Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Egemen Qazaqstan республикалық газеті АҚ басқарма төрағасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Дархан Қыдырәлі азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Қабылдауға келген ардагер журналист Ораз Жүніс пен Түгел Мәденов терминдер мен атау сөздерге қатысты мәселені көтерді. Олар қолданыстағы «қаптама», «зерттеме», «орама» секілді термин сөздер қазақ тілінің заңдылығына қайшы келеді деп есептейді. Әңгіме арасында ардагер журналистер өз ұсыныстарын да қоса жеткізді.
Өз кезегінде Дархан Қыдырәлі азаматтардың тілегі Республикалық терминологиялық комиссияға тапсырылатынын, Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросы бақылауда ұстайтынын айтты.
Қабылдауға келген тағы бір азамат Қадылбек Жағыпаров Дархан Қуандықұлына өлеңін оқып берді. Ол сазгерлік, ақындық қабілеті барын айтып, жыр жинағын шығарып, әндерін нотаға түсіргісі келетінін жеткізді.
– Осы кезге дейін 60-қа жуық ән жаздым. Бірақ музыкалық білім жоқ. Сол себепті оны нотаға түсіру маған қиындық туғызады. Әр әнді нотаға түсіру үшін қомақты қаржы керек екен. Оған менің жағдайым жетпейді. Сіздің тарапыңыздан қандай да бір көмек бола ма деп келіп отырмын, – деді ол. Зейнеткердің тілегі Нұр-Сұлтан қалалық филармониясына жолданатын болды.
Қытайдан оралған қандасымыз Қайрат Қасымбек Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне IT технологиялары арқылы қазақ тілін түркітілдес халықтардың ортақ тіліне айналдыру туралы ұсынысын айтуға келген екен. Ол дыбыстық аудармашы бағдарламалар арқылы адамдар бір-бірімен еркін түсінісе алатынын, сол арқылы өзге ұлттармен арадағы достық байланысты арттыруға болатынын тілге тиек етті. Өнертапқыштың ұсынысына қолдау білдірген Дархан Қыдырәлі бұл мәселе бойынша тіл комитетімен ақылдасу керегін айтты.
Nur Otan партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі сөз соңында қабылдауда айтылған ұсыныстар мен жасалған өтініштердің барлығы тиісті мекемелерге жолданатынын, берілген тапсырмалар жауапсыз қалмайтынын жеткізді.