«Жеңістің» жеңісі
«Жеңістің» жеңісі
351
оқылды

Маңғыстау облысында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған «Нұр капитал» бірегей жобасы қолға алынған. Бұл жобаның ерекшелігі сол, несие мөлшерлемесі 1 пайыз ғана. Бұл жоба өңірдегі кәсіпкерлердің бағын ашты деуге бо­лады. Ауыл-аймақтағы шағын және орта бизнестің да­муына мүмкіндік беретін жоба бойынша несие алғандардың бірі – Мұнайлы ауданында спорт кешенін ашып, талай жастың кеудесіне жеңістің үміт дәнін сеуіп жүрген кәсіпкер Ақмейір Мырзағалина.

Ол спорт кешенін салу идея­сын жүзеге асыруды көп жыл ар­­ман­да­ды. Бұл салада тәжі­ри­бесі аз бол­ғандықтан, несие алып іс бас­тауға тәуекел ете ал­май жүрді. Сондықтан 2015 жы­лы жиған-тергенін салып, спорт нысанының құрылысын бас­тайды. Ауылдық жердегі алғаш­қы көпфункцио­налды спорт ке­шені құрылысын бастау оңай болғанымен аяқтау қиынға соқты, себебі қомақты қаржы керек еді.

– Дәл осы сәтте Маңғыстау об­лысына арналған «Нұр ка­пи­тал» аймақтық бағдарламасы туралы естідім, үміт сәулесі пай­да болды. Осылайша, «Нұр ка­питал» бағдар­ламасы аясында Fortebank арқылы 7 жылға 8,5 па­йызбен несие алдым. Оның 7,5 па­йызы «Нұр капитал» бағдар­ла­масы бойынша жергілікті бюд­жеттен субсидияланды. Ал не­сиені бар-жоғы 1 пайызбен тө­леу мүмкіндігіне ие болдым. Ке­­пілзат жеткіліксіз болғанда «Даму» қоры кепілдік берді, – дейді Ақ­мейір Мырзағалина.

Мұнайлы ауданы Маңғыстау ауылында орналасқан үш қа­батты спорт кешенінің ғимараты дене­шынықтыру, спортпен шұ­ғылдану, сауықтыру, кең көлемді спорттық-мәдени іс-шаралар өткізуге өте ыңғайлы етіп са­лынған. Футбол алаңы, спорт­зал, гимнастика, жек­пе-жек за­лы бар, залдың барлығы да қа­жетті спорт құралдарымен жабдықталған. Жоба аясында 13 жаңа жұмыс орны ашылыпты.

– Спорт кешені биыл Бала­лар­ды қорғау күні қарсаңында ашыл­ды. Бір мезетте 500-ден ас­там адам жаттыға алады. Спорт кешені ақы­лы қызмет көр­сетеді, сонымен бір­ге тұр­мы­сы төмен отбасы­лар­дың бала­лары спорт секцияларына тегін қатыса алады. Жазғы каникул кезін­де оқушылар өте көп келді. Ал енді оқу бастал­ғаннан кейін аудан орта­лы­ғында орналасқан спорт ке­ше­ніне іргедегі ауылдар­дың ба­лалары қатыса алмай жүр. Се­бебі сабақ кестесі тығыз, оның үстіне ауыл­дан қатынау қиын тиіп жатыр. Соған қара­мастан, спортзалда­рын­да 100-ге жуық бала жаттығып жүр.

Әрине, кез келген жобаның бірден пайда әкелмейтіні белгілі. Әдетте мұндай жобалардың та­бы­сы кем дегенде бес жылдан ке­йін түсе бастайды. Оның үс­тіне, ауыл халқы үшін бағаны көтере алмай­мыз, арзандатсақ ақталмайды. Салығымыз бен жаттықтыру­шы­ларға төлеп отыр­ған айлығымыз бар. Сон­дықтан балаларды спорт кеше­ніне тартудың мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесін енгізу қажет, – дейді кәсіпкер.


Қазіргі уақытта спорт кеше­нін­де футбол, каратэ, жекпе-жек, грэп­плинг, еркін күрес, дзю­до, волейбол, тай-бокс, фит­нес, пауэр­лифтинг, кеку­шин­кай, жеңіл атлетика, ұлттық би мен заманауи би үйірмелері бар.

Спорт кешенінде өңір хал­қы­мен жақын танысу үшін ашық есік күндерін өткізу дәс­түрі қалып­тасқан. Акция кезінде аудан тұр­ғындары спорт кеш­е­ніне келіп, үйірмелер туралы жан-жақты ақпарат алады. Бап­керлермен та­нысады. Сөйтіп, бірден шарт жа­сауға келіседі. Себебі «Жеңістің» жаттықты­ру­шыларының осалы жоқ. Мәсе­лен, фитнес бапкері Шың­ғыс Қуатбаев 2016-2019 жыл­дары Қазақстанның төрт дүркін чем­пионы атанған еліміздің спорт шебері. Былтыр Оңтүстік Аф­рикада өткен Әлем чемпио­на­ты­ның қола жүлдегері атанды.

Ал дзюдо бапкері Бегалы Шо­қиев – 2011-2015 жылдары облыстың 5 дүркін жеңімпазы. 2015 жылғы халықаралық дзюдо жарысының жүлдегері, 2014 жы­лы өткен Қазақстанның «Жас барысы».

Футбол бапкері Нұрасыл Аман­­ғалиев Жоғары лиганың 2 дүр­кін чемпионы, Құлсары және Атырау қаласы Ақпарат­тық тур­нир­лерінің жеңімпазы, Құлсары супер кубогының финалисі.

Каратэ-до жаттықтырушысы Наурызбек Көптілеу – водо-рю каратэден Қазақстанның III-IV чемпионатының 3-орын иегері. Шито-рю каратэден де ел чем­пио­натында 3-орынға ие болған. Об­лыстық турнирден 1-орын жеңіп алған. Жалпыресейлік «Кубок Дружбы» каратэ жары­сының күміс жүлдегері. Міне, осындай чем­пион­дар еліміздің болашақ чем­пиондарын жат­тық­тырып жүр.

– «Жеңіс» спорт кешенінің қызметкерлеріне алғыс айта­мын. Осындай тамаша ғимаратта рес­пуб­ликаға танымал чемпион­дар шығады деп үміттенемін. Немерем би үйірмесіне қатысып жүр, өзіне қатты ұнайды, осы жерге келгенше асығады, – дей­ді ағынан жарылған Света әжей.


Айдана БЕГІМ