Қылмыс әлімжеттіктен басталады
Қылмыс әлімжеттіктен басталады
1,156
оқылды

Мектептегі әлімжеттік оқу­шылар арасында жасалатын түрлі қылмыстардың белең алуына түрткі болатын қауіпті кеселге айналды. Жоғары сыныптағы бозбалалардың төменгі сыныптың балаларына күш көрсетіп төмпештеуі, қорқытуы мектеп мұғалімдері мен ата-аналарды әуре-сар­саңға салып отыр. Ел арасында үлкен мәселеге айналған бұл жағдайға министрлік те дабыл қағуда.

Оның үстіне қазір кез келген оқиғаның тез тарайтын уақыты. Әлеуметтік желілерге кіре қалсаң, бірін-бірі тепкілеген, ұрып-са­баған жастардың, ұл-қыздардың видеосын көресің. Ең сорақысы, адамдар төбелесті, жанжалды қызықтап, көмекке келудің ор­нына видеоға түсіріп тұрады. Бір сөзбен айтқанда, бір-бірімізге жанымыз ашымайтын болған.

Жыл басында Түркістан облы­сында мектеп оқушыларының бұзақылығы әлеуметтік желіде тарап, біраз шу тудырды. Одан кейін де оқу орындарында қан­ша­ма осындай төбелес орын алды. Әлімжеттік оқиғаларға қа­тысты бірнеше қылмыстық іс те қозғалды. Сонда да төбелестен тайынбаймыз.

Тағы бір айта кетерлігі, әлім­жеттік тек ұлдардың арасында ғана емес, қыздар арасында да болып тұрады. Қараша айының басында Талғар ауданы Гүлдала мектебінде 6-сыныпта оқитын 12 жастағы оқушы Еркеназды бір топ қыз жабылып ұрғаны жайлы ақпарат тарады. Соққыдан жағдайы на­шарлаған Еркеназ Алматы ай­мақ­тық балалар клиникалық ауру­ханасына жатқызылғанынан да хабардар болдық. БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында аурухана дирек­торының орынбасары Асқар Қалиев Еркеназдың жабық бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы, кеуде және құрсақ қуы­сының беткі қабатының жұмсақ тіндерінің соғылуы деген диагнозбен емханаға түскенін айтты. Осы оқиғаға қатысты пікір білдірген Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың «Мектептегі әлімжеттік оқиғала­рының әрқайсысын бөлек қарас­тырып, тиісті құқықтық шара қа­был­дау керек» деген сөзі еске түседі.

Вице-министр әлімжеттік мәселесі жөнінде: «Оқушылардың арасында болып жатқан келең­сіз жағдайлар бойынша тәрбие отбасынан басталады деуге бо­лады. Жалғасы, әрине, мектепте. Ата-анамен жұмыс жүргізудің де өз бағыты бар. Мәселен, Тал­ғар ауданындағы факт бойын­ша құ­қықтық шеңберде шешім қабыл­данады. Жалпы, жасап жатқан мемлекеттік бағдарламамызда тәрбие жұмысын үлкен блок қылып шығардық. Онда әлімжеттіктің алдын алу жұмыстары кең ауқымда қарастырылған» деп атап өткен болатын.

Жалпы, мектептердегі тәр­тіп­ті жиі бұзатын, мінезі қиын оқушыларды жергілікті Ішкі істер бас­қармасына есепке қо­йып отырады. Сосын олармен инс­пекторлар жеке жұмыс істейді. Бұл әлімжеттіктің аз да болса тиылуына септігін тигізері анық.

Әлімжеттік әлем елдерінде «буллинг» деген атауға ие. Буллинг (bullying) – ағылшын тілінен аударғанда мазақтау, қорқыту деген мағынаны білдіреді. Адам үйде, мектепте, автобуста немесе интернетте, кез келген жерде бул­лингке ұшырауы мүмкін. Мұндай жағдай әр адамның басында кездеседі. Әлімжеттік мәселесіне қаптаған қантөгіске толы фильм мен компьютерлік ойындардың да әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды. Өтпелі кезеңде мұндай ермек түрлеріне қызықпағанымен, бала кезінен көрген фильмдер мен ойнаған ойындардағы ақпараттар мінезге кері әсер етеді.


Әлімжеттікке ұшыраған жет­кіншектер оны ата-анасына айтуды ұят санайды. Себебі оқушылардың арасында «іштегі орын алған нәр­сені сыртқа шығаруға болмайды» деген қасаң қағида бар. Айтсаң қатардан шеттетілесің. Соның салдарынан кейбір ірілі-ұсақты оқиғалар жабулы күйінде қалады. Ал әлімжеттіктен, күнделікті бопсалаудан мезі болған бала амалсыз өзіне қол жұмсауы мүмкін. Бұл – алаңдатарлық жағдай.

Көршілес Ресейде де әлімжеттік басты проблемаға айналған. Мектептерде оқушылардың үштен бірі мазақтаудың, кемсітудің, әлімжеттіктің құрбаны болады екен. Бұдан әсіресе, ер балалар моральдық тұрғыда көбірек жапа шегеді. Осы олқылықтарды бол­дырмау үшін оқу орындарында өткізілетін тренингтердің жасөс­пірімдерге берері мол.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің қа­уым­дастырылған профессоры, психология ғылымдарының кан­­­дидаты Бақыт Дастанқызы әлім­жеттік қазіргі уақытта ең өзекті мәселелердің біріне айнал­ғанын айтады.

– Әлімжеттік «әсіресе» мек­тепте көп орын алады. Өйткені мектеп жасындағы балалардың даму кезеңінде үлкен өзгерістер болады. Соның бірі – ұл бала­лар­дың әлеуметтенуі. Ер аза­мат ретінде, жігіт ретінде қалып­тасуы. Осы кезеңде, яғни 11 мен 14 жас аралығында бала­лар­дың физикалық жағынан күш­тілері әлсіздерге әлімжеттік көрсетеді. Бұл – әлімжеттік көр­сеткен баланың өзін сол орта­да мықтылығын дәлелдей алуы. Әлсіздерге күш көрсетуі. Мұндай жағдайда басқа мектептен ауы­сып келген балаларға немесе тө­менгі сыныптың оқушыларына әлімжеттік көрсетіледі. Әлімжеттік қыз балаларға таласу кезінде де болуы мүмкін. Сондай-ақ сабақты жақсы оқитын балалар да қатардан шеттетіледі. Әлімжеттік сондай-ақ бөлектенуден де болады, – дейді психолог.

Бақыт Дастанқызы сонымен қатар әлеуметтік желілер арқы­лы да әлімжеттік көрсету, қор­қыту үлкен қарқын алып келе жат­­қанына тоқталды. «Соңғы жылдары әлеуметтік желіде тара­ған «Синий кит» жобасын да әлім­жет­тіктің қатарына жатқызуға бо­лады. Онда да жасөспірім бала­ларға тапсырма беріп, оларды қорқытып, жеткіншектерді өз-өзіне қол жұмсауға итермелегенін жақсы білесіздер. Жаңа заман­ның балалары көп далада ойна­май­тындықтан, уақытының көп бө­лігін компьютер алдында өт­кізетіндіктен адамдар желі ар­қылы да қорқыту әдістерін іске асыруда» дейді ол.

Ал Боран Нысанбаев орта мек­тебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әлия Жұмабайқызы жаңа заманның балаларында негізінен қатігездік басым екенін айтып отыр.

– Бірін-бірі аямайтын, бір-біріне жаны ашымайтын ба­ла­лар өсіп келеді. Біз солармен кү­­ресуіміз керек. Ол үшін ата-ана­­ларға талап қойып, олардың тәр­тібіне ерекше көңіл бөлу керегін ескертеміз. Мектептерде әлім­жеттік оқиға­ла­ры орын алып жатады. Ол кей жағдайларда ба­лалардың бос уақытын тиімді пайдаланбауынан да болады. Егер мектепте қосымша үйір­мелер, спорттық секциялар ашыл­­са, оқушылар да бір-бі­рін жете түсініп, бауыр басып ке­теді. Жалпы, ауылды жерлерде әлім­жеттік оқиғалары қаламен са­лыс­­тыр­ғанда аз тіркеледі. Себебі ауыл­дағы тұрғындар бір-бірімен жақсы таныс, әрі-беріден соң алыс ағайын боп шығады. Ал егер бала тәртіп бұзса, ата-ана­сын шақыртып, тиісті деңгейде ша­­ра қолданамыз. Қоғамда орын алып жатқан әлімжеттік пен құ­­қық­бұзу­шылықтың алдын алу­ үшін мектепте сынып сағаттары мен тәрбие сағаттары жиі өткізіледі, – дейді Ә.Жұмабайқызы.

Қайткен күннің өзінде де бұл мәселе жыл сайын талқыға түседі. Өйткені әлімжеттік – өзекті мә­селе. Бұл бұрын да болған, қазір де бар. Тек әлімжеттікке қарсы іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп, балалар арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуін қадағалау, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылын күшейту ғана жағ­дайдың түзелуіне, жақсаруына септігін тигізеді. Олай болса қо­­ғамда, оқу орындарында әлім­жеттікті болдырмау үшін бар­лығымыз бірлесе жұмыс істеуге тиістіміз.