Дәстүрі қалыптасқан ғылым флагманы
Дәстүрі қалыптасқан ғылым флагманы
503
оқылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетіне – 70 жыл.

Киелі шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – талай саңлақтарды түлеткен, көшбасшы һәм жетекші білім және ғылым ордасы.

Университеттің әрбір аудиториясы, баспалдағы мен дәлізі, ауласы мен фойесі емтихан алдындағы мазасыздық пен уайымды, үлбір үмітті, қуаныштың көз жасын, сыңғырлаған күлкі мен шат-шадыман студенттік өмірдің қуанышын өзінде бұғып жатқандай. Тақтаға түскен бор мен қағазға түскен сия әлдеқашан өшіп кеткенімен, зерде мен жүректерге ұялап қалған. Осылардан түзілген «білім рухы» сонау бір бұлдыр жылдардан осы күнге дейін университет аудиторияларында сіңіп қалғандай.

Университет ерекше, еңселі, көлемді, бай құрылымды. Оқу ордасында 16 факультет, 67 кафедра, 30-дан астам ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары, технопарк қызмет атқаратындығы оның әлеуетінің қаншалықты екенін көрсетіп тұрғандай. Сондай құрылымның біріне ғана тоқталатын болсақ, мысалы ҚазҰУ кампусындағы «Керемет» студенттерге қызмет көрсету отралығы «бір терезе» қағидаты бойынша студенттер мен оқытушыларға – білім беру, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-тәрбиелік, ойын-сауық рекреативтік мақсаттағы, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету, денсаулық диагностикасы сияқты 500-ден астам қызмет түрлерін ұсынады. Міне, осы мысалдың өзі-ақ форсаждық жылдамдықпен дамудағы теңдесі жоқ оқу ордамыздың өзгелерден оқ бойы озық екенін көрсетеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ посткеңестік кеңістікте Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін ғана алға жіберіп QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінде әлемнің үздік жоғары оқу орындарының ішінде беделді 207 орыннан көрініп отыр. Бұл ректорымыз профессор, академик Ғ.М. Мұтановтың даналығы, білікті қызметкерлер мен ұстаздар қауымының саралығы, ыждағатты да алғыр шәкірттеріміздің даралығы, балаларының жолына қараған ата-ана сенімі мен үмітінің нар алыбы, қала берді еліміздің айта қалар жаңалығы емес пе!

Университет құрылымдары оқу орнының тіреуі, сүйеуі – ҚазҰУ шаңырағының зерлі-бедерлі уықтары іспетті. Міне, сондай берік тіреу уықтың бірі сөз жоқ білім теңізінде қалыптасқан білім мен ғылымның жоғары мектебі – Философия және саясаттану факультеті. Биыл осынау ілім нәрін жинап, ғылымды ұйытып отырған факультеттің құрылғанына 70 жыл толып отыр. Университетіміздің мерейлі 85 жылдығымен қатар келіп отырған факультеттің 70 жылдығы қараша айының 23-ші жұлдызы кең көлемде аталып өтпек. Еліміздегі философиялық пәндер бойынша білім беретін басты орталықтың бірі және бірегейі болып саналатын факультеттің тарихы тамырлы, жетістіктері жемісті. Факультет білім мен мәдениеттің, философияның, мәдениеттану, дінтану, әлеуметтану, психология, педагогика, саясаттану ғылымдары дамуының базасы болып қана қоймай, университеттегі барлық мамандықтардың методологиялық бағыттаушысы ролін атқаруда. Сонымен қатар ол Орта Азия аймағындағы философиялық білім берудің жетекші орталығы болып табылады. Қазақ топырағына әл-Фараби бабамыздың оралуында, университетіміздің әл-Фараби атымен аталуында да А.Х.Қасымжанов сынды біртуар тұлғалары арқылы факультет үлесі зор.

Философия және саясаттану факультетінің тарихы 1946 жылы ғалым, дипломат сол кездегі ректор Т.Т.Тәжібаевтың ұйытқы болуымен филология факультетінде логика және психология бөлімі құрылуымен басталады. Одан әрі 1949 жылы философия және экономика факультетінің ашылып, 1951 жылы тоқсаныншы жылдарға дейін «ФЭФ» атты әдемі аббревиатурамен белгілі болған философия-экономика факультетіне біріктірілуімен жалғасады. Осылайша факультет деканы бастапқыда Н.П. Дардыкин, ал кейін біріктірілген тұста Ф.А. Жеребятьев болады. Факультет құрылуының бастауында тұрған алғашқы декан Федор Алексеевич терең білімімен ғана емес қазақ халқының болмысы мен бітімін, дәстүрлерін білетіндігімен көпшілік зердесінен орын алған. Федор ағай қазақша еркін сөйлеп қана қоймай, тіпті ғылыми әдебиеттерді де қазақ тіліне аударуға көп еңбек еткен. Философиялық мамандықтар тек орталық оқу орындарында Мәскеу, Ленинград және Киев қалаларында ғана оқылатын болып шешілген соң 1954 жылдан факультет қызметі тек экономикалық білім беру бағытында жүреді. 1963 жылы ФЭФ базасында Алматы халық шаруашылығы институты (нархоз) құрылады. Ал 1968 жылы философия қайта орнықтырылып ресми түрде Философия және экономика факультеті ашылады. Содан бері ФЭФ егемендікке дейін жемісті жұмысын жалғастырып, тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы: философия және саясаттану, сондай-ақ экономика және әлеуметтану аталып екі дербес факультетке бөлінеді. 1997 жылы әлеуметтану бөлімі философия және саясаттану факультеті құрамына енеді. Осылайша, пішіні өзгергенімен, мәні өзгермеген факультетіміз бүгінде кісі ғұмырлы 70 жылды еңсеріп отыр. Факультеттің алғашқы түлектері еліне ерен еңбегі сіңген ұл-қыздар: Ж.М. Әбділдин, А.Х. Қасымжанов, Я.А. Әубәкіров, К.А. Сағадиев, М.С. Әженов, М.Т. Темірбеков, Г.А. Югай, З.А. Мұқашев, М.С. Бурабаев, Г.Б. Хан, А.И. Икенов, В.Г. Яковлев, А.А. Аимбетов, О.А. Сегізбаев, В.Г.Брянов, А.Д. Әжібаева, И.С. Хорошилова, А.Ж. Кельбуганов және басқа да ғалымдар. Бұл кісілер салған сүрлеуді күре жолға айналдырған кейінгі толқын өз алдына тағылымды ғалымдар мектебін қалыптастырды. Олардың біразы ендіге арамызда болмаса да күре жолдағы айшықты іздері кейінгілерге бағыт сілтейді. Олардың есімдерін атап кетер болсақ: аға буын Н.Ә. Аитов, М.С. Орынбеков, Б.Қ. Құдайбергенов, Т.Т. Мұстафин, Е.Т. Суфиев, Ж.Т. Төленов, Н.С. Сәрсенбаев, А.Х. Тұрғымбаев, Ю.Е. Лифанов, Г.Г. Ақмамбетов, Ш.Қ. Қоқымбаев, Ә. І. Сембаев, Қ.Б. Бержанов, Х.Қ. Арғынов, Қ.Б. Жарықбаев,  Г.К. Ахметова, З.А. Исаева, Л.Ә. Байделдинов, Қ.Х. Рахматуллин, М.М. Сужиков, Ж.Ж. Молдабеков, Ә.Н. Нысанбаев, М.Ш. Хасановтар; кейінгі буын Б.М. Хамзин, Б.Ғ. Нұржанов, С.М. Жақыпов, А.Р. Масалимова, Г.Ж. Нұрышева, А.Г. Қарабаева, Г.З. Абдрасилова, Ж.А. Алтаев, К.Ү. Биекенов, Т.Х. Тұрсынов, Н.Ж. Бәйтенова, М.С.Садырова, Д.Д. Дуйсенбеков, А.И. Лұқпанов, Н.А. Асқаров, Л.А. Асқаров, П.М. Сүлейменов, Ж.А. Әмірқұлова, Ә.Х. Рамазанова, С.Қ. Бердібаева, Э.К. Қалымбетова, З.Н. Садвакасова, Қ.М. Борбасова, Д.Қ. Мамытханов секілді зерделі зерттеушілер. Факультет түлектері бүгінгі таңда еліміздің және шетелдің жоғары оқу орындарында философия кафедраларын басқаруда. Еліміздің Ұлттық ғылым академиясының Философия және саясаттану институтының каркасын құрап отырғандар да солар. Негізі еліміздің сан саласынан түлектерімізді көреміз. 70 жылдардан бастап факультетімізде білім алған мыңдаған шетелдік студенттер де факультетіміздің түлектері болып қала бермек. Өткен кезеңге көз жүгірткен кезде философия мен экономиканы бірлестікте қарағанымыз дұрыс болмақ. Ал бұл жағдайда түлектеріміздің таралу ареалы мен қызмет ету аясы тіпті ұлғаяды. ФЭФ әрдайым таңдаулы да беделді факультет ретінде белгілі болған. Оның түлектері бүгінде Қазақстан қоғамының дамуына сүбелі үлес қосқан саяси элита, руханият жаршылары, журналист-жазушылар, билік пен басқарудың, өндіріс пен бизнестің ірі өкілдері. Қызметі мен лауазымын айтпасақ та Марат Оспанов, Марат Тәжин, Бақытжан Сағынтаев, Рахман Алшанов, Әли Әбішев, Рашид Сәрсенов, Нұржан Субханбердин, Гүлжан Қарағұсова, Дидар Амантай, Серік Мырзалы, Ерлан Арын сынды факультет түлектерінің кім екенін бүгінде халық жазбай таниды. Алдағы уақытта да Философия және саясаттану факультеті айтулы тұлғаларды қалыптастыратынына еш күмән жоқ. Факультетті әр кезеңде мына декандар басқарды:

1949-1954 жылдары ғалым Ф.А. Жеребятьев;

1954-1968 жылдары факультет экономика бағытында қызмет етті:

1954-1959 жылдары ғалым Ф.А. Жеребятьев;

1959-1962 жылдары ғалым Т.Ш. Шәукенбаев;

1962-1963 жылдары ғалым Ф.А. Жеребятьев;

1963-1968 жылдары «Нархоз» кезеңі;

1968-1976 жылдары ғалым О.А. Сегізбаев;

1976-1978 жылдары ғалым А.Х. Қасымжанов;

1978-1983 жылдары ғалым Н.С. Сәрсенбаев;

1983-1985 жылдары ғалым М.С. Әженов;

1985-1987 жылдары ғалым Р.А. Алшанов;

1987-1991 жылдары ғалым С.Х. Елбісінов;

1992-1994 жылдары ғалым А.Х. Қасымжанов;

1994-1996 жылдары ғалым А.Қ. Қасабеков;

1997-1999 жылдары еалым Н.А. Логинова.

Ал миллениумнан бастап факультетті мына декандар басқарды:

2000-2001 жылдары саяси ғылым докторы, профессор К.Н.Бұрханов;

2001-2007 жылдары философия ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі Ғ. Есім;

2007-2010 жылдары социология ғылымының докторы, профессор З.К. Шаукенова; 

2010-2011 жылдары философия ғылымының докторы, профессор А.Т. Құлсариева басқарса;

2011 жылдың сәуір айынан осы уақытқа дейін философия ғылымының докторы, профессор Ә.Р. Масалимова басқарып келеді.

Әлия Рымғазықызы көпшілікке халқымыздың дәстүрлі мәдениетінің мәселелерін, маргиналдық мәселелерін зерттеп жүрген ғалым ретінде белгілі. Ә.Р. Масалимованың 100-ден аса ғылыми мақалалары, көптеген оқу құралдары мен оқулықтары және басқа да еңбектері (монография, типтік бағдарлама, сөздіктер т.б.) жарық көрген.

Факультет білікті мамандардан құралған алты кафедрадан тұрады:

Философия кафедрасы. Меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор Нұрышева Гүлжиһан Жұмабайқызы;

Дінтану және мәдениеттану кафедрасы. Меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор  Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы;

Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасы. Меңгерушісі, саясаттану ғылымының докторы, профессор Насимова Гүлнар Өрленбайқызы;

Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасы. Меңгерушісі, социология ғылымының докторы, профессор Әбдірайымова Гүлмира Серікқызы;

Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы. Меңгерушісі, психология ғылымының докторы, профессор Мадалиева Забира Бекешқызы;

Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы. Меңгерушісі, педагогика ғылымының кандидаты, доцент, профессор м.а. Алғожаева Нұрсұлу Сейткерімқызы. Басқарушылық және ұйымдастырушылық қабілеттері, білігі жоғары бұл кафедра меңгерушілерінің қай қайсысының да білім беру мен ғылымға қосқан үлестері өлшеусіз.

Философия әркезде де ғылым мен білімнің мәйегі, ғылыми білімнің генераторы, ғылымдардың ғылымы саналатын болғандықтан әлбетте, Философия кафедрасына тоқталмай кетуге әсте болмас. 2013 жылдың қыркүйгінен бастап кафедраны философия ғылымының докторы, профессор Гүлжиһан Жұмабайқызы Нұрышева басқарып келеді. Жүрегі қазақ деп соққан Ораз Аманғалиұлы Сегізбаевтың мектебінен өткен Гүлжиһан Жұмабайқызы өзі қанаттанып ұшқан кафедрасына мол тәжірибе жинап, іскерлік пен әдіске төселіп, әбден шыңдалып келді. Тәжірибелі ғалымның басшылыққа келуі кафедраның жаңа тынысын ашып, жаңа кезеңін бастады. Ол тұста бүкіл қоғам, оның ішінде оқу процесі де үлкен өзгерістер құшағында-тын. Білім беру бағдарламалары мен стандарттары, типтік бағдарламалар қайта жасақталып, өзгеріп жатты. Елбасының 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам Ұлт Жоспарын орындайтын, Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру бойынша нақтылы міндеттерді атқаруға кірісетін, «Жаңа гуманитарлық білім Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыратын кезең еді. Г.Ж. Нұрышева осы талаптардың бәрінен шыға білді, білімгерлердің Батыс философиясын қиналмай жеңіл игеруіне мүмкіндік берді: Локк, Монтескье, Спиноза, Витгенштейн, Хайдеггер, Сартр, Деррида және басқа да әлемге танылған жауһар ой иелерін қазақша сөйлетті. Есесіне қазақы оралымды ойларды ағылшын тілі арқылы жер-жаһанға таратты. Өзекті мәселені қамтыған 100-ден астам ғылыми еңбегі, монографиялары бар, оқулықтары елдің түкпір-түкпіріне кеңінен таралған Г.Ж. Нұрышева кафедраны әлі де биік белестерге жетелері анық.

Философия және саясаттану факультеті қоғамдық өмірдің барлық салалары үшін 10 мамандық бойынша жоғарғы кәсіби деңгейдегі мамандарды дайындайды. Мұнда тұрақты түрде жүзеге асырылатын халықаралық жобалар мен шетелдік серіктес университеттерде білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Қос дипломды білім беру бағдарламасы қолданылады. Жоспарлы түрде үш тұғырлы тіл саясаты іске асуда. Студенттер ағылшын тілінде де білім алып жүр. Ұстаздар қауымының жүйелі түрде ағылшын тілін меңгеруі де ескерілген. Факультетте 150-ден астам оқытушы-профессорлар құрамы қызмет атқарады. Олардың 80-нен астамы ғылым докторлары мен кандидаттары, PhD докторлары. Студенттер ақылды, зерек, алғыр, талантты, белсендi және креативтi. Факультеттегі, кампустағы студенттік өмір қызықты іс-шараларға толы, мәнді де мағыналы. Факультетте ғылыми-инновациялық орталықтар, жас ғалымдар мектебі, студенттердің ғылыми қауымдастығы және басқа да көптеген құрылымдар қызметі қалыптасқан. Алдағы жылы келе жатқан әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы факультет үшін айрықша мәртебе. Бұл ретте университетпен бірлестікте алсақ факультет тарапынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындаған міндеттердің нақтылы іске асып жатқанының бір мысалы ретінде философия ғылымының докторы, профессор Жақыпбек Алтаевтың редакциясымен ұлы бабамыздың 1150 жылдығына арналған «Фарабитану» оқу құралының жарыққа шыққандығын атап кетсек болады. Әлбетте, бұдан да бөлек тындырымды шаралар атқарылып жатыр. Айталық, 1150 жылдыққа әзірлік барысында арнайы Қазақстандық делегация құрамында ректорымыз Ғалымқайыр Мұтанұлы да болып, Шам шаһарында жатқан ұлы бабаларымыз әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарсқа зиярат жасады. Ондағы «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» ғимараты уақыт пен уақытты, кеңістік пен кеңістікті жалғап жатқан алтын көпір іспетті. 2020 жылы 1150 жылдығы аталып өтпек ұлы бабамыз атындағы 85 жылдық тарихы бар университет пен 70 жылдық тарихы бар факультет тыныс-тіршілігі бүгінде осындай. «КазГУград» атты қайырымды қалашығы бар оқу ордамыз бен ізгі мамандар тәрбиелейтін факультетімізге игілік пен береке, толайым табыстар, еліміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы істе ірі жетістіктер болсын.

   

DSC_0024.JPG


Қошқарбаев Ерболат Еркінұлы,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің
Философия кафедрасының аға оқытушысы