Сеул тоғызқұмалақпен танысты. Қазақтың ұлттық ойынына арналған 10 тақта корей ойын үйірмелеріне табысталды. Бұл туралы Aikyn.kz24.kz сайтына сілтей отырып хабарлайды.
Кореядағы Елшілігіміз бұл рәсімді Абайдың 175 жылдығына орайластырды. Өйткені тоғызқұмалақ хакімнің сүйікті ойыны болғаны белгілі. Қатысушыларға тоғызқұмалақ тақталарымен қатар Абайдың корей тіліне аударылған жинақтары ұсынылды. Бұл елде алғашқы тоғызқұмалақ үйірмесі бұдан бір жыл бұрын Сеул маңында ашылған болатын.
Чо Хён Сук, ойындарды зерттеу ұйымының басшысы: - Тоғызқұмалақ математикалық ойлаудың дамуына ықпал етеді. Өткен жылдан бастап Корея ойындарға үлкен мән беріп отыр. Әрине мобильді және компьютерлік ойындармен айналысатын балалар көбейіп келеді, бірақ осындай ойындар нәтижесін болжауға болады және адам қарсыластың эмоциясын көрмейді. Үстел ойындарында жаңа жағдай қалыптасады, басқа ойыншының реакциясын бақылау керек. Сондықтан үстел ойындары балалардың қоғамға бейімделуіне және ақыл-ойын дамытуға көмектеседі.