Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысы Ақтау қаласында көшпелі отырыс өткізді. Отырыс жұмысына Мәжіліс депутаттары мен Қорғаныс министрлігі, Ұлттық Ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар бойынша комитеті, Бас әскери прокуратурасының және облыстық әкімшіліктің өкілдері қатысты.
Жиында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының арсеналдарында, базаларында және қоймаларында сақтаудағы қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету және қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру мен жайластыру бағдарламасын іске асыру мәселелері» тақырыбы талқыланды.
Отырысты ашқан Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы Мұхтар Ерман Арыстағы қайғылы оқиғаны есепке ала отырып, аталған тақырыпта іс-шараны өткізудің маңызына тоқталды.
Жиында Мәжіліс депутаттары Ирина Аронова мен Ержан Құдайберген Nur Otan партиясы Маңғыстау облыстық филиалында азаматтарды қабылдағаны айтылды. Депутаттар сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық Ұланның, ҰҚК Шекара қызметінің базалары мен қоймаларында қару-жарақ, оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету сұрақтарын зерттеген. Атап айтқанда, депутаттар Ақтау гарнизоны әскери бөлімдерінде қару-жарақтар, әскери техникалардың және мүліктердің сақталуымен, жұмылдыру қорының нысаны саналатын арнайы медициналық қамтамасыз ету базасымен танысып шыққан. Жұмыс нәтижесінде Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру мен жайластыру бағдарламасының аралық қорытындылары белгіленген-ді.
Көшпелі отырысты қорытындылай келе, мәжілісмендер көтерілген өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстар мен пікірлер тиісті заңнамаларды жетілдіруде ескерілетінін жеткізді.