Ауызсу ауылға жетті ме?
Ауызсу ауылға жетті ме?
280
оқылды

Бүкіл жер шарын алаңдатқан су мәселесі біздің елімізде де өзекті. Әсіресе, халықты сапалы ауызсумен қамту – мемлекеттің негізгі мәселесі. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықты сумен қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Таза ауызсу әрбір үйде, әрбір отбасында болуы міндет» деген сөзі дәлел.

Ел тұрғындарын таза әрі са­палы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жыл­дарға арналған «Ауыз су» бағ­дар­ламасы қабылданып, рес­пуб­ликадағы бірқатар елді ме­кенге ауызсу жеткізілген. Мә­селен, былтырдың өзінде ауыл хал­қының 41 пайызы ор­талықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Ал Премьер-министр Асқар Мамин биыл «2023 жылдың соңына дейін сумен жабдықтауды 100 пайыз қамтамасыз ету» жөніндегі жол картасын қабылдаған.

Мұнда қазақстандықтардың таза ауызсумен қамтамасыз етуі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақбұлақ» сапа­лық бағдарламасы аталған. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде елді мекендерді орталықтандырылған ауызсу­мен қамтамасыз ету, су есеп­те­гіш құралдарды қалалық және ауылдық жерлерде орнату, жерасты суларын зерттеу жұ­мыстарын жүргізу шаралары қарастырылған. Бүгінде соның арқасында ұзақ жылдар бойы таза судан тапшылық көрген халық әсіресе, ауыл тұрғындары сапалы суға қол жеткізді. Кей­­бір елді мекендерде әлі де жал­ғасуда. Статистикалық мә­лі­метке сүйенсек, осы бағ­дар­­ла­маның арқасында 6-7 жыл­дың ішінде ауылдық жер­лер­де орталықтандырылған ауызсу­мен жабдықтауға деген қол­же­тім­ділік артқан. Ал 2020 жылға қарай ауылдық жер­лердегі тұрғындардың 98 пайызы сапалы және сани­тар­лық нормалары талапқа сай ке­летін таза ауызсуға қол жет­кізеді.

Өңірде су қоймаларын салу және суармалы суды тиімді пайдалану бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылмақшы. Олардың қатарында иррига­циялық және дренаждық желі­лерді жетілдіру жөніндегі жоба­ларды іске асыру арқылы суармалы суды 30 пайызға дейін үнемдеу жобасы бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының хабарлауынша, жер бетінде 2 млрд адам ауызсу тапшылығын тартып отыр. Одан бөлек, 4,5 млрд адам санитарлық нормаға сай емес аймақта өмір сүруге мәжбүр. Тіпті, «2050 жылы жер бетіндегі әрбір төртінші адам су тапшылығын сезініп өмір сүреді» деген де болжам бар. Соған қарап-ақ келешекте Жер шарындағы адамдардың 40 пайызы су тапшылығынан зардап шегуі мүмкін.

Осының алдын алу бары­­сында «Нұрлы жол» бағдар­ламасы 2015 жылы қабыл­данған. Міне, содан бері ес­кір­ген ауызсу жүйесімен жаң­ғырту жұмыстары жүйелі жүруде. 2011-2017 жылдар ара­лы­ғында бюджеттен 40 млрд теңгеден астам қаржы тар­тылған. Нәтижесінде 2,5 мың шақырымға жуық ауылдың ішіне және сервистік жүйелер жаңартылды. Оған қоса, 8,5 мың­­нан астам су өлшегіш құ­ралдары орнатылды. Облыстағы 265 ауылдық елді мекеннің 199-ына орталықтандырылған ауызсу жүйесі қосылды.

Соның аясында Қызыл­ордада өткен жылы 1,6 млрд теңгенің 13 жобасы жүзеге асы­рылып, енді 10 шақырым ауызсу құбыры қайта жаңғыртудан өтпек. Қызылордаға қарасты елді мекендерге ауызсу жүйе­лерін жүргізуге 1,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ 2 су жинау қоймасы, 4 көтерме насос стансасы, 4 су жинау ұң­ғымасы жаңаланған. Ал 2,2 млрд теңгеге жылу желілеріне қарасты 1 насостық станса мен 7 шақырым жылу жүйесі жаңар­тылған.

«Жиделі» топтық су құ­бырына қосылған Жайылма, Сүттіқұдық, Төменарық, Еңбек, Екпінді және Сунақ ата елді мекендері ауызсумен қамтылғанмен, ішкі таратушы жүйелерінің тозығы жеткен. Оны жаңартып, кеңейту жұ­мыстары 2019-2020 жылдары атқарылады деп жоспарлануда. Қалған 28 елді мекен оқшау су көздерімен отыр. Оларға жеткізетін «Талап» және «Сыр­дария» топтық су құбырына 16 елді мекен қосылды. Қалған 12 елді мекен жыл соңына дейін қосылады. Оған 3,5 млрд теңгедей қаржы керек. Ал бөлініп отырған 1 млрд «Талап» су құбырынан төрт елді мекен су ішеді.

Бірыңғай операторды құру нәтижесінде тәулік бойы ауыз­суға қол жеткізген ауылдық елді мекендер саны да көбейді. Облыс дамуының кешенді жоспарына сәйкес, 2022 жылға дейін бекітілген жоспарда әлеуметтік маңызы бар, жалпы құны 29 млрд теңгені құрайтын сумен қамту жұмыстарына қа­тысты 14 жоба бар. Бұл жо­ба­лар іске асса, сапалы сумен қам­тылған халық саны тағы да өседі. Соңғы жылдары Сыр өңі­рінде халықты таза, сапалы ауыз­сумен қамтамасыз ету мә­се­лесі бойынша ауқымды жұ­мыстар жүргізілуде. Өткен жыл­ғы жобаларды қосқанда биыл сумен қамту және суды бұру­дың 34 жобасы мен 3 жоба­лық-сметалық мәселе бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл 18 жоба аяқталды. Осы кезеңде төрт нысанның құры­лысы тамамдалды.


Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы