Көпбалалы аналарға көмек көрсетті
Көпбалалы аналарға көмек көрсетті
227
оқылды

Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев тұрғындарды арыз-шағымдары мен өтініштері бойынша қабылдады. Партия филиалына үміт арта келген тұрғындардың бірқатарының мәселесі сол жерде шешімін тапса, тағы бірнешеуіне заң аясында көмек берілетін болды.

Түркістан қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Арайлым Жайынбаева баспана тауқыметін тартып жүр. Отағасы жұмыс барысында жарақат алған. Жетім әрі көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегінде 164-ші болып тұр. Толық бітпеген шағын үйді паналап жүрген отбасыға үй қожайыны пәтерақы көтерілетінін мәлімдеген. Көмек сұрай келген өжет келіншек қыс мезгілінде далада қалып қоямыз ба деп қорқады. Мән-жайды тыңдаған Қайрат Балабиев тұрғын үй кезегіне сәйкес, желтоқсан айында баспаналы болатынын, бұл мәселені назарда ұстай­тынын мәлімдеді. Өтініш айта келген көпбалалы ана тұрып жатқан үйге арнайы барып, көмек көрсетті.

Дәл осындай тұрғын үй мәселесімен келген түркістандық көпбалалы ана Мадина Оспановаға да келесі жылы үй берілетіні хабарланды. Ол 1408-ші болып кезекте тұр. Қоғамдық қа­был­даудан кейін жалдамалы үйге ар­найы барған облыстық мәслихат хат­шысы Қ.Балабиев пен Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев көпбалалы отбасыға тиісті қолдау көрсетті.

Қоғамдық қабылдауға Ескі Иқан ауылынан келген Эльдар Курбанхадиев бір көшенің тұрғындары электр жары­ғынсыз отырғанын айтып шағымданды. Мәслихат хатшысы мәселені мәслихатта көтеретінін, тиісті қаржы бөлініп, 2020 жылдың көктемінде толық шешілетінін мәлімдеді.

Түркістандық Бақытхан Кембаев газ, кәріз жүйесі және жарық мәселесін көтерді. Оның өтініші де назарға алы­нып, нақты жұмыс атқарылатын болды. Сонымен бірге Бектас Шірікбаев та инфрақұрылым түйткілін тарқатуды сұрады. Жаңадан ашылған музыка мектебіне қоғамдық көлік жүргізу қажеттігін де жеткізді. Аталған өтініштер де партия филиалы мен мәслихат хатшысының бақылауына алынды.

Қабылдауға келген Назерке Елібаева партияның жұмысына белсенді ара­ласқысы келетінін айтты. Мұғалімнің сөзін толық тыңдаған Nur Otan пар­тиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев партияның кадрлық ре­зервке алу барысын түсіндірді.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев тұрғындармен жиі әрі тұрақты түрде кездесіп тұруға дайын екенін мәлімдеді.

– Қабылдауға келген 8 адамның арыз-шағымы мен өтінішін қарадық. Олардың талап-тілегін толық жазып алдым. Мәселе түбегейлі шешілгенше назарда ұстаймыз және қолға алған істі соңына дейін жеткізуге күш саламыз, – деді Қ.Балабиев.

Nur Otan партиясы Түркістан об­­лыстық филиалының қоғамдық қа­былдау бөлмесінде лауазымды адам­дар мен басшылар алдағы уақытта да тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп тұрады. Әрбір арыз-шағымның шешімін табуы партия филиалының бақылауына алынады.