Балконы «қисайған» үйде тұру қауіпті ме – әкімдік жауабы
Балконы «қисайған» үйде тұру қауіпті ме – әкімдік жауабы
5,180
оқылды

Нұр-Сұлтан қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов «Орбита» тұрғын үй кешенінде тұру қаншалықты қауіпсіз екенін айтып берді.

«Жалпы алғанда бұл нысанда тұруға болады. Адамдар 6 жылдан бері тұрып жатыр. Оларды эвакуациялаудың қажеті жоқ. Ондағы ең қауіпті нәрсе – үйдің қасбеті. Керамограниттен жасалған плиталар желден ұшып, құлауы мүмкін. Сондықтан, техникалық тексеру жұмыстарын тездетіп, қасбетін ауыстыруды көздеп отырмыз. Тұрғын үй барлық коммуналдық қызметтерге жалғанған, жылу, жарық, кәріз, су – барлығы жұмыс істеп тұр»,– деді Д.Досқұлов қалалық әкімдікте берген сұхбатында.

Сондай-ақ, «Орбита» ТК қос мұнарасынан 4 және 6 қабат бөлігін алып тастау туралы сот шешімі шыққан.

«Сот шешімін біз орындамаймыз, бұл – сот орындаушыларының міндеті. Үй ешкімнің меншігінде жоқ. Тұрғындарды заңсыз орналастырғаны үшін үй салушыларға әкімшілік шаралар қолданылған. Тіпті қылмыстық іс қозғалып, ұйым басшылары абақтыға қамалды»,– деді Дәулет Досқұлов.

Айта кетсек, «Орбита» тұрғын үй кешені пәтерлердің бірінде балкон орнынан «жылжып» кетіп, еден дірілдеген. Қалалық әкімдік проблемалы тұрғын үй туралы білетінін мәлімдеді. Қазіргі уақытта ол жақта техникалық тексеру жүргізіліп жатыр, одан кейін үйдің апаттық деңгейі анықталады. Әкімдіктің хабарлауынша, үй пайдалануға берілмесе де, үй салушылар 6 жыл бұрын тұрғындарды заңсыз орналастырған.