Көшеге шығып, көсегең көгермес
Көшеге шығып, көсегең көгермес
298
оқылды

Демократиялық қо­ғамда сайлау жүйесі мем­­­­лекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, саяси элитаны сұрыптайды, билік қызметін азаматтардың жіті бақылауына жағдай жасайды. Бірақ кейде де­мократиялық тетіктерді дұрыс пайдаланбау елді алға жетелеудің орнына кері кетіреді. Араб көктемі, Украина мен Қырғыз Рес­публикасындағы сая­­си дағ­дарыстар осыған дә­лел.

Дүниені дүбірлеткен АҚШ-тағы пре­зидент сайлауында демократ Джо Байден сайлаушылар алқасының 306 дауысын алып, жеңіске жетті. Ал республикашылар атынан бәйгеге қосылған Дональд Трамп 232 дауыс­ты місе тұтты. Ақ үйге кімнің кіргені алпауыт АҚШ-тың алдағы 4 жыл­дағы бағыт-бағ­дарын айқын­дайды. Әсіресе, бізбен шек­тесетін Қытай, Ресей, Иранмен қарым-қатынасына әсер етеді. 2015 жылдан бері Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және АҚШ арасында «С5+1» форматы жұмыс істейді. Орталық Азиядағы бес елдің сыртқы істер министрлері мен АҚШ-тың мемлекеттік хат­шысы жиі кездеседі. «С5+1» фор­маты Барак Обаманың тұсында құрылған. Бұл саясат Трамптың кезінде де сақталды. Биыл ақпанда АҚШ мемлекеттік департаменті Вашингтонның 2025 жылға дейінгі Орталық Азияға қатысты жаңа стратегиясын ұсынды. АҚШ-тың бұл жоспары ОА-ның тәуелсіздігін нығайтуды, аймаққа терроризм қаупін азайтуды, адам құқығын жақ­сартуды көздейді. Вашинг­тонның аймақтағы бірден-бір ерек­­ше назары түскен мемлекет, ең маңыз­­ды эко­номикалық серіктесі – Қазақ­стан. Себебі бізде ірі америкалық мұнай-газ компаниясы бар. Алайда кейбір жерлерде демо­кратияның жөні осы екен деп әртүрлі ұрандарды алаулатып-жалаулатып, мыңдаған азаматты ереуілге алып шығатын әдет қалыптасқан. На­разылық акцияларының аяғы шеру­шілер мен полицейлердің қақты­ғысына ұласып, арасында адам шы­ғыны болып жатады. Мұндай ырду-дырдуға жастардың еліккіш келетіні белгілі. Нақты мысалды алыстан іздеп қажеті жоқ. Ауылы аралас, қойы қоралас қырғыз елін, кешегі советтік бұғаудан бірге құтылған Украинаны айтсақ та жеткілікті. Ондағы жаппай тәртіп­сіздіктердің неге әкеп соққанын білеміз. Халық толқыды, төңкеріс жасады, билік ауысты. Бірақ ішкі саяси ахуалы да, экономикасы да, тұрғындардың әл-ауқаты да жақсара қоймады. Қайта кері кетті. Оған бірден-бір дәлел – осы елдердің өсіп отырған сыртқы қарыздары. Украина. Бұл ел ТМД аймағында ең қуатты елдің бірі еді. Әлемнің бүкіл құнарлы топырағының оннан бір бөлігін иемденген мемлекеттің әлеуеті мол болатын. Қара металды қорытуда көшбасшы саналатын. Көптеген өндірістік кәсіпорындар, ғылыми мекемелер, дамыған білім жүйесі Украи­наның аса жоғары ғылыми-техникалық мүмкіндігін айғақтайтын. Әйтсе де, қоғам әсіре саясиланып, оның соңы эконо­миканы тұйыққа тіреді. Бірнеше президентін төң­керіс арқылы тақтан тайдырған украин жұртының шекесі қызғаны шамалы. Ке­рісінше, Ук­раина егемендік жылдары хал­қының 20 пайызынан айырылып қалды. Донбастағы азамат соғысы – өзінше бөлек қасірет. Украина экономикасының ең осал тұсы – қарызы. Биыл Украина­ның сыртқы қарызы 122 млрд долларға жетті. Оның ішінде мем­лекеттің берешегі 52,9 млрд доллар. Сөзсіз, бұл экономика үшін қауіпті жағдай. Шаруасы шатқаяқтаған мемлекеттің ең басты инвес­тор­лары – АҚШ, Еуроодақ және Ха­­лық­­аралық валюта қоры. 2014 жыл­дан бері АҚШ үкіметі жыл сайын Украинаға 306-518 миллион доллар көлемінде өтеусіз көмек көрсетті, 2020 жылы оның сомасы 2,7 мил­лиард долларға жетті. ЕО шамамен 14-15 миллиард еуро берді. 25 жыл ішінде Украина Халықаралық валю­та қорынан 31,3 миллиард доллар несие алды. Мамандардың пікірін­ше, елдің қаржылық ахуалын сипат­тайтын ең негізгі көрсеткіш – сырт­қы қарыздың жалпы ішкі өнім­дегі үлесі. ЖІӨ-дегі берешек 10-15 пайыз деңгейінде болса, бұл қалыпты сана­лады. Міне, осы көрсеткіш бойынша Украина 80 пайызбен ТМД-да бірінші орында тұр. Екінші орында Қырғыз Республикасы – 68,8 пайыз. Үшінші орында Армения – 46,6 пайыз. Төртінші орында Молдова – 42 пайыз. Қазақстан 23,3 пайызбен жетінші орынға табан тіреген. Беларусь. Ал Украинамен көр­шілес Беларусь президент сай­лауынан кейінгі қарсылық акция­ларынан кем дегенде 500 миллион доллар шығын шеккен. Бұл ақпа­ратты 19 тамызда Лукашенконың қаржы-несие жүйесі жөніндегі көмекшісі Валерий Бельский хабарлады. Ол неше жылдар бойы қалыптасқан шетелдік несиелеу тәртібі бұзыл­­ғанын, елдің инвес­тициялық тар­тымдылығы жоғалып бара жатқанын айтып, дабыл қақты. 2020 жылғы 1 сәуірдегі есепке сәй­кес, Беларусьтің сыртқы қарызы 39,5 млрд долларды құраған. Оның 16,7 млрд доллары – тікелей үкі­меттің, 19,6 млрд доллары – банктер мен корпорациялардың борышы. Бе­ларусь Орталық банкінің резерві 9 млрд доллар ғана екенін ескерсек, жағдай қиын. Экономистер мұны проблемалардың басы ғана дейді. Қазірдің өзінде беларусь рублі 3-7 пайыз арзандаған. Халық банк де­позитіндегі ақшасын шешіп алып, үйде сақтауды ұйғарған. Яғни, азаматтар үкіметке сенбейді. Саяси-экономикалық дағдарыс салдарынан IT бизнес өкілдері, оның ішінде «Яндекс» компаниясы өз кеңселерін Бела­русьтен көшірген. көше Қырғыз елі. Алатаудың арғы бе­тіндегі айыр қалпақты ағайыннан маза қашса, қазақтың да қабырғасы қайысады. Өйткені бірлігін ны­­­ғайтып, еңбекке жұмылып, дамудың даңғыл жолына түсудің орнына әлдебір күштердің айтағына еретін бауырлас халықтың қазіргі жайы күрделі. Қазан айының басында парламент сайлауының нәтижесі бұрмаланды деп шеруге шыққан қырғыз ереуілшілері кезекті прези­дентін ауыстырып тынды. Бір қа­рағанда, бұл халықтың әділет­сіздікке қарсы жеңісіндей көрінуі мүмкін. Бірақ бүгінгі Қырғыз елінде үміттен гөрі күдік басым. Сонау 2005 жылы Асқар Ақаевты биліктен қуғанда азаматтар түбегейлі өзгеріс күткен. Амал қанша, Ақаевтың орнына отырған Құрманбек Бакиевке де көптің көңілі толмады. 2010 жылы қайта көтерілген халық оны да елден аластатты. Содан кейін жаңа кон­ституция қабылданды. Президенттік мерзімге шектеу енгізілді. 2010 және 2015 жылғы парламент сай­лауында жағымды жаңалықтар байқалып, шетелдік бақылаушылар саяси нау­­қандарды оң бағалаған. Соған қара­мастан, биыл қырғыздар осы­мен үшінші рет пре­­­идентін тақтан тайдырды. Сарапшылар елдің ер­теңіне алаңдап отыр. Халық мораль­­дық-психологиялық тұрғыдан шар­шаған. Рево­люция сайын экономика зардап шегеді. Мысалы, соңғы көтеріліс кесірінен банктер жабы­лып, қызмет көрсету саласы тоқтады. Сауда орталықтары, дүкендер, өзге де бизнес нысандары тоналды. Бірнеше кен орын­дарына шабуыл жасалды, белгісіз адамдар басып алды. Тіпті, Ақ үй де өртенді. Қырғыз Республикасының сыртқы қарызы қазір 5 миллиард долларға жетті. 1 мил­­лиондай қырғыз сыртта жал­данып жұмыс істеп жүр. Биылғы төңкерістен ел экономикасы шама­мен 104 миллион доллар шығынға ұшыраған. Саяси тұрақсыздықты діни ағымдар мен қылмыстық топтар өз мүддесіне пайдаланып кете ме деген қауіп бар. Молдовада президент сайлауы­ның екінші кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде көп дауыс алған екі канди­даттың біреуі – «Әрекет және ынтымақ» (PAS) партиясының өкілі, бұрынғы премьер Майя Санду, екіншісі – қазіргі президент Игорь Додон, оны социалистер партиясы қолдайды. Алғашқы сында Санду 36,16 пайыз, Додон 32,61 пайыз жинаған. Жан саны 3,5 миллиондай Молдова Еуропадағы ең кедей мемлекеттің бірі саналады. Халық Ресейге бүйрегі бұратындар мен Еу­ро­одақпен ынтымақтасуды қалай­тындар болып қақ жарылған. Қыс­қасы, саясат қуалап, экономиканы ұмытқандар көп. 2020 жылдың екінші тоқсанында ЖІӨ былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 14 пайызға құлдыраған. Әсіресе, жыл­жымайтын мүлік нарығы мен ауыл шаруашылығы то­­қыраған, табиғи газ қымбаттаған, сырттағы гастер­байтерлерден түсетін ақша ау­­­дарымы азайған. Өнеркәсіп өндірісі де тұралаған. Сыртқы қарыз үздіксіз өсіп барады. Тіпті, са­рап­шылар пандемия салдарынан Мол­довада біраз уақыт зейнетақы мен жәр­демақы төленбеуі мүмкін деп топ­шылайды. көше Грузия Саакашвили жасаған төң­керістен соң түлегені ақиқат. Бі­рақ жаңа билік демократия талап­тарынан кері ше­гінген сыңай­лы. Сайлауға 600 бақылаушы жіберген Transparency International Georgia ұйымы 31 қазандағы дауыс беру «2016 жылғы парламент сайлауымен салыстырғанда бір қадам кері шегіну болды» деді. Ұйымның дерегіне сенсек, бір адамның кемі 10 рет дауыс бергені, дауысты сатып алу, төбелес, бақылаушылар жұмысына кедергі келтіру секілді түрлі заңсыз фактілер тіркеліпті. «Грузин арманы» билік партиясы биыл өткен сайлауда өзін парламент сайлауының жеңім­пазы деп жариялады. Елдегі ең ірі оппо­зициялық партия нәтижені мойындамай, халықты Тбилиси орталығында қарсылық акциясына жиналуға шақырды. Кезінде төң­керіс жолымен билік басына келген Михаил Саакашвили де сайлау нәтижесі бұрма­ланғанын айтып, тұрғындарды жаппай моби­лизацияға үндеді. Грузиялық оп­позиция үкіметті экономиканың еңсесін тіктемеді, әділдік орнатпады, халықаралық қатынаста әлсіздік танытты, демо­кра­тиялық стан­дарттарды ескермеді деп айып­­­тайды. Енді ақырын аяңдап өзімізге қайтайық. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары 6 рет парламент сайлауы, 5 рет президент сайлауы, 1 рет пре­зидент өкілетін ұзарту туралы рес­публикалық референдум өтті. Оп­пози­циядағы саяси күштер сайлау нәтижелері бұрмаланды деп кейде келіс­пегенімен, жалпы халық жап­пай наразылық акция­ларына шық­қан емес. Қазақстан билігі сонда да демократиялық жаңғыруға талпы­нып, биыл «Саяси партиялар тура­лы» және «Сайлау туралы» заңдарды өзгертті. Бұдан былай елімізде саяси партияны тіркеу үшін бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті. Партиялар Мәжіліс пен мәслихат депутаттарына кандидаттар тізімін жасақтағанда әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарас­тыруы қажет. Пар­ламенттік оппо­зиция институтын құру мәсе­лесі де күн тәртібіне қойылды. Қазақстанда 2021 жылдың 10 қаң­тарында Мәжіліс сайлауы бо­­ла­ды. Саяси додаға қатысатын 6 пар­тияның тізімі бекітілген. Ал­дағы саяси науқан қарсаңында «Қо­ғам­дық пікір» зерттеу институты пар­тия­лардың рейтингісіне бай­ланысты сауал­нама жүргізді. Сұхбат түріндегі сауал­намаға 1 200 адам қатысқан. «Егер сайлау келесі жек­сенбіде бол­са, қандай саяси партияға дауыс бересіз?» деген сұраққа респон­денттердің 72,1 пайызы «Nur Otan» деп жауап беріпті. «Ақ жол» партиясы – 5,1 пайыз, ҚКХП (Ха­лық партиясы) – 2,9 пайыз, «Ауыл» партиясы – 2,7 пайыз, ЖСДП – 2,3 пайыз, «Бірлік» партиясы (Адал) 1,9 пайыз «жинаған». Демек, шы­найы бәсеке нәтижесі де осы ауқымнан ауа жайылмайтыны анық.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ