12 қарашадан бастап Түркияда адам көп жиналатын көшелер мен қоғамдық көлік аялдамаларында темекі шегуге тыйым салынды деп хабарлайды елдің Ішкі істер министрлігінің сайты.
Темекі шегу салдарынан көптеген адам қоғамдық орындарда маскасын шешіп тастайды. Сондықтан елде темекі шегуге тыйым салынды. Түркияда шектеулерге сәйкес, тұрғын үйлерден басқа барлық қоғамдық орындарда азаматтар бетперде киюге міндетті.
"12 қарашадан бастап барлық провинцияда масканы дұрыс кию үшін көшелерде, алаңдарда және қоғамдық көлік аялдамаларында темекі шегуге тыйым салынады. Тыныс алу арқылы оңай берілетін коронавирустың таралуын болдырмау үшін қорғаныс құралдарын үнемі қолдану өте маңызды", – делінген хабарламада.
Бұған дейін Түркияның Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы елде пандемия екінші шыңға жеткенін хабарлаған еді. Қазір вирус жұқтырғандар саны 400 мыңнан асты, 11 мыңнан астамы қайтыс болды.