Тірек ауылдан «тірек» бар ма?
Тірек ауылдан «тірек» бар ма?
720
оқылды

Қазақстанда ауыл мәселесі күн тәрті­бінен түспей тұр. Өйткені қазір елімізде «тірек ауылдары» деген ұғым пайда болды. Яғни, тірек ауылдарға мемлекет көңіл бөлініп жатқанмен, кейбір болашағы жоқ деп табылған елді мекеннің тұрғындары өзінің малы, жері мен жағдайы бар бол­ған­дықтан, басқа жерге көшуге құлшыныс танытпай отыр.

Елімізде жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруды, тірек ауылдық елді мекендерін кешенді дамыту арқылы жүзеге асыру қолға алынды. Ал тіректі елді мекен алдағы уақытта жаңғыртылған әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымы бар, сонымен қатар алдыңғы қатардағы өндірістердің және тек ауыл тұрғындары ғана емес, жұмысқа орналасуды қажет ететін азаматтарды да еңбекке тартатын орталық болады.

Негізінде, Қазақстанда 6 454 ауылдың 3 477 мың­ға жуығының ғана даму әлеуеті бар екен. Оның ішінде 1 150-і тірек ауыл болса, қалған 2 327-сі серіктес ауылдар немесе шекаралас елді ме­кен­дер болып есептеледі.

Бұл жоба қолға алынғанда өндіріс ошақтары ашылып, кәсіп­керлік салада да тұрғындар жұмыспен қамтылады делінді. Сонымен бірге шағын елді ме­кен­дердегі ауыл тұрғындары алыс­қа бармай-ақ тірек ауыл­дан қажетін табатыны да сөз болды. Иә, әр өңір өз аймағын­дағы ауылдардың есеп-қисабын қарай отырып, тірек ауылдарын бекітті. Мысалы, Атырау облы­сын­да Ақкөл, Сағыз, Есбол, Х.Ерғалиев және Жанбай ауыл­да­ры тірек ауылдық елді мекен­дер ретінде анықталып, облыс әкімдігінің қаулысымен бекі­тіл­се, Қызылорда облысы Арал ауданында – Сексеуіл кен­ті, Қа­­­залы ауданында – Жаң­қожа батыр ауылы, Қар­мақ­­шы ауда­нын­да – Төретам кен­ті, Жала­ғаш ауданында – Мә­дениет ауы­­лы, Сырдария ауда­нында – Ақжарма ауылы, Шиелі ауда­нын­да – Еңбекші ауы­лы, Жа­ңа­қорған ауданында – Тү­гіс­кен ауылы және Қызы­лор­да қала­сын­да – Тасбөгет кенті тірек ауыл деп таңылды.

Ал Солтүстік Қазақстан облы­­сына тірек ауылдарды ны­ғайту мақсатында ішкі көші-қон жұмыстары да атқарылып жатыр. Мұнда басты назарға болашағынан үміт күттіретін елді мекендер ілікті. Жол, мек­теп, өзге де әлеуметтік нысан­дар сол ауылдарда салынады, қал­пы­на келтіріледі. Жас мамандар тартылып, жұмыссыздық азаймақ. Әсіресе, халқы тығыз орналасқан өңірлерден жұмыс күші тапшы облыстарға қоныс ау­дарған жанұялар мен көп­балалы отбасыларға басымдық беріліп отыр. Сырттан көшіп келгендерді баспанамен қамту мәселесі бірінші кезекте тұр. Осы күні Қызылжар ауданында тірек ауылдар анықталып, 9 елді мекенде барлығы 39 үй тұрғы­зы­лып жатыр.

Чапаев ауылына көшіп кел­ген­дердің қоныс тойына қатыс­қан Солтүстік Қазақстан облы­сы­­ның әкімі Құмар Ақсақалов: «Ауылдағы мектептерді сақтап қалу міндеті тұр. Биыл Чапаев орта мектебінде қазақ сынып­тары ашылды. Соған байла­ныс­ты педагог тапшылығы бар. Әзірше 10 жұмыс орны бос тұр. Өңірімізде 640 елді мекен бар болса, жартысының болашағы бұлыңғыр деп танылған. Онда­ғы тұрғындарды гүлденіп жат­қан ауылдарға көшіру жағы қарастырылуда» дейді. Әрине, бұл проблемалар алдағы уақыт­та өз шешімін таппақ.

Ендігі уақытта тірек ауыл­дар­­ды дамыту «Ауыл – ел бе­сі­гі» жобасы аясында жүзеге аса­­­ды. Бұл туралы Үкіметте өт­­­­кен баспасөз конференция­сын­­да Ұлттық экономика ми­нистрінің орынбасары Ер­мек Алпысов айтқан болатын. Ол ел­ді мекендерді дамыту бағыт­та­ры туралы сөз қозғап, «Ауыл – ел бесігі» жобасы 2025 жылға дейін жалғасатынын жеткізді.

Статистика бойынша Қа­зақ­станда халық саны 18 мил­лион 400 мың адамға жуық. Соның ішінде қала тұрғын­дары­ның саны 10 миллион 700 мың болса, ауылды жерлер­де 7 миллион 700 мың адам тұ­­ра­­ды. Яғни, ауыл халқының үле­сі қазіргі таңда елімізде 42 пайыз­ды құрап отыр. «Ауылдық аймақтарды, өңірлерді дамыту бағ­дарламасы бірнеше бағыт­тардан тұрады. Бірінші бағыты функционалды қалаларды жаң­ғырту. Оған Алматы, Шым­кент, Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қалаларының маңайындағы еліміздегі ең үл­кен 4 агломера­ция кіреді. Сонымен қатар 13 об­лыс орталығы мен Семей қаласы. Екінші бағыт – моно және шағын қалалалар. Үшінші бағыт – ауыл­дық елді мекен­дерді дамыту, соның ішінде тірек ауылдардың инфра­құр­лымын, тұрғындардың өмір-салтын жақсарту. Мұн­дағы ең басты мақ­сатымыз – ауылдық елді мекендерді дамыту. Елба­сының тапсырмасымен іске қосылған «Ауыл – ел бесігі» жобасы 2025 жылға дейін жалғасады деп отырмыз» деді Е.Алпысов.

«Ауыл – ел бесігі» ауылдар­ды дамыту, инфрақұрлымын жақсарту жобасына 2019-2021 жылдары жыл сайын 30 мил­лиард теңге бөлінбек. Жалпы, биылғы жобаға қаты­сатын 53 елді мекен ірі ауыл болып саналады. Онда 700 мыңдай адам тұрады. Ұлт­тық экономика министрлігінің мәліметінше, жергілікті бюд­жеттен мол қаражат бөліп жатқан Атырау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе облыстары екен­дігі айтылады. Алдағы уа­қыт­та 4 600 жұмыс орны ашы­лып, 73 мектеп пен бала­бақша, 14 емхана, 47 спорттық-мәдени нысандар жөнделетін болады. 13 спорттық объектілердің құ­ры­­­лысы басталып кеткен. Ауыл­­ды елді мекен­дер­дің ішін­дегі 516 шақырым жол жөн­делмек. Сондай-ақ су, газ, жылу тарту қарасты­рылған.

Тірек ауылдарға көңіл бө­лі­ніп жатқанмен, кейбір бо­ла­шағы жоқ деп табылған ел­ді ме­кеннің тұрғындары өзі­нің малы, жері мен жағдайы бар бол­ғандықтан, көшуге құлшы­ныс танытпай отыруы да мә­се­ле болып тұр. Дегенмен тірек ауыл­дардың жалпы елді мекен­дер­ге «тірек» болатын күні жа­қын. Өйткені жоба жал­ғасын тауып, қомақты қар­жы бөліну­де.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ