде бәсі жоғары екені белгілі. Мәселен, 100 келіге дейінгі салмақтағы Виктор Демья­ненко жарысты бірінші белдесуде аяқтады. Ал Айбек Серікбаев моңғол балуанын жеңгенімен, әзер­байжандық Зелим Котцоевқа есе жіберді. Аса ауыр салмақта белдескен Ерасыл Қажыбаев пен Ғалымжан Қырықбай алғашқы айланымнан «үйлеріне» қайтты. Бас бапкер Айдын Смағұлов неліктен осындай нәтиже көрсет­кенін түсіндіріп берді. Бұған ұлттық құрама мүшелерінің үйде дайындық жүргізгені әсер еткен екен. «9 айдан бері татамиге шыққан жоқпыз. Наурыздан бері спорт­шылар жаттығу жиынын да өткіз­бей, өз үйлерінде дайын­далды. Будапештке балуандарымыз үйдегі жаттығуымен аттанды десем, артық емес. Өйткені бізде оқу-жаттығу жиыны енді өтеді. Нәтижеге келер болсақ, спорт­шы­­ларға техника жетпей қалды. Күш жет­кені­мен, техникалық тұрғыда ақсап жат­тық. Байқаған шығарсыздар, әлем және олим­пиада чемпиондары да ұты­лып жатты. Құрама мүшелері өз деңгейінде күресті. Осылай қа­лыпқа келеді деп ойлаймын», – деді дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Айдын Смағұлов. балуан Еліміздегі Дзюдо феде­рация­сының мемлекеттік жат­тық­ты­рушысы  Жандос Абумута­лифұлы да бас бапкер сөзін қостады. «Балуандар үй тапсырмасын алып, өз еркімен дайындалды. Бұл қар­сыласпен бірге толыққанды жат­тығу жаса­ғандай әсер етпейді. Сол үшін карантиннен кейінгі нәтиже көңіл көншітпейді. 60 келі салмақта 2 лидеріміз бар. Бірі Елдос Сметов болса, бірі – Ғұсман Қырғызбаев. Сметовтің әлемдік рейтингтегі ұпайы түгел болғасын, сайысқа Қырғызбаев барды. Ғұс­ман осы мүмкіндікті қолынан келгенше пайда­ланды. Дегенмен Қыр­­ғызбаевтың көр­сеткішін жоғары немесе төмен деп кесіп айтпаймыз. Өйткені ол – әлем чемпио­натының үздіктерімен ширек финалға дейін жеткен палуан. Бұдан бөлек, 81 келідегі Дидар Хамза мен 66 келідегі Ерлан Серікжановтан үміт күттім. Бірақ ойла­ғандай нәтиже көр­сетпеді», – дейді Жандос Қо­ныспаев.

Ұзақ үзілістен кейінгі серпіліс

Жанкүйер де, бапкер де медаль күткен балуандардың бірі – Ғұсман Қырғызбаев. Ол ұзақ үзілістен кейін татамиге жатырқай қара­ғанын айтты. «Турнирде үш белдесу өткіздім. Аталған додаға дайындық та жақсы болатын. Тіпті, бәрі ойда­ғыдай өтті десем болады. Белдесудің ешбірі қиынға соққан жоқ. Тек ұзақ үзілістен кейін татамиге шық­қанымыздың біраз кері әсері болды деп ойлаймын. Татами мен қарсы­­ластарға кішкене жатырқай қараған сияқ­тымын. Спорттық бабым да сыр берді. Әлемдік бәсекені қоры­тындылайтын бол­сам, жүлдесіз қалғанымды ескер­мегенде барлығы жоспар бойынша өтті», – дейді дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев. Ал мемлекеттік жаттықтырушы Жан­дос Абумуталифұлы елімізде жаттығу жиын­дарына рұқсат бер­мегенімен, кейбір елде спорт ке­шенінде жаттығу жұмысы жүр­генін алға тартты. Әрі бапкер спорт­­шының бағы мен бабы қатар шабуы керек десек те, бақтан бұрын бап маңызды деп отыр. «Жүйелі дайындығы жоқ балуан­­дар бірден білінеді. Мысалы, карантин кезінде Өзбекстанның спортшылары бір базада жұмыс істеді. Мұны біз әлеуметтік желіден бақылап отырдық. Қанша карантин шарасы енгізілгенімен, олар тап­сырманы бірге орындап, жаттықты. Әр елде карантин талаптары әртүрлі болды. Бірақ кейбір мемлекеттер ауық-ауық оқу-жаттығу жиы­нын ұйымдастырып тұрды. Сол жағынан артық еңбек еткендер жеңіске жетті деп ойлай­мын. Ал біздің спорт­шылар әрқай­сысы өз үйінде дайын­далды. Себебі орта­лықта өткізетін оқу-жаттығу жиын­дарына рұқсат бермеді. Балуандар ұзақ уақыт бойы қайралмаған пышақтың күйін кешті. Пси­хологиялық тұрғыда алып қарасақ, олимпиадаға әне-міне барамын деп отыр­ған балуан тағы 1 жыл дайындалуы керек. Жүйкеге күш түседі. Моральдық-психо­логиялық жағдайды былай қойғанда, көңіл күйіне де әсер етеді», – дейді Жандос Абуму­талифұлы.

Сметов неге Будапештке  бармады?

Дзюдо додаларын үзбей көре­­тіндер Елдос Сметов есімімен жақ­сы таныс. Содан болар, Будапештке жол тартатын ұлттық құрама тізімі шыққанда жұрт Сметовті іздеді. Алайда 60 келі сал­мақтағы саңлақ Венгриядағы Grand Slam-ға қа­­тыспады. Мұның өзіндік се­бебі бар екен. «Елдостың олимпиадалық рейтингтегі ұпайы түгел. Сон­дық­тан ол алдағы уақытта таңдаулы жарыстарға ғана барады. Егер алда Азия чемпионаты өтетін болса, Сме­товті сол додаға дайындаймыз», – деді бас бапкер Айдын Смағұлов. Иә, дзюдода рейтингтің екіге бөлінетіні белгілі. Әлемдік рейтингте дзюдо­шылардың ұпайы жеке-жеке жазылады. Ал олимпиа­далық рейтинг арқылы үздік 18 спортшы анықталады. Яғни, квалифи­кация беріледі. Сондықтан ұпайы жетпей жатқан спорт­шыларға олимпиа­далық ұпай тарататын жарысты жібермеген абзал. Мәселен, ұлт­тық құрамада Дидар Хамза рейтинг бойынша 1 830 ұпаймен 29-орында тұр. Ал Дидарға үздік жиыр­малыққа кіру үшін тер төгу керек. Ол үшін халықаралық дода­лардың қайта  жандан­ғанын күтеміз. Осы тұста алда дзюдодан әлемдік бәсеке өте ме? «Алда Жапонияда Grand Slam өтеді. Халықаралық олимпиада комитеті бекітіп отыр. Содан кейін желтоқсан айында континентаралық Азия чемпионаты өтуі мүмкін. Бірақ Азия чемпионатының өту-өтпеуі екіталай. Одан кейінгі меже – олимпиада. Оған да аз уақыт қалды. Сол үшін дайындықты күшейтеміз», – дейді Қазақстан дзюдо федерациясының мем­­­лекеттік жаттықтырушысы Жандос Абуму­талифұлы.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ