Қала мектептерінде 5-сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылды. Алайда кезекші сыныпқа барудың өз талабы бар. Өтініш білдірген оқушылардың бәрі бірдей мектепке бара алмайды.
– Кезекші сыныптарға балаларды қабылдау алдында ата-аналар өтініш білдіреді. Созылмалы ауруы бар балаларды қабылдауға рұқсат етілмейді. Кезекші сыныптарда білім алу қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша жүзеге асырылады. Алматы қаласы бойынша қыркүйек айынан бастап Көлсай және Сұлусай шағын аудандарында орналасқан №194 және №197 мектептерде сабақ штаттық жағдайда басталды. Енді ІІ-тоқсаннан бастап қалалық бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша төрт мектепте сабақ қалыпты жағдайда басталады. Бала саны 300-ге толмаған мектептерге рұқсат етілді, – деді Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова.
Жалпы, қала бойынша мектептерде 1597 кезекші сынып ашылған. Бұл оқу орындарында 20 мыңнан астам бала білім алып жатыр.