Іс-шараға сондай-ақ университет проректорлары, құрылымдық бөлім басшылары мен жас ғалымдар да қатысты.
Кездесу барысында ректор Такир Балықбаев университеттің академиялық, басқарушылық және стратегиялық бағыттарында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі айтып өтті. Қашықтан білім беруді қамтамасыз ету бойынша «Univer» жүйесі, Microsoft Teams, Google Meet, ZOOM стримингтік жүйесі бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, университеттің профессор-оқытушылар құрамы үшін біліктілікті арттыру курстары өткізілді. Жаңа оқытушылар қабылданғандықтан, цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша оқыту жалғасады. Оқытушылар компьютер, ноутбук және байланыс ресурстарына қолжетімділікпен қамтамасыз етілді.
Профессор-оқытушылар құрамының еңбек жағдайлары туралы айтар болсақ, 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жалақы 25%-ға өсті. Жаңа оқытушыларды қабылдауға және сағаттарды бөлуге байланысты мәселелер шешіліп, көтерілген жалақы төленетіндігі атап өтілді. Оқытушылар құрамын жасарту бойынша да жұмыстар жүргізілді.
Сессиялар бойынша ұйымдастыру мәселесі толық пысықталуда. Прокторингтік емтихандар тиімді жұмыс істейді. Жазбаша емтихандарды тапсыру үшін «Oqulyq» қашықтан оқыту жүйесі сатып алынады.
Университеттің КеАҚ-ға көшуіне және жаңа Даму стратегиясы-2025 әзірленуіне байланысты айтар болсақ, бұл бағытта құрылымдық бөлім қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Басқару бағытында екі институттағы құрылымдар көлденең-циклдік ұйымдастыруға өтеді. Бұл – педагогика және психология, жаратылыстану және география институттары. Басқару бағыты мен қаржыны басқару тұрғысынан белгілі бір дербестік болады.
Кездесу барысында университеттің инфрақұрылымы, жаңа жатақхана салу және жас ғалымдар мен докторанттарға орын бөлу, докторанттардың шетелдік басшыларына ақы төлеу, авторлардың кітаптарын шығару, ғылыми гранттар мен конкурстар, зертханалар мен аудиторияларды қажетті жабдықтармен және жаңа технологиялармен техникалық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кездесу соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар мен құрылымдық бөлімшелердің басшыларына тапсырмалар берілді.